16.01.2020, 18:35
Оқылды: 102

Шыңғырлау ауданы көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылған

Шыңғырлау ауданында аудан, ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиыны Алмаз, Ақшат және Қарағаш ауылдық округі орталықтарында жалғасты.

serpin (6)

Аталған ауыл әкімдері өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді.

Алмаз ауылдық округінде өткізілген жиында округ әкімі Сағындық Қалниязов былтырғы жұмыстарға шолу жасай келе, 2020 жылға арналған негізгі міндеттер туралы баяндады. Жалпы округ бойынша 21 шаруа қожалығы, 1 ЖШС және 2 ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген. Қысқы мал азығын дайындау жоғары деңгейде жүргізіліп, бекітілген жоспар 104 пайызға орындалыпты.

Ауылдық учаскелік инспектор Мирлан Қазекенов өткен жылы 4 қылмыстық іс тіркеліп, оның бәрі де ашылып, сотқа жолданғанын айтты. Ал заң бұзған адамдарға салынған 271 437 теңге айыппұлдың тек 50,2 пайызы ғана өндіріліпті. Сондай-ақ жиында аудандық сот төрағасы Миржан Қадырбаев сөз алып, сот саласындағы өзгерістер, пилоттық жоба, медиация жөнінде тұрғындарды хабардар етті.

Аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетов болса, өткен жылғы жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы  міндеттерді де баяндап өтті. Әкім сөзінен көңілге түйгеніміз, қазіргі күні аудан халқы 100 пайыз көгілдір отынмен, 85 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отырса, жаңа асфальт жолдар салынып, көптеген жаңа нысан ашылған.

 Жиында сөз алған ауыл тұрғындары Алмаз ауылының кіре берісіне көпір салу, жер алу, мал бағылымына қатысты сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.

Алмаз ауылдық округінен басталған есептік кездесу 1400-ге жуық тұрғыны бар Ақшат ауылында жалғасты. Округ әкімі Мәди Сатыбалдиев әр салаға кеңінен тоқталды. Округ әкімінен кейін учаскелік полиция инспекторы Райымбек Жангужиев ауылдағы қоғамдық тәртіп жәйін қозғады. Ақшат ауылдық округі бойынша өткен жылы 13 қылмыстық іс тіркеліп, оның 12-і ашылған.

 Жиында сөз алған тұрғындардың арасында М.Байқатов мектепке күрделі жөндеу жүргізуді, А.Бисманов спорт кешенін салуды сұраса, кейбір адамдар жеке бас мәселесін көтерді.

Қарағаш ауылдық округінде өткен есептік кездесуде округ әкімі Еділ Бекжанов былтырғы әлеуметтік-экономикалық жағдайды баяндап, жыл табысты аяқталғанын айтты. Ауыл шаруашылық саласында мал басы өсіп, мемлекеттік бағдарламалардың негізінде несие алушылардың қатары артқан. Сондай-ақ мұнда 150 орындық кафе ашылып, ауылға кіре беріске көрнекі маңдайша орнатылған.

 Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар түйінді мәселе де көтерілді. Аудандық мәслихат депутаты Жантілеш Мұхамбетов ауылдан шыға беріске көпір орнату қажеттігін сөз етсе, көптеген тұрғын бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ұялы байланыс орнату мәселесін тағы да қозғады. Жиында жер телімдерін тиімді пайдалану, техникалық сумен қамту сынды қордаланып қалған жайлар да ортаға салынды. Әрі барлық жерде де мал бағу, көшелерді қардан тазалау, ауылдарды көгалдандыру мәселесі көтерілді.

Аудан әкімі әр маңызды мәселені сараптай келе, аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай бәрін де шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Аман Ізмұхан

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале