16.01.2024, 15:00
Оқылды: 299

Ким Федянин: «Әкем ақын Қадыр Мырза Әлиге сабақ берді»

Қазір өзге ұлт-ұлыстың өкілдеріне қатысты «Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» деген сөз жиі айтылып жүр. Ұлты бөлек болғанмен, жаны қазақ, тілі, ділі, тіпті діні де қазақ халқының рухани өмірімен біте қайнасып кеткен жандар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – жымпитылық ақсақал Ким Федянин. Біз қариямен кездесіп, хал-жағдайын біліп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

Былтыр 85 жасқа толған Ким Николаевич – Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері, Сырым ауданының құрметті азаматы. Жалпы Федяниндер әулеті ұстаздарының еңбек өтілі 260 жылдан асады. Ақсақалдың марқұм ағасы Борис Николаевич те, апасы Надежда Николаевна да 50 жылға жуық ұстаздық еткен оқу ісінің үздіктері.

Бүгінде кіндік қаны тамған аудан орталығында тұратын Ким ақсақал ауылда өтетін түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Ол ардақты ұстаз ретінде де танымал. К. Федянин 1963 жылы бұрынғы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика және өндіріс негіздері факультетін бітіреді. 41 жыл бойы өзі білім алған Жымпиты орта мектебінде жемісті еңбек етіп, 10 жыл осы білім ошағының директоры болды. Сол кезде Ким Николаевич жасақтаған физика кабинеті облыс бойынша уақыт талабына сай жабдықталған үздік кабинет атанған. Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздың еселі еңбегі елеусіз қалмай, аудан-облысты былай қойғанда, сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің түрлі марапаттарын иеленді. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Жарты ғасырға жуық қызмет еткен ұстаздың шәкірттері әр салада еңбек етіп жүр. Ғылым кандидаттары мен докторы атанған шәкірттерінің қатарында Құспан Молдашев, Берік Өтеулин, Александр Граф, Юрий Соколов, Александр Беляев және доғарыстағы генерал-майор Уәли Еламанов бар. Ұстаздың жолын қуып, физика ғылымына бет бұрған шәкірттері – Нұрхат Жакиев пен Балсұлу Жәңгіровалар бір төбе. Кәсіпкер, дәрігер, ұстаз және басқа да мамандықтардың майталманы болып жүргендері қаншама?! Қазір зейнеткердің өзі оқыған, кейін қызмет еткен мектебінде К.Федянин атындағы физика пәні кабинеті бар.

ded0cba9-4b0c-49db-8dbb-b007af3805d0

Ким Николаевич өзінің өмірбаянын айтқанда, әулетінің шежіресінен сыр шертеді. Ақсақалдың отбасына тиесілі жәдігерлер, фотосуреттер аудандағы С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің экспонаттарының қатарында тұр.

– Менің әкем Николай Федянин 1897 жылы дүниеге келген. Жымпиты ауылында қаржы бөлімінің басшысы, «Қаратөбе» совхозының алғашқы директоры болып қызмет етті. Шыңғырлау ауданының «Чилик» (Таловка) совхозын, Оралдағы былғары-шикізат базасын басқарды. 1935 жылы Жымпиты ауылына оралып, қайтадан  қаржы бөлімінде, тұтынушылар одағында қызмет етті. Кейін Жымпиты орта мектебінде есепші әрі орыс тілі, тарих және математика пәндерінің мұғалімі болды. Біржола ұстаздыққа бет бұрған әкем қазақша және татарша мүдірмей сөйлейтін. Неміс, латын және француз тілдерін де білетін. Әкем көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлиге сабақ берген, – деп ардақты асқар тауы туралы әңгімелеген ақсақал сарғайған фотосуреттердің тарихымен таныстырды. Ким Николаевичтің айтуынша, атасы Иван Федянин Алашорда қозғалысының жетекшілері Жаһанша, Халел Досмұхамедовтермен дос болған. Аталмыш қозғалыстың ІІ сиезі осы әулеттің трактир-үйінде өткен екен. Қария әкесі Николайдың скрипкасын Алашорда үкіметінің 100 жылдық тойы қарсаңында аудандық музейге табыс етіпті.

Ким ақсақалдың әкесі үйде тек қазақша сөйлеген екен. Ал анасы Карима Дәулетбайқызы – қазақ қызы. Қаратөбе өңірінің тумасы.

«Біз бала кезімізден қазақтың ортасында, қазақи тәрбие көріп өстік. Содан да шығар, қазақ тілін еркін меңгердік. Анам өте алғыр еді. Кеште қасында жатқан бізді, балаларын имандылыққа баулитын.

«Аллаға сыйыныңдар»  дейтін.  «Лә иләһә иллалаһ, Мұхаммадүр расулуллах» (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі с.ғ.с.) деп айтып жатыңдар дейтін. Міне, сол кезден бері мен «Ықылас», «Фатиха», «Фалақ», «Нас» сүрелерін және ең маңызды «Аятул Күрсі» аятын жатқа білемін. Мешітке барып, садақа беремін. Мұның бәрі анамның тәрбиесі. Жалпы бала тәрбиесінде ананың рөлі зор. Әрине, әке де тәрбиелейді, бірақ ол, ең алдымен, отбасының асыраушысы, қамқоршысы», – деген ақсақал анасының қазақ зиратында жерленгенін айтты. Қария ауылдағы орыс зиратының қоршалуына мұрындық болған екен.

Себебі қорымда балалар доп ойнап,  көліктер жүре бастады дейді. Ақсақал ауылдағы мұсылман мешіті де қоршалуы керек деп есептейді.

653d4aeb-d94c-4db9-8ea8-0f68e435568d

Қария әңгіме арасында: «Бүгінде адам баласының болмысынан имандылық, адамгершілік қасиеттері жойылып, қанағат дегенді ұмытып барады» деп қынжылды. «Қазір ғой Кеңес кезеңін анау-мынау деп ұнатпайды. Қалай десек те, ол кезде тәртіп қатал еді. Әлде, біз қиыншылықты көп көргендіктен бе, заң талаптарына бағынатынбыз. Мен балалар үйінің тәрбиеленушілерімен ойнап, қатар өстім. Олар өзара тату, бір-біріне қамқор, бір-бірін қорғайтын еді. Ал қазір небір қатыгездік туралы естіп, кө­ріп жүрміз. Адамгершіліктен айырылып барамыз. Жалпы тәрбие отбасы – ошақ қасынан басталады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бар. Мен сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1943-1944 жылдары 5-6 жастағы бала едім. Естиярмын. Сұм соғыстың зардабын басымыздан өткердік. Киім жоқ, тамақ тапшы еді. Мамам таңертең сағат 6-да ашылатын дүкенге ертіп апарып, екі сағат нанның кезегінде тұратынбыз. Ешкім шу шығарып, кезекті бұзбайтын. Ол кезде ас атасын әр адамға тәулігіне 150 грамнан есептеп беретін. Біз, балалар, қара нанның түйіршіктерін жеп қоймай, сорып жүретінбіз. Сол қара нанның дәмі қазіргі кәмпит-шоколадтардан мың есе тәтті болып көрінеді. Қазір тоқшылық заман. Бірақ кейбір жастар нанның қадірін білмейді», – деп ағынан жарылды қария.

Зейнеткер Ким Николаевич елдегі білім саласындағы жаңалықтарға құлақ түріп отырады. Еліміздегі оқу-ағарту министрінің жиі ауысатынын сынаған қария  оқулықтардағы олқылықтар да ойлантпай қоймайтынын айтты. Мысалы, бастауыш сыныптың кейбір есептерін шешуге біраз тер төгуге тура келеді дейді.

«Қазір мұғалім болу өте қиын. Технология тез дамуда. Мұғалім баланы пәніне қызықтыруы керек. Әр оқушыға өзінің баласындай көңіл бөліп, жаны ашуы қажет. Шәкіртінің әрбір жетістігіне қуанғаны жөн. Сонда бала да ұстазын сыйлап, құрметтей түседі. Мен 1990 жылға дейін орыс сыныптарына сабақ бердім. Кейін қазақ сыныптарын оқытып жүргенде, екі сынып оқушыларының білім-білігін салыстырдым. Байқағанымдай, қазақ балаларының қабілеті өзгелерден кем емес. Біздің қазақтың балалары өте ақылды», – деді қария.

Ардагер ұстаз елдің мол қазба байлығын игеріп, игілікке жарататын білікті мамандар даярлауға көңіл бөлу керектігін баса айтты. Сондай-ақ зауыттарға қажет құрал-жабдықтарды да елде өндіретін кез келді деп есептейді. Яғни шетелдік мамандарға иек артып, импорт тауарларды тұтына бермеген абзал дейді. Ким Николаевич зейнетке шыққаннан кейін де, 2014 жылға дейін балаларды тестілеуге дайындаған. Шәкірттерінің барлығы ұстаздарының еңбегін ақтап, грант иегері атанған.

Ким Николевичтің жары Сафура Құсайынқызы да Жымпиты орта мектебінде 30 жыл мұғалім болған ұстаз. Бүгінде қос қария – үш ұл, үш қыздан тараған немере-жиендерінің қызығына кенеліп отырған ардақты ата-әже. Ата-анасының жолын қуған қыздары Аида Ниязғалиева-Федянина – педагог-психолог.

«Біз, бәріміз, байтақ елдің азаматымыз. Халқымыз тұтастықта өмір сүріп жатыр. Еліміздің егемендігі баянды болсын деп тілеймін», – деп ақжарма тілегін білдірді ақсақал.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале