9.08.2019, 10:04
Оқылды: 186

Оралдық әскерилер үйі өртенген отбасының балаларына оқу құралдарын сыйлады

Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері баспаналары отқа оранған бес балалы Дархандар отбасына көмек қолын созды. Әскерилер республикалық «Мектепке жол» және «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында көмекке мұқтаж жандардан жәрдемін аяған емес.

909cabec-87b4-412b-9479-5294073ca138

Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының жасақтау бөлімінің бастығы, капитан Нұрлан Баймұхановпен тәрбие, идеологиялық, əскери-патриоттық, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерімен жұмыс бөлімшесінің инспекторы Жанар Қайсағалиева Дархандар отбасына арнайы барып, ұл-қыздарына оқу құралдары мен ойыншықтар табыстады.

Айта кетейік,  ағымдағы жылдың 5 шілдесінде Зачаганск кентіндегі Сарытау шағынауданының Күлтегін көшесінде орналасқан Оралбек Оразбаевтың жеке тұрғын үйіне жапсарлас орналасқан сарайынан өрт шыққан. Қызыл жалынның кесірінен аталмыш отбасының тұрғын үйі отқа оранып, көршісінің де  шатырын шарпыған. Тілсіз жауды жедел өрт сөндіру қызметкерлері ауыздақтап үлгерген. Үй иелері Оралбек пен Құралай – бес балалы ата-ана. Перзенттерінің алды онға келсе, кішісі бір жастан асқан.

«Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді» демекші, панасыз қалған отбасына Зачаганск әкімдігі құрылыс материалдарын алып берсе, сарытаулық тұрғындар да әр түрлі көмектерін аянып қалмаған.

– Сарайға газ бен ток көзі тартылмаған. Өрттің шығу себебі белгісіз болғандықтан, іс қозғамадық. Қыстық киім-кешегіміз түгелдей отқа оранды. Басымызға қиын күн туғанда жәрдемдескен барша қайырымды жандарға алғыс айтамын, – деді көпбалалы ана Құралай Утепова.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале