5.07.2016, 18:15
Оқылды: 15

Мерекеге орай қариялармен қауышқанда...

мерекеге орай

 Астана күні Ақжайық ауданында көпшілік күткеніндей, дүркіреген  шаралармен аталып өтті.


Мереке құрметіне ұйымдастырылған ерекше шараның бірі – бүгінде Оралда тұратын ақжайықтық еңбек ардагерлерінің үлкен тобының Чапаевқа сапары болды.

Қариялар алдымен Ақжайық агротехколледжіне ат басын тіреп, кадрлар ұясына заман әкелген игіліктерді көрді. Жатақхана, зал, шеберхана, зертханалары жайнап тұр. Мұражайы тұнған шежіре. Ұл-қыздың ауыл-елге аса қажетті механизатор, автомобиль жүргізуші, дәнекерлеуші, экономист-бухгалтер, аспаз, техник-механик секілді мамандық алуына жан-жақты жағдайды көріп-білген ардагерлер оқытушыларға, студенттерге игі тілектерін арнап, мұндай оқу орнына сүйсінетіндерін айтып жатты.

Осындай емен-жарқын әңгіме чапаевтық кәсіпкер Асылбек Халеловтің қой жүнін түту цехында жалғасты. Мұндай шағын өндіріс орындары әрине, қайсыбір өңір, аймаққа өте қажет. Сондықтан бұл цехтың ісіне де қариялар ризашылықтарын арнады.

Ардагерлер ақын Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, осы жердегі жасана түскен саябақты, алаңды тамашалады, тұрғындармен дидарласты. Ауылды көріктендіруге қатысты көшелер бойында орындалып жатқан қам-қарекетпен танысқан соң «Радуга» славян мәдени орталығының мүшелерімен кездесу де аса әсерлі өтті. Осындай күн құрметіне әндер әуелеткен радугалықтар кең байтақ еліміздің жетістіктеріне, сан алуан ұлттың бірлік-берекесіне мақтаныштарын айтып берді.

Осыдан соң тұрғындар, жастар, Астанада оқитын жерлес студенттердің жиналуымен М.Әуезов атындағы орта мектептің залында үлкен кездесу өтті. Оны аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтау сөзбен ашты.

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Асылжан Бижанов жастардың жат қылықтарға ұрынып қалмауы үшін рухани байлықтың маңызын ерекше атады. Н.Назарбаев университетінің студенті Мөлдір Мақымова жиналғандарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерде құттықтады.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале