24.05.2017, 11:22
Оқылды: 72

Бөрлі ауданында екі ауыл таза судың игілігіне ие болмақ

Borli auiz su   Биыл Бөрлі ауданында екі ауыл таза судың игілігіне ие болмақ. Осы кезге дейін тұрғындар ауыз суды ауласынан құдық қазып немесе Ақсай қаласынан тасып ішкен болатын.

    Енді әр үйге желі тартылмақ. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бөрлі мен Александров ауылдары тұрғындарын қуантқан оңды іс «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда.


   Ондаған жылдар бойы ауыз судың азабын тартқан тұрғындар, өзекті мәселені аудан, облыс басшылығы алдында талай рет көтерген еді. Алайда осы кезге дейін өтініштері жауапсыз қалып келді. Енді міне Бөрлі мен Александровқа арман болған таза су жетіп, әр үйге желі тарталмақшы.

     Көп жылғы өзекті мәселенің шешілуі мемлекеттің қолдауымен іске асты. Ал құрылысты қолға алған мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС жөндеу жұмыстарын мінсіз атқаруға уәде етіп отыр. Сондай-ақ су желісін жаңғыртуға жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар тартылған. Құрылыста пайдаланып жатқан құбырлар, есептеу құралдары және өзге де қосалқы бөлшектердің барлығы су жаңа әрі отандық өнім.

    «Ақсайжылуқуат» МКК-ның өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Әлібек Қаймулдиновтың айтуынша жалпы екі ауылға республикалық бюджеттен 666 207 мың теңге қаражат бөлінген. Мердігер жұмыстарын уақытылы бастап, 10 айдың көлемінде жұмысты аяқтауы тиіс екен.

   Бұдан бөлек биыл Ақсайдағы ІІІ деңгейдегі су сору бекетінің құрылысы қолға алынса, Советская және Цвиллинга көшелерінде су құбырлары жаңғырады. Ал келер жылы «Бестау» су тоғаны қайта қалпына келтіріледі. Бұл қаланы сумен қамтуда орын алатын іркілістерді жояды. Сондай-ақ Кеңтүбек пен Жаңақоныс ауылдарына ауыз су желісі тартылып, су беру қысымы төмен Қызылталға қосымша 100 текше метрлік су мұнарасы орнатылады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале