10.04.2022, 16:30
Оқылды: 194

Қолдан жасалған қасірет

Биыл жаппай саяси қуғын-сүргін  оқиғаларына  –  85  жыл. Осы тарихи  датаға орай және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Ашаршылық және  саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы»  Жарлығына сәйкес құрылып, жұмыс істеп жатқан Ақ Жайық өңіріндегі  жұмыс тобына ақпараттық қолдау білдіре  отырып, зұлмат жылдар туралы тарихи материалдарды үзбей жариялап тұруға баса назар аударып отырмыз.

1EDB19B3-C9AD-42DD-8486-E4B56D53313A

Ақ Жайық атырабындағы ақтаңдақ  жылдар тақырыбына тәуелсіздіктің  бастапқы жылдарынан бері үздіксіз қалам  тартып келе жатқан қаламгер Аманкелді  Шахин ұзақ жыл мерзімдік басылымдарда,  соттың баспасөз қызметінде істей жүріп,  көп уақытын мұрағат кұжаттарын  зерттеуге, зерделеуге жұмсады.

 КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік  комитетінің, Қазақстан Республикасы  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс  Қазақстан облыстық басқармасының, ҚР  Мемлекеттік мұрағаты облыстық  басқармасының, Батыс Қазақстан  облыстық сотының мұрағаттарындағы  құпиясы ашылмаған құжаттар негізінде  деректі-публицистикалық кітаптар  шығарды.  

Қаламгер жуырда өңірдегі зұлмат жылдар  жайлы жазылған «Қара кітап» жаңа  туындысын баспаға тапсырды. Онда  жазықсыз жапа шеккен судьялар,  заңгерлер, өңірдің зиялы қауым  өкілдерінің қилы тағдырлары арқау  етілген.

Облыстық газетте жиырма жылға тарта  қызмет етіп, соңғы жылдары сот жүйесінде  мемлекеттік қызметте болған ардагер  қаламгер «Орал өңірімен» байланысын бір  сәт те саябырсытқан емес. Жазбаларында қалың елдің шері, қаламының желі бар ағамызға шығармашылық шабыт тілей  отырып, ақтаңдақ жылдар  тақырыбындағы тарихи очерктерін газет  оқырмандарының назарына тұрақты түрде  ұсынып тұруды көздеп отырмыз.

Тәуелсіздік тарихымызды қайта таразылауға мүмкіндік берді. Соның ішінде бұған дейін кеңестік саяси кеңістікте тек коммунистік идеология шеңберінде ғана қарастырылып келген түсініктер мен тарихи оқиғаларға көзқарастар да жаңарды. Кеңестік құрылысқа және коммунистік идеологияға қазақ елінің өткен ғасыр бастауындағы зиялы ұрпағы да әр  қилы қарады.

Қазақ даласындағы кеңестік коммунистік құрылысқа ұлттық басты оппозиция – «Алаш» қозғалысы заманында большевизм өктемдігімен жазаланып, күшпен тұншықтырылды. Ұлттық тәуелсіздік бағытын қолдаған көшбасшылар мен зиялылар саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

Кеңес өкіметінің бастапқы жылдарындағы жекені қоғамдық меншікке айналдырып, күштеп ұжымдастыру; кулактарды тап ретінде жойып, ірі байларды тәркілеу сияқты саяси науқандар кезіндегі асыра сілтеулер мен заңсыз әрекеттер қарапайым еңбекші халықтың да, кедей шаруалардың да тұрмысына ауыр соққы болып тиіп, кейде тіпті елдегі ахуалды шиеленістіріп те жіберетін.

Саяси қуғын-сүргін тарихын зеттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Н. Бугайдың келтірген ресми деректеріне қарағанда тек 1930 жылдың өзінде КСРО аумағында 2200 шаруалар толқуы болып, олар тек жанышталып қана қоймай, арты жаппай жазалау шараларына ұласып отырған. Кеңестік әміршіл-әкімшіл аппарат бұқараның мемлекеттік саясатқа қарсы мұндай бұлқыныстары мен наразылықтарын болдырмау және алдын алып, саясатқа қарсы күштерді үреймен тұншықтырып отырудың басқа амалдарын да қарастырды.

1934 жылы 5 қарашада КСРО Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен КСРО Ішкі істер халық комиссарларының (НКВД) жанынан айрықша кеңес жасақталып, бекітілді. Кагановичтің басшылығымен дайындалып, И. Сталин қол қойған қаулы негізінде пайда болған КСРО НКВД-сы жанындағы айрықша кеңестің қағидаларын жасақтауға тым бас қатырылған жоқ. Ол толық дерлік ІІІ Александр патшаның жазалаушы заңдарының көшірмесі болды да шықты. Ал 1934 жылы желтоқсан айында И.Сталин айрықша кеңестің құзыреттіліктеріне сәйкесті КСРО орталық атқару комитетінің хатшысы Енукидзеден сол кездегі қолданыстағы «Қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына өзгерістер енгізу туралы» қаулы дайындап, жариялауды тапсырады. Нұсқау табан астында орындалады. Енді қай облыста, қай қалада немесе автономды республикада қанша «халық жауын» тауып, оларды ату,  түрмеге отырғызу жөніндегі тапсырма жоғарғы жақтан түсіп, орындала бастады. Сөйтіп, жаппай жазалау қарқыны күшейіп, бара-бара ұлттық окургтерді, бүкіл ел аумағын қамтыды. Оған өзіндік дербес көзқарасы бар жеке тұлғалар, саяси қайраткерлер, әскери басшылар, ұлттық мемлекеттік құрылысты ұйымдастырушылар мен зиялы қауым өкілдері де шарпылды. Әрине, тегіс жерден апат тудырып, жар астынан жау табу оңайға соққан жоқ. Сол себепті кез келген ілік азаматтарды қудалау құралына айналды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша бұл жазалау науқанына 1382 жерлесіміз ұшыраған (Азалы кітап. Орал қ. 2001 ж. 6 және 134-беттер). Болшевиктік жаппай қуғын-сүргін 1936 жылы 5 желтоқсанда саяси ұйым – Большевиктердің Бүкілодақтық коммунистік партиясына ВКП (б) басымдылық берген бірпартиялық мемлекеттік жүйенің іргетасы – КСРО Конституциясы қабылданғаннан кейін шарықтау шегіне көтеріліп, заңды мәртебеге ие болғаны және барша ұлт зиялыларының түп тамырына балта шауып, тарихқа қарамен таңбаланған әйгілі 1937 жылғы репрессияға ұласқаны белгілі. Кеңестік саяси қуғын-сүргін аппараты көктен түскен жоқ. Ол «ұлы орыстық шовинизм» билеген патшалық Ресейдің мемлекеттік басқару аппаратының Кеңестер одағы жағдайындағы өңі айналдырылған көрінісі болатын. Шовинистер кешегі «бұратана» халықтарды үрейлендіріп, тұқырту, жазалау арқылы қанды шеңгелінде ұстау әдісінен айныған жоқ. Өйткені оларда басқа жол жоқ еді. Ал кеңес өкіметі болса, жаңа социалистік құрылысты басқаратын мемлекеттік басқару аппаратын қалыптастыра алмағандықтан билікті «шовинизм» сырқатына шалдыққан патшалық Ресейдің ескі мемлекеттік аппаратына беруден басқа жол таба алмады.

Мемлекеттік аппарат ұғымы туралы Троцкий 1921 жылғы РКП(б)-ның X сиезінде мынадай анықтама берген: «Біздің партия – жалғыз партия. Сол себепті ол – саяси аппарат боп табылады». Троцкийдің тұсында партия саяси апппарат саналса, Сталиннің Кеңестік елінде партия – айыптаушы аппаратқа айналды. Сөйтіп, аппарат армиясы атына заты сай болып шыға келді. Қолданыста жүрген «apparatus» зат есімі «ap-park criminal in aliquem» – латындардың империясындағы «біреуге қарсы айыптау деректерін жинау» деген ұғымынан тарайды. Аппараттың саяси-құқықтық портретін Кеңес үкіметінің алғашқы басшысы Ленин (Ульянов) өзі бірінші болып салып кеткен еді. «К вопросу о национальностях, или об «Автономизации» атты мақаласында:

«Говорят, что требовалось единство аппарата. Но откуда исходили эти уверения? Не от того ли самого российского аппарата, который, как я указал уже в одном из предыдущих номеров своего дневника, заимствован нами от царизма и только чуть-чуть подмазан советским миром. Несомненно, что следовало бы подождать с этой мерой до тех пор, пока мы могли бы сказать, что ручаемся за свой аппарат, как за свой. А сейчас мы должны по совести сказать обратное, что мы называем своим аппарат, который на самом деле насквозь еще чужд нам и представляет из себя буржуазную и царскую мешанину, переделать которую в пять лет при отсутствии помощи от других стран и при преобладании «занятий» военных и борьбы с голодом не было никакой возможности. При таких условиях очень естественно, что «свобода выхода из союза», которой мы оправдываем себя, окажется пустою бумажкой, неспособной защитить российских инородцев от нашествия того истинно русского

человека, великороссашовиниста, в сущности, подлеца и насильника, каким является типичный русский бюрократ. Нет сомнения, что ничтожный процент советских и советизированных рабочих будет тонуть в этом море шовинистической великорусской швали, как муха в молоке» – деп жазды.

КСРО-ның 1936 жылғы Конституциясының 6-бабында КПСС-тің кеңестік конституциялық құрылыстағы орны заңды түрде бекітілді: «Руководящей и направляющей силой советского общества, ядром его политической системы, государственных и общественных организаций является Коммунистическая партия  Советского  Союза».

Демек, КПСС саяси басшы болса, ол Кеңестік мемлекетте орын алған жаппай саяси қуғын-сүргінге бірден-бір жауапты заңды тұлға болып танылуға жатады. КСРО Конституциясында КПСС-тің Кеңестік қоғамның басқарушы және жол нұсқаушы күші, оның саяси жүйесінің, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзегі болып табылатыны тайға таңба басқандай  бекітілген.

НКВД-ның халық комиссары Н. Ежов ойлап тапқан «особая тройка» соттан тыс саяси репрессия құрылымы болатын. Қазақ елінің бар азаматын қаралап, ар-намысын қорлап, «бандит», «вредитель», «враг народа» деп саяси жала жапқан бүкіл құқықтық-саяси құжаттарын заңсыз деп тапқан жағдайда ғана жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын саяси-құқықтық тұрғыдан толық ақтап алуға мүмкіндік аламыз.

ВКП (б) орталық Комитеті мен КСРО халық комиссарлары кеңесінің шешімі қабылданып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлықтары, КСРО ІІХК бұйрықтары шыққаннан кейін жаппай жазалау науқаны басталды. Халық жадында «үштік» деген тағы бір үрейлі атауы бар НКВД жанындағы айрықша кеңес істерді сотқа жеткізбей-ақ, үкім кесуге құзыретті болды.

37-нің зауалы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін большевиктік бұғауға түсіп, одақтас республикалар шоғырына күштеп таңылған одақтас республикалардың ұлттық мемлекет қайраткерлерінің өз елінің саяси-экономикалық тәуелсіздігін көксеген арман-мақсаттарын біржола түнекке үркітті. Саяси қуғын-сүргіннің шарықтау шегіне жетті.

Бүгінде отыз жетінші жылдар құпиясын ашудың кілті қолға іліктірмей жұмбақтала беруінде де мән бар. Ұлттың нағыз хас қаһармандары тоталитаризмнің қанды шеңгеліне түсіп кетті. Бүгінде ол жылдардың сенімді айғақтамалары – көз көргендердің естеліктері, архив құжаттары.

«37 зауалынан» кейін Кеңес үкіметі құрамындағы ұлт републикаларының саяси бостандыққа ұмтылуына, саяси мақсатта қайта бас көтеруіне мұрсат та болмай қалды. Батыстағы фашистік-нацистік гитлершіл Германияның Кеңес одағына шабуылы социалистік қоғам құру жолына бағыт алған мүдделес халықтарды ұлттық пәтерлерден еріксіз ортақ кеңістікке шығарып, фашистік тегеурінге қарсы тұрғызды.

Әрине, Кеңес одағының әлемдегі прогресшіл халықтардың қолдауына сүйене отырып, екінші дүниежүзілік соғыста Герман фашизмін жеңіп шыққан адамзат қоғамы алдындағы тарихи миссиясының маңызын ешкім жоққа шығармайды.

Бірақ құрбандықтары сол соғыспен теңесерліктей дерлік большевизмнің өз бұғауына түскен жүздеген ұсақ ұлтты құртып жіберуге бағытталған жымысқы саясатын қоздырушы ұлы орыстық шовинизмнің де адамзат баласына жасаған қиянатын ұмытуға болмайды.

«Ресей империясы ұстанған репрессиялық-экспансиялық саясаттың салдарынан тек қана Кеңес заманында 5 млн қазақ жаппай жазалау мен аштықтың құрбаны болып, 2 миллиондай қазақ шетелді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан астам қазақ дүниежүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әр түрлі ортада ғұмыр кешуде. Кеңестік алып машинаның табанында тапталған сол бір саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алмай болмайды» деп жазды тарихшы-ғалым Ж. Жақсығалиев «Ұлт ұландарының ұмытылмас ұлағаты» деген мақаласында («Орал өңірі». 20.07. 2003 ж.)

«Кеңес үкіметі тұсында қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы небір астарлы саяси әдістермен тұншықтырылып, жаншылды. Ұлттық «Алаш орда» қозғалысының күшпен талқандалып, көш басындағы серкелерінің қуғындалуы, байларды тәркілеу, ұжымдастыру саясаты, орташаларды («кулактар») қуғындау, осылардың салдарынан халқымыздың ұлттық дәстүрінің бұзылып, елде етек алған 1921, 1932 жылдардағы аштықтан адамдардың елден безіп, шетінеуі, 1929, 1940 жылдары жазу қарпінің екі мәрте өзгертілуі салдарынан ұлтымыздың сауатының тоқырауы, 1937 жылы ұлт зиялыларының саяси-қуғын сүргінге ұшырауы осындай саяси әдістерге жатады. Осы әрекеттердің бәрі де қарсылықтарға тап болып, осымен бір­ге ұлт-азаттық қозғалысы ашық та, астыртын да жалғасып жатты. Бірақ болшевиктік тегеурінге төтеп бере алмады», – деп жазды Ұлы Отан соғысы қарсаңында Батыс Қазақстан облысында құрылып, саяси жазаланған «Қа­зақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының мүшесі, кеңес өкіметі тұсында өмір бойы саяси қуғын-сүргінді бастан кешкен Сейітқали Бажекенов (А. Шахин, «Сол бір сүргін», «Дастан» баспаханасы. Орал, 2002  ж.).

«КСРО аумағында коммунистік режімге қарсы тап жаулары түпкілікті талқандалып, социализмнің идеялық қарсыластары саяси қуғындалып, большевизмнің күш алып кеткендігі сонша – шеткері ұлт аймақтарында сақталып қалған ұлттық теңсіздік идеясының бас көтеруіне коммунистік режім мүлде мұрсат бермей тастады. Ұлттық мүддесі басым саяси ұстанымдағы тіпті тұтастай ұлт аумақтары сталиндік жазаға тартылды. Фашизмге қарсы бүкіл прогресшіл адамзаттың екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісі Кеңестер одағының халықаралық аренадағы беделін нығайтып, ішкі саясатта сталинизмнің үстем айбарын беркіндіріп қалды. Оны И. Сталиннің жеке басқа табынушылығын әшкерелеген Н. Хрущев «жылымығы»  да, одан кейінгі социализмнің дәуірлеу кезеңдері де сауықтыра алмады. Атамекендерінен саяси мақсатта үдере көшірілген халықтар мен саяси көзқарасы үшін жазықсыз жазаланғандардың құқықтарын қалпына келтіру бағытында басталған жұмыс әкімшіл-әміршіл жүйені одан әрі ұстанған кеңес қоғамы жағдайында аяқсыз қалдырылды.

Кеңестік саяси қондырманы жаппай жазалау күшімен орнықтырып, соғыспен беркіндірген Ұлы одақта соғыстан кейінгі жылдары әкімшілік-әміршілдік механизмі қапысыз жұмыс істеді. Капитал дүниесімен тайталасқа түсіп, социализмнің ұлы жеңістерімен тұмшаланған ішкі саяси қайшылықтар жойылмаған, тіпті асқынған күйінде қала барды. Маркстік-лениндік идеологияға жат көзқарас атаулы қуғындалып, қапасқа  тығылды.

Коммунистік идеологияның саяси сүзгісі күшті жұмыс істеді. Кеңес өкіметі тұсындағы репрессияларды шартты түрде мынадай кезеңдерге топтастыруға болады: 1937 жылға дейінгі репрессия: азамат соғысы, байларды тәркілеу, ұжымдастыру, қолдан жасалған ашаршылық жылдары, алашордашылар қозғалысы.

1937 жылғы және одан кейінгі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, соғыстан кейінгі жылдардағы сталиндік репрессия: аз халықтарды жаппай жер аудару, атап айтқанда, Қазақстанға жер аударылған шешендер, Еділ жағалауы немістері, корейлер, Қырым татарлары және т. б. Соңғысы кеңестік тоталитарлық жүйе тұсындағы (1956-1986 жылдар) репрессия. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

Кеңес империясының тарқауы ғана саяси бостандық шымылдығын серпіді.  КСРО Президентінің 1990 жылғы 13 тамызда «20-50 жылдардағы барлық саяси қудалау құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы шыққаннан кейін Кеңес одағы шеңберіндегі жаппай саяси жазаланғандар заңды түрде ақталды. 1993 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының «Жаппай жазаланғандарды ақтау туралы» заңы шығып, архивтегі қылмыстық істер жан-жақты тексеріліп, саяси жазаланғандар ақталды. Жазықсыз жапа шеккендердің тізімі баспасөзде жарияланды. Облыста «Зерде» кітабы әзірленіп, оған 3 мыңнан астам адамның тізімі берілді.

1996 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 1996 жылды «Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жылы деп тану туралы» Жарлығы шығып, бұқаралық саяси-көпшілік жұмыстарының жүргізілуі Кеңес өкіметі тұсындағы саяси мақсаттағы жаппай жазалаулардың шынайы бетпердесін ашты. Құпия құрылымның архивіндегі тылсым құжаттарға тіл бітіп, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер мен естеліктер жаппай жарияланды. Жоғарыда аталған Президент Жарлығына байланысты облыста жазықсыз жазаланғандардың ісін қарайтын арнайы комиссия құрылып, өңірде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың мұрағаттардағы істерін қайта сүзгіден өткізді. Ақ Жайық өңірінде тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуіне зор үлес қосты.

Тіпті түрлі мекемелер мен ұйымдар өз салалары бойынша жазықсыз жазаланғандар туралы деректерді алып, сала мұрағаттарын толықтыруға пайдаланды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық басқармасының баспасөзде жарияланған мәліметіне қарағанда, осы жылдарда құпия мекеме архивінен ҚР Білім министрлігі республикалық педагогикалық музейге халық ағарту саласында істеп жүріп қаралы тізімге іліккен батысқазақстандық он төрт педагогтің «қылмыстық ісінің» құжаттарының көшірмелерін алса, Батыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музейі кезінде басшылық қызметтерде жасап жүріп, жаппай жазалауға ұшыраған 50 қайраткердің, мәдениет пен өнер саласында істеп жүріп, қуғындалған 20 тұлғаның, облыстық салық инспекциясы мен қаржы басқармасы осы салада істеп, жазықсыз жазалауға ұшыраған 30 адамның мағлұматын алған. Жаппай жазалау сот, прокуратура, басқа да құқық қорғау құрылымдарын да шарпыды. Оған сарғайған, шаң басқан архив құжаттары  айғақ.

 Аманкелді Шахин,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале