27.08.2018, 13:04
Оқылды: 33

Оралда жас педагогтар слеті өтуде

Биыл облыстық білім басқармасы «Өсу векторы» мектебі аясында тың жобаларды қола алуда. Бүгін «Дарын» қосымша білім беру орталығында облыстық «Идея. Ізденіс. Шабыт» жас педагогтар слетінің ашылу салтанаты болды.

Басқарма жанындағы облыстық әдістемелік кабинеттің директоры Аягөз Хамзинаның айтуынша, мектептердегі оқу жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнының үшінші кезеңімен ұштасуда. Слетке өңірдегі жалпы білім беретін мектептерде еңбек жолын бастағанына үш жылдан аспаған жүз жас маман қатысуда. Жас мамандар үшін жоспарға сәйкес танымдық, қызықты шаралар ұйымдастырылады. Сондай шараның бірі – слеттің алғашқы күні EDTECH.KZ халықаралық білім орталығының бас директоры, халықаралық деңгейдегі психолог Ғани Бейсембаев «Жаңа жағдайға жас мұғалімдердің бейімделуі», «Педагогикалық полилог» тақырыптарында тренингтер өткізуде.

– Жаңа білім беру мазмұны бойынша адам жанын ұғына білу өте маңызды. Бала психологиясын терең түсіну, ата-анамен қарым-қатынас, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, командамен жұмыс әдістерін білу жас мамандарға  өте қажет. Слетта ақын, журналист Мұнайдар Балмолда, тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыровамен және «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу, республикалық «Үздік педагог» жеңімпаздарының шеберлік сыныптары, «READх жобасы NIS көзімен»  жобасы, облыстағы үздік білім беру ұйымдарының тәжірибесін көрсету, тақырыптық сессиялар мен спорттық марафондар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ әлеуметтік желіні тиімді пайдалану жайы талқыланады. Жас мамандардың ұстаз болып қалыптасудағы табандылығына байланысты өзіндік көзқарасымен де танысамыз, – деді Аягөз Хамзина.

Облыстық жас педагогтар слеті «Дарын» орталығы мен «Евразия» сауықтыру кешенінде тамыздың 29-сына дейін өтеді. «Өсу векторы» мектебі бойынша танымдық шаралар жыл бойына жалғаспақ. Жоба аясында бұған дейін 100-ден астам мектеп директорының жазғы лагері ұйымдастырылған еді.

Нұртай Алтайұлы

суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале