Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі - жер. Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде өткен бүгінгі басқосу осы мәселеге арналды. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов төрағалық еткен бұл жиынға БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Берік Есенғалиев, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Тахир Нұрахметов және БҚО мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Серік Жарылғапов және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері қатысты.

Өткен жылы ел Президенті Қ.Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдері прокуратурамен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді мемлекеттің арнайы қорына қайтару жұмыстарын бастауға тапсырма берген еді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Мұрат Өміралиев кездесудің мақсатын айтып өтіп, талқыланып жатқан ұсыныстарға тоқталды.

- Облыс бойынша 1 млн 381 га жердің мақсатқа сай пайдаланылмай отырғаны анықталды. Жаңақалада 7 шаруа қожалығының, Оралда 9, Қаратөбеде 1 шаруа қожалығының жері кері алынды. Біздің мақсатымыз - жерді кері қайтарту емес, жердің мақсатқа сай игерілуін талап ету. Заңды жетілдіруде жаңадан кәсіп бастаушыларға конкурстан тыс жер беру, болжамды инвестициялық нақты графигін талап ету ұсынылды, - деді өз сөзінде.

Жиынға қатысқан ауылдық округ әкімдері Мейрамбек Ғилманов, Медет Сисенов, Меңдібай Қитановтар, аудан тұрғындары Рухима Шаяхметова, Дәурен Насимоллин, Қайрат Насимоллиндер сұрақ қойып, мәселелерін ортаға салды. Мейрамбек Ғилманов Ауыл ішінде мыңдаған мал ұстап отырған азаматтардың мәселесін көтерсе, Меңдібай Қитанов жерді 49 жылға емес 5 жылға беріп, мақсатты пайдаланса, келісімшартты ұзарту керек деген ұсынысын айтты.

Полигон жерлерін пайдалану, жерді заңсыз иемдену мәселелері де қаралды.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов:
- Жер мәселесі - күрмеуі қиын мәселенің бірі. Қазір қожалық ашуға ниеттілер көп, ұсынатын жер аз. Жер дауы қантөгіске дейін апаратын дау екені белгілі. Мәселе қордаланып, ушықпасын десек заңды тұрғыдан әрекет етуге түсіндіруіміз керек, - деп жиынды қорытындылады.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz