1941-1945 жылдар арасындағы сұрапыл соғыс майдандағы жауынгерлерге де, тылдағы ел-жұртқа да оңай тиген жоқ. Отан қорғауға жарайтын ер-азаматтар әскерге алынып, соғысқа аттанды. 17 жасында қоярда-қоймай өзі сұранып қан майданға аттанғанша, тылдағы ауыр еңбекке белсенді араласқан Шамақ Нұповтың кіндік қаны 1926 жылдың 14 наурызында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында тамған. Бірақ ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштық пен қуғын-сүргін зобалаңы біраз қазақтың әулетін көрші Ресейге көшуге мәжбүр етті. Әлгіндей жағдайлардың кесірінен Нұповтар отбасы да жылы орындарын суытып, жәйлі жер іздеп Ресейдің Астрахан, Волгоград, Пенза, Тамбов облыстарын біраз шарлады...
Әкесі Қабдыреш пен анасы Мәриямнан қаршадай бала кезінде жетім қалған Шамақты тағдыр талай тезіне салып шынықтырып-шыңдады. Бейнелеп айтқанда, бесіктен белі шықпай жатып талай тауқыметті көрген өндірдей жас жігіт Беларус майданының құрамында он жетісінде Отан үшін от кешіп, қызыл өрттің ішіне кірді. Әйгілі жойқын қару «Катюша» арқылы ержүрек жауынгер қаруластарымен бірге жолай Еуропа елдерінің талай елді мекенін неміс фашистерінен азат етіп, 1945 жылы Берлинге дейін жетті. Әрі фашизмнің ордасы – Рейхстагтың қабырғасына аты-жөнін жазып қалдырды. Педагогика саласының ардагері Ағила Макарованың «Диалог памяти» мақаласында («Жайық ұстазы» газеті, №16. 12.06.2013) Совет одағының төрт дүркін батыры, КСРО маршалы Георгий Жуковтың «Воспоминания и размышления» атты кітабында жауынгер Нұповтың тегі (фамилиясы) таңбаланған фотосурет бар екендігін жазған. Майдандағы жанқиярлық ерлігі үшін Шамақ Қабдырешұлы Нұпов «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшавны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» тағы да басқа медальдармен марапатталған. Сондай-ақ жеңіс сарбазы Ш. Нұповты Жоғарғы Бас қолбасшы И. Сталиннің өзі де Алғысхатпен марапаттаған.
Тек бір әттеген-айы, Ресейде тұрғанда аты-жөні Владимир Андреевич болып орысшаланып кеткен екен. Соғыс біткеннен кейін және төрт жыл әскер қатарында болған Қабдырештің Шамағы үйіне жеті жылдан соң оралып, Гүлдірайхан есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, отау құрады. Бейбіт күн аясында бас қосқан ерлі-зайыптылар Иманбай, Құндыз, Сүлеймен, Маргарита, Мәкөн, Раузия есімді үш ұл, үш қыз сүйді. Бақытты жұбайлар перзенттерін қатарынан кем қылмай, тең құрбысының алды қылып жеткізді. Ұл-қыздарының әрқайсысы қалаған мамандықтарын меңгерді. Төрт перзенті Саратов, Виннице, Қарағанды, Мәскеу қалаларында жоғары білім алды. Соғыстан кейін Шамақ әкей Ресейдің Пенза облысына қарасты Мало-Сердоболинский ауданының Гремячинскиий совхозының қой фермасында 14 жыл бойы бригадир, ферма меңгерушісі болып жемісті еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарды.
1973 жылы Нұповтар отбасы атамекені – Қазақстанға көшіп келді. Шамақ ағай қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты Камен ауданының Ленин атындағы совхозда қарапайым еңбек адамы ретінде мал шаруашылығын дамытуға айтулы үлес қосты. Ол еселі еңбегінің нәтижесінде КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің үш рет қола медалімен марапатталды. Сонымен қатар еңбек озаты ретінде Қабдырештің Шамағы 1965 жылы «Волга» аутокөлігін алу құқығына ие болды. Бертін келе бірнеше рет Социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде танылды.
Соғыста жанқиярлық ерлігімен, ал бейбіт өмірде жасампаз еңбегімен ерекшеленген Шамақ Қабдырешұлы Нұпов ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, біраз немережиен сүйіп, 2001 жылғы тамыз айында 75 жасында өмірден озды...
Беркін Байқуат,
Орал қаласы