7.08.2017, 16:51
Оқылды: 38

Айналайын, «Билайн», абонентіңнің біл жәйін!

Бүгінде  елімізде GSM негізінде үш негізгі ұялы байланыс қызметі  бар. Олар Kcell, Кар-тел және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС  ұялы  байланыс операторлары. Аталмыш компаниялар өз абоненттеріне  ұялы байланыспен қатар ғаламтор қызметтерін де  ұсынып  келеді. Солардың арасындағы Кар-тел компаниясы ұсынған  «Билайн» – Қазақстан бойынша ең кең таралған ұялы байланыс  желісі. 2016 жылғы  төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша  елімізде  «Билайн»  қызметін пайдаланушылар саны тоғыз  миллионнан  асқан екен.

Әйтсе де абоненттер соңғы кездері аталған оператор қызметіне жиі арызданатын болған. Редакциямызға хабарласқан жас ана Бибінұр Хамит: «Теңгерімге белгілі мөлшерде ақша салып қойсаң, желі ішінде әңгімелесу тегін, тегін хабарламалар және мегабайттарды пайдалануға болады. Алайда мегабайттарым екі аптаға жетпей таусылып қалады. Оның таусылғаны туралы еш ескерту келмейді. Әлсін-әлсін тексеріп отыру қайдан есте болсын? Сөйтіп, қарызға кіріп, минустан бір-ақ шығамын. Мегабайт таусылғанда, неге ғаламтор да өз қызметін тоқтатпайды? Міндетті түрде қарызға (минусқа) кіруім керек пе?», – дейді.

– «Жүктеген бірліктерім өзінен-өзі азаятын болып жүр. Мамандарға жолықсам, тәтпіштеп бәрін есептеп береді, сонда да тым тез таусылатыны секем тудырады», – дейді қала тұрғыны Бахтияр Ғабдулов. Аты-жөнін атамауымызды өтінген тағы бір оқырманымыз мегабайттарды күндізгі және түнгі уақытқа бөлгеніне наразы.

– «Тарифтік жоспар мегабайттарын күндізгі және түнгі етіп бөлу – халықты қанаудың жаңа түрі.

Күндізгі мегабайттар уақытына жетпей таусылып қалса, түнгісі қолданылмай ысырап болып жатады. Әрине, біздің еңбекпен тапқан ақшамыз артығымен оператордың қалтасына түсіп жатыр. Оларға қоңырау шалу қызметін де айырып тастапты, міндетті түрде орталыққа баруымыз керек. Ақшамызды да, уақытымызды да шығындап жүр», – деп қынжылады.

Сөйте тұра осындай жағдайға тап болған тұтынушылардың бірде-бірі басқа оператор қызметіне көшуге асықпайды. Өйткені біраз уақыттан бері қолданыстағы нөмірлерін өзгесіне айырбастағысы келмейді. Ал кейбіреуі «Билайнның» ауылдық жерлерде байланысты жақсы қабылдайтынын алға тартады. Қарапайым қолданушы үшін теңгерімнің қандай жүйемен жойылып жатқандығы қалтарысы көп, қатпары қалың мәселе екені бесенеден белгілі. Сондықтан қос тарапты тең сөйлету үшін облыс орталығындағы «Билайн» орталығына бет алдық.

Алдын-ала дайындаған бірнеше сұрағымызды пысықтап, орталыққа «білегіміз түрулі, кетпеніміз қайраулы» келдік. Мекеме ғимаратына ене бергенде, айнала опай-топай болмағанымен, кіреберістегі ұзын-сонар кезекті көзіміз шалды. Жұмыс күні болса да екі-ақ оператор қызмет көрсетіп, үш-төрт орынның қаңырап бос тұрғаны. Кезекті күтпестен, бірден орталық әкімгеріне жолығып, базынамызды айттық. Кеудесіндегі түбіртекте Рабия Байғабұлова деп жазылған қыз бізді мұқият тыңдап алған соң күте тұруымызды сұрап, басшысының кабинетіне еніп кетті. Кіруінен шығуы тез болған әкімші басшысының жиналыста отырғанын, жиналыстан кейін де сұхбат бермейтінін айтып, қолымызға бір жапырақ қағазды ұстатты. Онда Астанада жұмыс істейтін Алексей Михаиловичтің электронды поштасы жазылған, сол кісіге хабарласуымызды сұрады.

– Біз сізге абонент ретінде емес, журналист ретінде бірнеше сауалымызды дайындап әкелдік. Батыс Қазақстан облысы бойынша қызмет көрсететін орталықта өңір тұрғындарының сауалдарына жауап беретін бір жанның болмағаны ма? – деген сауалымызды әдеппен  қойып  көргенбіз.

– Жоқ! Бұл сұрақты бес рет қойсаңыз да, бес рет «ЖОҚ!» деп жауап беремін. Барлық сұрақ бойынша осы кісіге хабарласыңыз (қағазды нұсқады). Поштасына жазсаңыз, өзі сізбен байланысқа  шығады.

Осылай деген әкімгер кезегін күтіп тұрған клиенттерге қарай беттеді. «Сізбен ренжіскеннен не марқадам табамыз, ендеше, басшыларыңызға кіріп, өзімен тілдесіп көрейік» дегенімізде, «аса қадірменді» әкімгеріміз «Сіздің кіруге құқыңыз жоқ!» деп, басшысының кабинетін қорып, бізді жолатпады.

Қызмет сапасына көңіліміз көншімеген соң, кеңседегі арыз-шағымдар мен ұсыныс-пікірлер кітабына «өз қолтаңбамызды» қалдырып кетуді ұйғардық. Кітапты алуымыз мұң екен, «Газетіңізге жаза беріңіз, өте қуанышты болар едім», «Сіздің басылым туралы ештеңе де білмеймін», «Мен де сізге кері арыз жазамын», «Керек десеңіз, ішімдікке сылқи тойып алған клиенттермен де тілдесіп жүрміз, сіздейлерге әбден үйрендік» деген сөздерді жаудырсын келіп. Осылайша, білдей өңірлік орталықтың әкімгері өзінің мәдениеттен жұрдай екенін көрсетті. Әмбебап дүкеннің негізін қалаушы Гарри Гордонның «Клиент ешқашан қателеспейді» деген қағидатының бұл орталыққа қатысы жоқ деп бағамдадық. Шағымымызды жаза отырып, бізге дейін жазған жандардың арыз-шағымдарына да еріксіз көзіміз түсті. Олар да оператордың қызмет көрсету сапасына арызданып, біз секілді шарасыз қайтқан.

Хош! Аяқпен барып, таяқпен қуылғандай күй кешсек те, үмітімізді үзбей, өздері нұсқаған электронды поштаға бар орысшамызды салып хат жаздық. Алексей мырзаға да барлығын баяндап, мардымды жауап беруін өтіндік. Тым құрығанда пошта арқылы сауалдасамыз ба деп үміттендік. Біз бейбақ соған да риза едік. Амал нешік, сағынып-сарғая күткен хатымыз келмеді. Мұны да атағынан ат үркетін компанияның қарапайым халыққа «құрметі» деп түсіндік. Бірнеше айдың жүзі өтсе де, Алексейден де бір белгі  жоқ. Осындайда телеарналардағы жарнамадан түспейтін «Билайнның» жанашырлығы көзбояу ма деп қаласың. Сұрағымызға жауап беретін тірі жанды тымақпен ұрып алмақ түгілі, құрықпен ұстай  алмай  қор  болдық…

 

P.S. Тағы бір оқырманымыз мегабайттарының және бірліктерінің себепсізден-себепсіз азайып қалғанын байқаған. Ізін суытпай, «Билайн» орталығына жолығыпты. Орталық қызметкерлері баяғы әдетінше жаттанды сөздерімен жауап қатып, жылы жауып тастамақ болған. Біздің кейіпкеріміз ақша айналымы жөнінде қаражаяу еместігін байқатқан. Артық мәселе туындап жүрмесін деді ме екен, қызметкерлер шағымданушының сұраған мегабайттары мен бірлігін қайтарып, шығарып салуға асыққан. Кейіпкеріміздің компания  басшылығы  атына  жазған  арыз  хатына  түсініксіз  жауап  келген  екен.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале