«Қала күні – 2024» мерекесіне арналған шара «Туған қалам - Орал» атты галаконцертке ұласты.
Алаңға халық көп жиналып, әсем ән шырқалды. Тұрғындарды алдымен облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтады.
- Орал қаласының туған күні құтты болсын! Орал шаһары – тамыры сонау сегізінші ғасырдан басталатын «Жібек жолында» бой көтерген көне қала. Әр көшесі тарихқа толы «ашық аспан астындағы мұражай» деуге болады.
Әсем қаламыздың туған күнін биыл 60-шы рет тойлап отырмыз.
Мемлекет басшысы өткен жылдары шаһарымызға іс-сапармен келгенде Оралдың экономикалық әлеуетін атап өтті.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, қаламыздың инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
Биыл тозығы жеткен кәріз желілері, жылу электр орталығы, электр жүйелері және тағы басқа әлеуметтік маңызы зор нысандар жаңартылды.
Осы жылы су тасқыны салдарынан зардап шеккен саяжай тұрғындарына Орал қаласының Зашаған, Деркөл кенттері және Жұлдыз шағынауданында 375 жеке тұрғын үй салынып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындарына 2140 пәтер сатып алынды.
Орал – Құрманғазы, Дәулеткерей, Мұхит, Дина сынды қайталанбас дарын иелерінің, Хадиша Бөкеева, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды талантты әртістердің, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қадыр Мырза Әлі, Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов сынды танымал таланттардың ордасы болды.
Туған жерге, шырайлы шаһарымызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – біздің парызымыз. Орал қаласы жарқырап, жайнап, гүлдене берсін! – деген облыс әкімі қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мен абаттануына қосқан үлесі үшін және Қала күні мерекесіне орай өткізілген «Жасыл қала» байқауында жеңімпаз танылған ұйымдар мен тұрғындарды марапаттады.
«Үздік бизнес нысан» аталымы бойынша – «Балзия» ЖШС, «Үздік аула» аталымы бойынша «Громова 16» серіктестігі, «Үздік мүлік иелерінің бірлестігі» аталымы бойынша «SHANYRAK - CITY» бірлестігі, «Үздік білім беру ұйымы» аталымы бойынша «Оқушылар сарайы», «Үздік денсаулық сақтау ұйымы» аталымы бойынша №6 қалалық емхана жеңімпаз атанды.
Ал «Үздік маман» байқауында Бақтылы Алижанова «Үздік құрылысшы», Жансәуле Балуанова «Үздік мұғалім» аталымы бойынша, Мира Бердешева «Үздік медициналық қызметкер» аталымы бойынша, Армат Мадениетов «Үздік электрші», Тілек Мамбетов «Үздік жүргізуші» атанды. «Менің сүйікті – Оралым» тақырыбындағы үздік фото және үздік бейнеролик байқауында Гордей Трищенко мен Елена Фролова жеңіске жетті.
Кеште жергілікті мәдениет саласының өкілдері мен Қазақстан жұлдыздары өнер көрсетті.
Концерт «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді» әнімен түріліп, алғашқы рет тұсауы кесілді.
Сөзін киелі мекенде туып өскен таланттың бірі БҚО-ның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Ақ Жайыққа жыр арнаған Ақұштап Бақтыгереева, әнін Замир Гумаров жазған. Әнді «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова және «Айналайын» продюсерлік орталығының хоры орындады.
Италияны мойындаиқан опера әншісі Сүндет Байғожин, Марат Сарбөпеев, Ербол Ақбасов, Аслан Зинеденов, Рустем Кереев, Тарас Жауынбаев, Ержан Максим елдің ықылысына бөленді.
Кештің басты қонақтары Балжан Бидаш, Adam, Qarakesek-ті халық асыға күтіп, өнерлерін тамашалады.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz