ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, ведомствоның нұсқамасы бойынша әуежайлар аумағында коммерциялық қызметті жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Фото: istockphoto.com
Енді кәсіпкерлердің жалдау алаңдарына қолжетімділігі бірыңғай конкурстық шарттармен ғана реттеледі. Мұндай шаралар Астана қаласында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесінде қолға алынды. Тексеру қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата Көлік министрлігіне әуежай қызметіне жатпайтын қызмет түрлерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану объектілері, азық-түлік сату және багажды орау автоматтары үшін жалға берілетін алаңдардың тек конкурстық негізде бөлінуі бекітілді.
Бұл конкурстық іріктеу барлық жалға алушы үшін тең жағдай жасап, қызмет көрсетушілерді негізсіз таңдау тәуекелдерін азайтады, әуежай мүлкінің тиімділігін және оны жалға беруден түсетін меншікті кірістерді арттырады. Жоғары аудиторлық палатаның басқа да тапсырмалары мен ұсынымдарының орындалуы бақылауда қала береді.