25.03.2016, 18:00
Оқылды: 54

Мерейтой иесіне ілтипат

Oblis akimi Kirimgerei    Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовты 70 жасқа толуына орай қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуде Нұрлан Асқарұлы өнер  саласының ардагеріне денсаулық пен шығармашылық табыс тілеп, гүл шоғы мен алғысхат табыс етті.


         1946 жылы қазіргі Теректі ауданының Тәнтен ауылында дүниеге келген Қырымгерей Қажымұлы 1962 жылы Орал саз училищесіне оқуға түсіп, өңірге белгілі ұстаз Айсұлу Исмурзинаның домбыра класынан тәлім алады. 1969 жылы Құрманғазы атындағы академиялық оркестрге қабылданып, 1970 жылы Қазақ КСР-ның Мемлекеттік симфониялық оркестрінің құрамына алынған. Сол оркестрлерде контрабас тобының концертмейстері болып қызмет атқара жүріп Польша, Чехословакия, Дания, Италия, Ауғанстан сияқты шет мемлекеттерде гастрольдік сапарларда өнер көрсеткен. 1991 жылы ҚР Мәдениет министрінің бұйрығымен Қырымгерей Қажымов Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің директоры болып тағайындалған. Сол жылдары училище жанынан Мұхит класын, қазақ ұлттық аспаптар оркестірін ұйымдастырған. 2001 жылы қайта құрылған Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестірінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған. 2011 жылдан бастап осы оркестрдің дирижері қызметінде. Облысымыздың мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі бағаланып, 2006 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі, 2008 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Мерейтой иесінің шығармашылық жетістіктерімен қатар ұстаздық қызметі де бір төбе. Қазіргі уақытта көптеген шәкірттері өнер жолындағы өздерінің жетістіктерін Қырымгерей Қажымовтың ерен еңбегінің нәтижесі деп біледі.

         -Мерейтойыма орай мені ілтипатпен қабылдап, құрмет көрсеткені үшін Нұрлан Асқарұлына алғысым шексіз. Кездесуде оркестрдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары туралы емен-жарқын әңгімелестік. Өңір басшысы мерейтойыма арнайы келген менің шәкірттерім, бүгінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрдің директоры Нұрғиса Дәуешов және оркестрдің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Жүдебаев сынды өнерпаздардың талантына облыс халқының тәнті екендігін айтты. Мен өз кезегімде денсаулығым жараса өнерден әлі де болса қол үзбейтінімді жеткізіп, ризашылығымды білдірдім, - деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қырымгерей Қажымұлы.

            www.zhaikpress.kz

Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале