17.02.2020, 16:10
Оқылды: 74

Биылғы санақта қандай өзгешеліктер бар?

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов пен ҚР Ұлттық экономика министрлігі cтатистика комитетінің БҚО Статистика департаментінің басшысы Болтай Әлімбаева өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында брифинг өткізді.

Нұрболат Серғалиұлы биыл өтетін халық санағы жайлы сөз болған брифингте санаққа дайындық қалай жүріп жатқаны мен басқа да мәселелер төңірегінде баяндады.

brif (1)

-2016 жылы тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшылары 2020 жылға дейін кезекті халық санағын өткізу туралы шешім қабылдаған-ды. Соған байланысты елімізде биыл қазан айының бірі мен отызы аралығында ұлттық санақ жүргізілетін болып білгіленді.

-Биылғы ұлттық санақтың бір ерекшелігі шартты дайындық және негізгі кезеңнен тұрады. 1-30 маусым аралығында өткізілетін дайындық кезеңінде интервьюерлер тұрғын үйлер және тұрғын емес үй-жайлар мен құрылыстардағы тұратын азаматтардың санын нақтылау мақсатында әрбір елді мекенді аралайды. Ал 1-30 қазан аралығында халық санағының негізгі кезеңі өтеді. Ол онлайн-режимде интернет-сауал салу және халыққа планшет арқылы жаппай сауал салу сияқты екі бөлікке бөлінді. Алғашқысы санақ басталған 15 күнде, яғни, 1 және 15 қазан аралығында өткізілмек. Онда респонденттерге санақтан өз бетінше өтуге санақ парақтарын толтыру нұсқаулықтары мен әзір жауаптар беріледі. Сондай-ақ виртуалды көмекшінің көмегімен сауалдарды толтыруға мүмкіндік беретін sanaq.gov.kz. мамандандырылған сайтында интернет желісі арқылы респонденттер санақ парақтарын өз бетінше өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне толтыра алады.

 Айта кетелік, интернет арқылы мәліметтер ұсынған респонденттер интервьюерлердің сауалына жауап бермесе де болады. Өйткені оларға санақтан өткендігі жайында арнайы құжат берледі. Халыққа сауал салу кезінде респондентті сәйкестендіру үшін әр адамның ЖСН пайдаланылады. Бұл да өте ыңғайлы және жалған ақпарат берудің алдын алады, - деді Н.Айдапкелов.

 Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің БҚО Ссатистика департаментінің басшысы Болтай Әлімбаева өңіріміздегі дайындық жайын сөз етті. Оның айтуынша, қазір облыста санаққа дайындық қызу жүріп жатыр. Арнайы органдар жұмыспен қамту орталықтары арқылы интервьюерлерді іріктеуді қолға алған. Әрі санақ өткізу үшін 129 миллион теңге қаржы қаралғаны да айтылды.

brif (2)

Жалпы ұлттық санаққа ел аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарының желісі бойынша қызметтік міндеттерін орындаумен немесе ұзақ мерзімді қызметтік іссапармен немесе оқуына байланысты бір жылдан көп мерзімге шетел асқан ел азаматтары мен олардың отбасы мүшелері кіреді. Тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ, халықты есепке алу кезінде ел аумағында уақытша, дәлірек айтқанда, бір жылға жетпейтін мерзімге келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да санатқа енеді. Ал  тұрақты түрде шетелде тұратын азаматтарымыз бен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттер, бір жылдан артық мерзімге шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері санақтан өтетін азаматтар тізіміне жатпайды.

Қазіргі күні санақ жүргізуші интервьюерлердің жұмыс кестесін бекіту шаралары қолға алынып, оларға 75 мыңнан 94 мыңға дейін жалақы  төлеу белгіленген. Бұл іске мұғалімдер мен басқа да бюджеттік сала қызметкерлері тартылмайды. Тартылған күннің өзінде әр интервьюерлермен  жеке келісім-шарт жасалады. Электронды түрде онлайн санақтан өткен азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігіне мемлекет толық кепілдік береді. Сондай-ақ биылғы санақ жайында ақпарат алғысы келген әр азамат ұлттық санақтың барысы туралы ақпараттарды арнайы sanaq.gov.kz сайтынан, статистика комитетінің ресми stat.gov.kz сайтынан, сонымен бірге STATGOV KZ YouTube арнасы мен Facebook (@statgov.kz), Instagram (@statcomrk) әлеуметтік желілерінен #sanaqkz2020 хэштегі арқылы таба алады. 1446 қысқа нөмір бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Оған телефон соғу тегін.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале