4.12.2019, 16:55
Оқылды: 93

Біздің көше – балалықтың базары

Сол жылы көктем жылдағыдан ерте келді. Еріген қар суы жерге сіңіп үлгермеген. Ауыл маңы телегей теңізкөк айдын, қиқулаған үйрек-қаз легімен ұшып келіп жатыр. Мына бір тобы үйдің шатырының дәл үстінен ұшып барады, шамасы шаршаған-ау. Күндегі әдетімен есік алдына шығып отырған Төлеу қарт бір қолын маңдайына қойып, бір көзін сығырайта қысып, әлгі ұшқан құстарға дүрбімен қарағандай таңырқай қарайды.

Үлкен адамдарға амандасып жүретін әдетіміз ғой,қасына барып:

– Ассалаумағалейкум, ата,– деп айқайлай сәлем бердім.

– Бұл қай бала?

– Ата мен ғой, мен ғой,–деп  өте шықтым.

Былтыр ата «Сірә, осы қыстан шықпаспын, аулаға үлкен сарай салыңдар, ертең олай-бұлай болып жатсам керек болар» деген оймен сарай салғызған. Мен үйдің қора жағымен айналып жүгіріп келіп, қайта айқайлап амандастым. Төлеу ата қасына отырғызып, қолымды сипап:

– Осы сен жаңа бір әзірде сәлем беріп өтпедің бе? – деп сұрады.

– Жоқ, ата, мен емес. Ол Ильяс қой, – дедім.

Ақсүйрік әжей Төлеу атама айран әкеліп берді де, маған қалтасынан алып құрт берді. Атай ішіп отырған айранын маған ұсынды. Мен ойланбастан қағып салдым.

qaratobe koshe (1)

Сол жылы екінші сыныпты бітірдім. Көрші Тілес ағай мен Сәуле апайдың балалары, өзім шамалас Қасым мен Ильяс, үлкен ағам Рафих бәріміз бірге ойнаймыз. Қойды да төртеуіміз бірге бағамыз. Ауыл шетінен бастап Қаратерең көлінен асырып, шүмекке дейін жаямыз. Кейде карта ойнап отырғанда қойларымызды ешкі бастап, бізден ұзап кететін. Бұл Ильяс екеуміздің сорымыз, қаптаған қалың шөптің арасынан ақтер-көктеріміз шығып  іздейміз. Қамыс-қоға, қарабарақ, саралжын атты қалың шөптер үстіңді жырғаны ештеңе емес. Егер баққан қойларың өзге көшенің қойларына қосылып кетсе, таяқты сонда жейсің. Совхоздың шабындығына қой түссе, шаруаң біттідей бер. «Чапаев» атанып кеткен қорықшы Бағыс ағай арқаңнан қамшымен тіліп өтетін. «Осыдан айтып көр, селсоветке айтып әкеңе айыппұл салдырамын», – деп қорқытатын.

Қасым мен Рафих анадайдан тұрып бізге бұйырып айқайлайды.

– Екіндінің уақытында әжем ауылға айдарсың деді ғой, біз барғанша кеш батады, кеттік, айда, басын қайырыңдар!

– Жоқ, өздерің қайырыңдар.

– Неге? Біз мана қайырдық. Енді сендер,– деп дауласып жүргенде, ең соңында бәрібір Ильяс екеуміз қаламыз.

Қойдың алдын ауылға кіргізсек болды, кезектен құтылдық. Келесі кезекке дейін 22 күн демалыс.

Әлі есімде, бірде ит атушылар менің Лайка деген итімді атып кетті. Кішкене күшік күнінен асырап баққан едім, жер тепкілеп отырып жыладық. Ильяс екеуіміз түнделетіп Лайканың өлексесін даладан әкелдік те, үй шаруасына пайдаланатын зембілге ақ матаға орап салып,  төрт бала төрт жағынан иығымызбен көтеріп келеміз. Үлкен етіп ағаштан кәдімгі крест жасап, оған шегемен «Лайка» деп жазып алдық. Белгіні ұстап алдымызда келе жатқан Тыныштыбай Ұзаққалиев әжесінен жаттаған сүрелерін ішінен айтып қояды. Марқұм Тыныштыбайды біздің «бас молдамыз» дейтінбіз. Артымызда көшенің балалары қаз-қатар тізіліп келе жатыр. Далада шалажансар, жаны шықпаған иттер көп екен. Ауыл шетіндегі Құрғалақта қалың өскен топ жыңғыл бар, иттердің моласы сонда болатын.

????????????????????????????????????

Молаға жеткен соң «бас молдамыз»:

– Бұл ит ешкімнің тауығын жеген жоқпа? – деп сұрады.

Біз:

– Жоқ, – деп жауап бердік. Лайка ешкімді қапқан жоқ па?

–Әрине, жоқ!

Осындай сұрақтар қойылып, итті жерлеп болған соң басына манағы кресті қойып, үйден пісіртіп әкелген бауырсақ, басқада тәттілерді газет үстіне төгіп жедік. Қайтарда сол жерге тиын тастап кетеміз.

Төлеу атаның үйінде қарындасының баласы, сөйлемейтін, құлағы естімейтін Сайқал деген ағай болды. Сол ағай маған үнемі ымдап бірдеңе айтатын, бірақ көбіне түсінбеймін. Бір күні Сайқал ағай  күндегіге қарағанда өте көңілді жүр екен, аздап бірдеңе «ұрттап» алғанға ұқсайды. Мұның себебн кейін білдім.

Ильяс екеуміз күндегідей ойнап жүрдік те, үйге кірсек, міне, қызық, Тілес ағайдың бірге жүрген достары Қайырғали Каменов (гармонда шебер ойнайды), Жеңіс Қуанышкереев, Аманжол Ойлыбаев, Бітімәлі Құрманалиев – барлығы тойлатып жатыр. Тілес ағайдың үйленбей жүрген інісі бар еді. Үйдің қасынан өткендердің бәрінен ол: «Сен, Жүке, қашан үйленесің?» –дегенді көп еститұғын. Бақсам, жаңадан келген, бізге қазақ тілінен сабақ беретін Жанат оқытушыға Тілес ағалар құда түсіп келіп, тойлап жатыр екен. Сол күні жалғыз Сайқал аға емес, көше болып қуандық.

Тойдың келісілген күніде жетті-ау, әйтеуір. Аулаға бүкіл бір ауылға арналғандай үлкен шатыр құрылды. Ол кезде арнаулы асаба деген атымен жоқ, шақырылған қонақтардың ішінде бар болғаны он-он бес адам тілектерін білдіріп сөйлейді. Ал асаба «Қалдығайтының Ливитаны» Амангелді Рысқалиев, беташарды  Жібек, Болсын апайлар айтады, Рахым Қажымов ағамыз әдемі әндер орындайды. Әнші демекші, ол кезде біздің ауылда өнерлі, дәстүрлі әншілері көп болды. Олардың салған әндері әлі күнге дейін құлағымызда. Той-томалақтың сәнін келтіретін Әлия Бозова, Секен ағай қазірде тойбастарын тастамай, жалғастырып келеді. Біздің көшенің әншісі марқұм Майра Габдуллина апай болса, Тасболат Тінәлиев мықты асаба болатын. «Анаға сәлем» әнімен той бастайтын Майра апаның дауысы қандай еді?!..

Төлеу ата мен Ақсүйрік әженің  Аманғали есімді ұлыбір қарасуық, ызғарлы күні  үйленді. Аманғали ағай Ырысты жеңгемізді Атыраудан жеті қараңғы түнде алып келді. Той шатырының алдында сымға тізілген қарлығаштай шүпірлеген балалар, бәріміз қатты тоңғанбыз.Әне,машинаның алдына қуыршақ байлап,белгі беріп құдаларда келіп жетті. Әне келеді, міне келедімен жүгірген жүгірмектердің санында шек жоқ. Бас құда – Жеңіс Қуанышкереев.Жас жұбайлар келді, шашу шашылды,той басталды. Жаңағытой шатырының жабынын тесіп жіберген балалар «Алма берші, апа, ана тәттіні алып берші» деп тесіктен қолдарын созып, у-шу болып жатты. Той үш күнге созылды. Біз екі күн таңға ұйықтамай жүрдік. Келесі күні таңда Тілепқали ағай Ильяс екеумізге:

– Не істеп отырсыңдар екеуің? Бүгін қой кезек, – деп қолымызға таяғымызды ұстатып, қой бағуға қуып жіберді. Ұйықтамастан кете бардық. Біз Тілепқали ағайды тәте дейміз, жолдасын Бәтә дейтінбіз. Шынымды айтсам, Бәтәнің шын атын әлі күнге дейін білмейді екен. Олар қазір Ақтау қаласында тұрады. Тілес ағай мен Сәуле апайдың Қасым, Ильяс,Назира, Ақан, Біржан есімді ұл-қыздары бар. Сәуле апай өмірдің базарын ерте аралап,мәңгілік сапарға аттанып кетті.Көршінің келіні Жанат апай бізге қазақ тілінен сабақ берді. Сабақ кезінде«Төл сөз, төлеу сөз» дегенді айта алмай, «Оқушылар, ұмытпаңдар, мынау – төл сөз, сосын «атам сөз», – дегенде бәріміз ду күлетінбіз.

Бір жылы Төлеу атаның Қарағандыдағы медицина институтын бітіріп келген баласы Аманша ағай Қаратөбеге жұмысқа орналасты. Аманша ағамыздың үйлену тойы қыста болды. Мен бұл тойға қатты қуандым. Неге дейсіңдер ғой, себебі маған тойға қонақ ретінде алғашқы рет шақыру билеті берілді.Аманша Төлеуовті қазір аудан жұртшылығы жақсы  біледі, қоғамдық жұмыстардың белді мүшесі, құрметті азамат, ата болып отыр. Сол жылы 9 мамырда ауыл Жеңіс күнін тойлады. Ал 11 мамыр күні Жүсіпқали мен Жанаттың  тұңғышы Ақмарал дүниеге келіп, көшеміздегі той жалғасын тапты.

«Сірә, осы қыстан қалмаспын, сарай салыңдар», – деп салғызған сарайдың да шеті мүжіле бастады.Ал  Төлеу атамыз бәріміздің үйленген тойымызды көріп, ақ батасын берді. Төлеу қарт 103 жасқа келгенде,Ақсүйрік апай 96 жастан асып мәңгілік мекендеріне аттанды. Немере, шөбере, неменелерінің қолдарынан су ішіп, өмірденөтті.

Ауылға жолым түскен кезімде көршілерімді ұмытпай, арнайы сәлем беруге барып тұрамын. Бір барғанымда Ақсүйрік әже:

– Рафхатжан, ит жерлеген қорымға соқтыңба? – деп сұраған еді.

Қазір ауылдағы көк қақпалы үйде Жүсіпқали аға мен Жанат оқытушы тұрады, ата мен әже болып немере бағып отыр. Айтпақшы, бұл үйде менің де жекеменшік балам бар. «Сержан, кімнің баласысың?»,–деп сұраған жанға «Мен Рафхаттың баласымын» деп жауап қататын Сержанда әке болды. Балалығымның бал шағы өткен біздің көшеде той әлі де жалғасуда.

Рафхат Халелов

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале