6.02.2019, 11:43
Оқылды: 21

«Бұған бәріміз кінәліміз»

Ақұштап-Бақтыгереева-публицистикасы-және-ұлттық-мүдде-–-Нұрсұлтан-Мықтыбай-1-263x350Астанадағы болған жағдай, бір үйдің бес сәбиінен айырылуы – өте ауыр қайғы. Әке-шешесі бұл соққыны көтере ала ма, соған жаным ауырады. Бұл – сәбиін саусақпен санап өсе алмай, көбейе алмай отырған біздің ұлтқа қасірет. Бұл бүгінгі қоғамның да келбетінен көрініс береді. Ақпарат айдыны арқылы бұл оқиғадан бүкіл әлем хабардар болды. «Балалары қорғаусыз қалған Қазақстан» деген жақсы атақ емес. Елге де, ұлтқа да сын. Астананың өзінде балалар қорғалмаса, көп балалы отбасы есепке алынбаса, ол салада жұмыс ақсап тұр деген сөз. Тиісті ұйымдар көп балалы отбасыларды есепке алып, олар қайда жүр, жағдайлары қалай деген бағытта жұмыс жасалуы керек болатын.

Олар Астанаға жақсы өмір іздеп барды. Бір жағынан, көп бала сүйгісі келетіндер неге елінде, кең далада егінін салып, еңбегін істеп отырмайды? Жоқшылық заманды да өткерді ғой бұл қазақ. Осындай жайларды басшылар да, адамның өзі де ойлауы қажет еді. Әлсіздерді қорғаудың амалын неге ойластырмадық? Бұған бәріміз кінәлі сияқтымыз.

Баланы өмірге әкелген соң оның жауапкершілігі бар. Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, шетелдерде, соның ішінде Италияда жас сәбилерді қараусыз қалдырып кеткен ата-анаға айыппұл төлететін арнайы заң бар. Бізде балалардың тұрып жатқан үйлерін тексеретін ұйымдар да бұл жерде салқынқандылық көрсетіп отыр. Адамның бір-біріне жаны ашымайтынының көрінісі бұл. Жалпы, біздің қоғамдағы бүгінгі болып жатқан жәйттерге бәріміз де кінәліміз. Мейірімді, жаупакершілікті, алдамгершілікті азайтып алдық. Көп балалы бір қазақ азаматының қалай тұрып жатқаны бір адамды селт еткізбегені қалай? Бұл қайғылы оқиғадан қоғам сабақ алып, қайталанбайтындай қорытынды шығаруымыз керек.

Бәріміз бір-бірімізге мейірім танытуымыз қажет. Адамның мейірімі, адам алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілік азайып бара ма деп уайымдайсың. Жанашырлық жоғалып, немқұрайлықтың жайлауы – ұлттық тәрбиеден алшақтауымыздан. Қайғы жамылған отбасына көңіл айтамыз. Жұбатамыз.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале