22.02.2024, 12:30
Оқылды: 34

Ғылыммен өрілген ғибратты ғұмыр

 

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдан астам тарихында отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар қатары аз емес. Солардың бірі де бірегейі Сергей Жұбаев десек, шындық ауылынан алыс кете қоймаспыз.

сергей жубаев

Ол 1939 жылы ақпанда Астрахан облысының Марфин ауданындағы Козлов селосында дүниеге келген. Саратов ауыл шаруашылығы механикаландыру институтын 1962 жылы үздік бітіріп, еңбек жолын туған өлкесіндегі Краснояр ауданының «Марфин» совхозында инженер болып бастайды. Ал 1964 жылы өзі оқыған институттың аспирантурасына түсіп, 1969 жылы ғылыми диссертациясын техника ғылымының кандидаты дəрежесінде қорғаған. Одан кейінгі ғибратты ғұмыры Батыс Қазақстан аграрлық институтында жалғасып, ассистенттен ректорға дейінгі ауыр да абыройлы жолдан өткен. Тарқатып айтсақ, басшылық лауазымды 1978 жылы оқу ісі жөніндегі проректор болып бастап, он бір жылдан соң институт ректоры қызметіне тағайындалған. Бұл кезең еліміз үшін өте ауыр уақыт еді. Десек те, іс тетігін таба білетін азамат ТМД республикалары және АҚШ, Германия, Англия, Түркия, Израиль т. б. шетелдердің оқу-білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орната білген. Бұдан бөлек институт базасында бірқатар халықаралық ғылыми конференцияның өтуіне ұйытқы болады. Әрі ол кісінің басшылығымен факультеттерде төрт шағын ғылыми-өндірістік кәсіпорын ұйымдастырылыпты. Ондағы мақсат – ғылыми-техникалық өнімдерді жасау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оған профессор-оқытушылармен бірге аспиранттар мен студенттерді қатыстыру. Нәтижесінде 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты – ҚР ҰҒА Батыс бөлімшесінің Орал су және биологиялық проблемалар ғылыми орталығының орналасқан жері деп танылып, жаңадан құрылған академияға құрылтайшылық жасайды. Араға екі жыл салып, біздің оқу ордамыз ауыл шаруашылығы жануарларының жүніне сертификат беру құқығы бар Қазақстандағы жалғыз сынақ орталығы ретінде аккредиттеледі. Қазіргі таңда қызу талқыланып жүрген ғылымды өндіріске жеткізу, оны индустриямен ұштастыру мәселесін сол кездің өзінде-ақ бағамдай, бағдарлай білген С. Жұбаев «Зерде», «Земледелец», «Зерек», «Аспан» ғылыми-өндірістік кәсіпорындарын алғаш құрып, ғылыми зерттеу жұмыстарын қолға алғаны және бар. Ректордың тікелей араласуымен 12 мамандыққа аспирантура және «060201» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашылып, ғалымдар мен аспиранттардың еңбегін басып шығаратын баспахана іске қосылғаны да осы жылдар. Мұның бәрі жоғары оқу орнының ғылыми бағытта дамуына үлкен серпін берді.

Айтпақшы, 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап жатқан кезде Сергей Шұғайұлы оқу ғимараттары жанындағы бос жерлерге ғылым докторлары мен профессорлар үшін институт қаражаты есебінен коттедждер салуға батыл шешім қабылдайды. Артынан ол баспаналарға әріптестері тегін қоныстана бастайды. Қазіргі күні қала картасындағы «Ғалымдар ауылы» деп аталатын аймақ сол ардақты жанның қалдырған қолтаңбасы. «Ел – ерімен көрікті» дегендей, С. Жұбаевтың білімі мен еңбегі еленбей қалған жоқ. Оның алғашқысы Саратов қаласындағы М. И. Калинин атындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру институтының үздік дипломы болса, бұл қатарда екінші Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты медалі бар. Өңіріндегі Құрмет белгісі ордені мен «Еңбек ардагері» медалі ұзақ жылғы маңдай тердің қайтарымы десек, «ҚазССР халыққа білім беру ісіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағы да осал дүние емес. Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының корреспондент мүшесі ғылыми атағы берілсе, 2001 жылы Орал қаласының құрметті азаматы атанды. Әр марапаттың өз орны болғанымен, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ардагері» төсбелгісін айрықша құрмет тұтатын-ды.

Иә, Сергей Шұғайұлы қызметте өте қатал болып көрінгенімен, былайғы мезгілде көңілінің кеңдігі, жанының жайсаңдығы, табиғатының қарапайымдығы көрініп тұратын. Сонымен қатар білікті басшы еңбек жолын енді бастаған жастардан қамқорлығын аямады, олардың кәсіби шыңдалуына, жан-жақты азамат болып қалыптасуына қолдан келген көмегін көрсетті. Солардың бірқатарының пікірін қоса жариялауды жөн көрдім.

С. Жұбаев 2010 жылы өмірден өтті. Ол кісі жарқын өмір сүрді және артына өшпес із қалдырды, кісілік пен кішіліктің жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Арамызда болса 85 жасқа толып, шәкірттерінің жетістігіне марқайып отырар еді. Көрнекті ғалым, талантты ұйымдастырушы, ақылды тәлімгер Сергей Шұғайұлының жарқын бейнесі оның әріптестері мен шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады.

Қазыбай Бозымов,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының  докторы, профессор

Балуаш Траисов,

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚазЖҒА және ҚазАШҒА академигі:

– Сергей Жұбаевты мен студент кезімнен білсем, институт бітір­геннен соң «Зерде» ғылыми-өндірістік орталығының директоры ретінде тіптен жақын араластым. Кейін сол кісінің ықпалымен ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректорлық қызметке тағайындалдым. Сергей Шұғайұлының жұмыс стиліне тән қасиет – жаңаша ойлау, өзін-өзі ақтаған тәсілдерді өндіріспен ұштастыра пайдалану. Әрі ол кісі жоғары білікті кадрларды даярлауға ерекше назар аударып, оларға барлық жағдайды жасап бақты. 1992 жылдың басында институтта тек екі ғылым докторы болды, олар – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Т. А. Лозовский мен экономика ғылымдарының докторы П. В. Ковель. Сергей Шұғайұлының тікелей көмегімен 90-шы жылдары біздің бірқатар оқытушымыз докторлық диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Олардың қатарында И. Ашетов, Е. Айталиев, Э. Браун, Қ. Бозымов, А. Горин, В. Киянский, А. Рустенов, В. Фетисов, И. Фетисовтер бар. Тек әдептілік пен адалдықты жанына серік еткен ол университеттің материалдық-техникалық әлеуетін едәуір кеңейтіп, бірқатар жаңа мамандық та ашты. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, Сергей Шұғайұлы секілді аға буынның тағылымды жолымен жүру – мен үшін зор ғанибет.

Бекет Нұралин,

Техника ғылымдарының докторы, профессор:

– Алдыңда ағаң болған қандай жақсы! Мен бұған Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында оқыған кезде және соңынан ұстаз болғанымда айқын көз жеткіздім. Ал енді Сергей Шұғайұлымен бірінші курстың соңында механизация факультетінің деканатында таныстым. Қайдан келгенімді, мектепте қалай оқығанымды, қазіргі үлгерімімді сұрағаннан ке­йін, топтың старостасы боласың деді. Бір аптадан кейін өзіне шақырып, «Тензометрлеу негіздері» деген ғылыми оқулықты ұсынып, зерттеу жұмыстарымен айналысуды тапсырды. Сенімін ақтау үшін оқу озаты болдым, кейін ұстаздық қызметке қалуыма кеңес берді. Аспирантураға түсуіме де ықпал етіп, ғылым кандидаты атанған соң кафедра меңгерушілігіне тағайындады. Үш жылдан соң Мәскеуге шет тілдерін оқытатын курсқа жіберіп, артынан оқу ісі жөніндегі проректорлық қызметті ұсынды. 90-шы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезде оқу орны қызметкерлерін үзіліссіз жалақымен қамтамасыз етсе, жас ұстаздарға аспирантурада оқуға жағдай жасады.

Бұдан бөлек университеттің басқару жұмыстарына іскер жас ғалымдарды тарта білді және оларға сенді. Біздің Сергей Шұғайұлы – қарапайым, адамгершілігі мол, қайырымды, өзінің тәуелсіз көзқарасы бар азаматты. Ол ешкімге жалтақтамай, бірақ қасындағы көмекшілерінің ойларын ескере отырып, шешімдер қабылдайтын. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білуші еді. Білім және ғылым министрлігіне іссапарға бірге барғанда мәселені шешуді бөлімнің кіші ма­манынан бастайтын-ды. Арасында: «Бастықтан бастасаң, бәрібір осы маманға жібереді» дейтін-ді күліп.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале