13.12.2019, 10:51
Оқылды: 227

Заң саласының сардары

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің зайырлы, құқықтық мемлекет болып қалыптасуына үлес қосып келе жатқан жанның бірі – Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Амантай Рашқалиев. Тіпті туған күніне дейін ҚР прокуратурасы құрылымдарының құрылған күнімен тұспа-тұс келетін Әбекең биыл өзінің елу бесінші қысын қарсы алып отыр.

rashkaliev

Прокурор болу оңай ма?

Бөкей ордасы ауданының Т.Масин атындағы ауылында өмірге келген Амантай Елтайұлы бала кезден құқық қорғау саласының қызметкері болуды армандаған екен. Оған өзі жиі оқитын шытырман оқиғалы кітаптардағы қаскөйлермен күресіп, әділеттіліктің орнауына бар күш-жігерін салатын кейіпкерлер себепші болса керек. Одан бөлек, әкесінің досы болып табылатын аудан прокуроры Жеңіс Қапезовтің де кескін-келбеті, осы бағытта айтатын әңгімелері бала көңіліне әсер еткен. Мектеп қабырғасында жүргенде «Кім боласың?» деп сұрағанда «Прокурор боламын!» жауап беруі де сондықтан. Әкесі секілді «Екі сөйлеу – ерге сын» деген қағиданы ұстанған ол мектеп бітірерде де өмірін заңгерлік саламен байланыстыратынын кесіп айтты.

– Ол кезде заң факультеті ҚазМУ мен ҚарМУ-де болатын. Оған бірден барып түсу өте қиын. Соған орай бірінші әскерге бардым. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен соң, Қарағандыда милиция қызметкері болып еңбек жолымды бастадым. Қоғамдық тәртіп сақшысы қызметіне кіру оңай болған жоқ. Ішкі әскер қатарында болғаным мұндағы сынақтан өту кезінде маған көп септігін тигізді. Айта кетейін, мені қызметке қабылдаған Қарағанды қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Болат Ысқақов 2000-2002 жылдары ҚР Ішкі істер министрі болды. Сақшылық қызметте үш жыл еңбек етіп, аз да болса тәжірибе жинақтаған соң, жолдамамен Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түстім. Ол кезде жасым 24-те, үйлі-баранды болатынмын. 5-курста оқып жүргенімде Теміртау қаласының прокуратурасына қызметке тұрдым. Екіүш жыл сонда, соңынан Қарағанды облыстық прокуратурасында тергеуші болдым.

Дипломымды алып, еңбекке араласқан уақытым тәуелсіздіктің елең-алаң шағы еді. Ол кезде егемен еліміздің көптеген заңы әлі шығып үлгерген жоқ. Негізінен, Кеңес заманындағы заңнамаларды басшылыққа алатынбыз. Ал олар шынайы өмірге сәйкес келе бермейтін. Себебі, қоғамдық формация өзгеріп, ел нарықтық экономикаға көшіп кетті. Көптеген жайт бұрынғы заңнамада көрсетілмеген. Міне, осындай жағдайларға қарамастан, қиыннан қиыстырып, жол тауып, еңбек етуге тура келді. Кеңестік жүйе күйреп, бір орталықтан басқарылып тұрған тәртіп жойылған соң, қылмыс атаулы өршіп кетті. Әсіресе, мен осы саладағы еңбек жолымды бастаған Теміртауда криминогендік ахуал тым күрделі болды. Соған орай демалыс дегенді білместен, кабинетте қона жатып жұмыс істеуге тура келді.

Жалпы, бұл кезеңдердегі жұмыстың ауқымы өте зор, жауапкершілік жүгі зіл батпан еді, – деп еске алады Амантай Елтайұлы.

Жас прокурордың Теміртау мен Қарағандыдағы нәтижелі еңбегі ескерілсе керек, 1995 жылы ол ҚР Бас прокуратурасына қызметке алынды. Аса маңызды істер жөнінде тергеуші болып бір-екі жылдай еңбек еткеннен соң, жаңадан құрылған Мемлекеттік тергеу комитетіне ауысты. Мұнда екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін комитеттің Батыс Қазақстан облысындағы департаментінің бастығы Қабдығали Ахметовтың шақыруымен Оралға оралды. Алғашында департаменттің тергеу басқармасына, содан соң 6-бөлімшесіне жетекшілік жасады. Көп кешікпей тергеу комитеті тарап, қайтадан прокуратура саласына барды. Кейін сот актілерін орындау департаментінде еңбек етті. 2001 жылы Орал табиғат қорғау прокуроры болып тағайындалды. Соңынан Жаңақала, Теректі, Зеленов аудандарының, Орал қаласының прокуроры болды. 2012-2018 жылдары қаржы полициясы саласында, яғни БҚО, Атырау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттерінде басқарма басшысы, департамент бастығының орынбасары болып қызмет атқарды. Былтырдан бері облыс прокурорының орынбасары лауазымында.

Заңгерлер әулеті

«Біз Өтемістен туған он едік» деп от тілді, орақ ауызды жауынгер ақын Махамбет жырлағандай, бұлар да бір әкеден он перзент болып өрді. Құдайға шүкір, бәрі де аман-есен, ел қатарлы өмір сүріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында аянбай тер төгіп келеді. Он баланың бесеуі заң саласын таңдапты. Жанұядағы ұлдың үлкені болып табылатын Амантай бастаған бұл жолды тетелес інісі Сағынтай жалғады. Республикамыздың бірнеше өңірінде әскери прокурор қызметін атқарған ол қазір доғарыста. «Айбын» орденінің иегері Сағынтай Рашқалиев бүгінде Алматы қаласында тұрады, адвокат. Одан кейінгі інісі Естай БҚО әділет департаменті бастығының орынбасары. Қарындасы Гүлзада – Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық сотында судья. Ал кіші інісі Нартай болса, шекара қызметінде әскери сардар. Күйеу балаларының ішінде де заңгерлер бар.

Амантай ағамыздың қызы Айым да ҚарМУ-дың заң факультетін тәмамдады. Ұлы Әбілқайыр да осы мамандықты таңдағысы келгенде, өзі техникалық салаға бағыттаған екен. Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген Әбілқайырдың мамандығы мұнайшы-инженер, өзі атына заты сай азамат болып қалыптасып келеді. Сонау Қарағандыда жүргенде дүниеге келген ұлының есімін Кіші жүздің ханы секілді батыр әрі дипломат болғай деген ниетпен Әбекеңнің өзі қойған еді. Ұлы сол сенім үдесінен шығуда.

Әкенің қатал тәрбиесі

Амантай Елтайұлының өзі де әке үмітін ақтаған жан. Елтай ағамыздай діні қатты адамның баласы болу да, оның сенімінен шығу да оңай болған емес.

Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әкелер туралы әзілінде айтатыны тура бұлардың да басынан өтті. Мінезінің қаттылығы шығар, баланы сүю, өбектеу деген Елтай ағамыз үшін жат қылық. Тым мейірленгеннің өзінде де бастарынан ғана сипаумен шектелетін. Сұсты жаннан көпшілік айналып өтуге тырысатын. Тіпті ол келе жатқанда анасына дейін елеңдеп отыратын еді. Себебі жалғыз ұлын ештеңеден қақпай, тарықтырмай, еркін өсірді. Содан болса керек, өз дегенімен жүрді. Өр, намысқой болды. Ешкімге есесін жібермейтін. Өзіне қарсы бірде-бір артық сөз сөйлетпейтін. Тіпті балалары есейген соң да оған қарсы ештеңе демейтін. Егер «Әке, мынауыңыз дұрыс па өзі?» деп айтса, «Сендерден ақыл сұрап отырғаным жоқ!» деп оларды тыйып тастайтын.

Әбекеңнің айтуынша, әкенің қатал тәрбиесінің арқасында олар өмірде көптеген жетістікке жетті. Мектеп бітірерде «Қайда барып оқысаңдар да өздерің біліңдер, ешкімді тежемеймін» деп балаларына батасын беріп, қалталарына ақшасын салып, бәрін жан-жаққа жіберді. Тек Нұртай деген баласын қасына алып қалды. Сөйтіп, перзенттерінің оқып, тоқуына жағдай жасады. Бірақ бірде-біреуінің артынан іздеп барған емес. Осындай қатал тәрбиенің арқасында Рашқалиевтар үлкен өмірге тез бейімделді.

– Әкемнен дарыған қасиет болса керек, ешкімге күнімнің түскенін қаламаймын. Туысты да, досты да артық мазалағым келмейді. Абай атамыз айтқандай, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» демекші, өмірде ешкімге үміт артқан емеспін.

Ойлаған нәрсеміздің реті шығып жатса, әрине, қуанамыз, ал ыңғайы болмаса, бұйырмаған шығар деп сабыр сақтап жүреміз. Ел-жұрттың арасында «лауазымды қызметке тұру үшін жоғарыда көкең, не көп ақшаң болуы керек» деген сияқты сөздер бары белгілі. Мен мұнымен келісе бермеймін. Егер мамандығыңды жетік меңгерсең, уақытпен санаспай еңбек етсең, көпшілікпен тіл табыса білсең, адамгершілік қасиеттерің болса, басшылық тарапынан мұның бәрі де ескеріліп, бағаланатыны өмірлік тәжірибем көрсетіп отыр. Өмірдегі азды-көпті жетістіктерімізге өз талпынысымызбен, білім-білігімізбен, өз еңбегімізбен жеттік. Мен де, бауырларым да аудандық, қалалық, облыстық деңгейлерде, біраз мемлекеттік құрылымдарда қызмет істеп, тәжірибе жинадық. Қазіргі тілмен айтқанда, меритократия қағидаттарынан өттік. Ал қазіргі жастар бәріне тез қол жеткізіп, тез бастық болғысы келеді. Иә, бүгінгі жастар білімді, ақылды, жан-жақты. Бірақ оларға еңбек, өмірлік тәжірибе жетіспейді. Осыған орай жас әріптестеріме «тез пісіп, тез шіритін алма сияқты болмаңдар» деп айтып отырамын.

Жалпы, біздің құрылымда дұрыс жүрмесең, көпшілікке жеккөрінішті болып кетуің мүмкін. Бұл бағытта өзім дұрыс жүре білдім деп ойлаймын. Арым таза. Осы өңірдің перзенті болғаннан кейін, ертең зейнетке шыққаннан соң елдің бетіне тіке қарағым келеді.

Иә, біраз адамның үстінен іс қозғадым, сотқа жолдадым, олар сотталған шығар, бірақ бәрі заң аясында. Қаржы полициясында қызмет еткенде сыбайлас жемқорлық бағытында ұсталған жандардың арасында таныстарым кездесіп, көмек сұрағандар болды. Ондай жандарға бұл қылмысты менімен келісіп, ақылдасып жасамағанын айтып, қолымен істегенді мойнымен көтеру керектігін жеткіздім, – дейді Елтайдың Амантайы.

«Демократиялық қағидаттарды ұстанамын»

Бүгінгі таңда әке әрі ата болып отырған кейіпкерімізден өзі бала тәрбиесінде қаншалықты қатал екенін де сұрадық. Иіні жұмсақ жан екенін айтқан Әбекең егемен еліміз секілді өзінің шағын мемлекетінде демократиялық қағидаттарды ұстанатынын баяндады. «Сөздің шыны керек, мен жасықтау болып өстім, – дейді ол. – Орда бұзар жасқа келгенге дейін ойымды бірден айтуға ыңғайсызданатынмын. Бұл қатал тәрбиеден шығар деп кейде ойлаймын. Сол себепті балаларыма шектеу қойғым келмеді. Көп нәрсеге демократиялық тұрғыдан қарауға тырыстым. Содан болса керек, әлі күнге дейін балаларыммен тең дәрежеде сөйлесемін. Олар әкем не дер екен деп қорқып отырмайды. Дастарқан басында ашық пікір алмасамыз. Әркім өз ойын бүкпесіз жеткізеді. Мәселен, 13 жасар кіші қызым менімен келіспесе «Әке, сіз дұрыс айтып отырған жоқсыз, сіз егде адамдар сықылды ойлап отырсыз, менің ойым былай…» деп өз пікірін айтады. Мен сол ойын дәлелдеуін сұраймын. Ұлым да тап солай ой-пікірін бүкпесіз айтып, оны дәлелдесе, мен келісемін. Міне, балаларымды осылай еркін ойлайтын, еркін сөйлейтін етіп өсірдім. Себебі осындай жастар ғана еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге сүбелі үлестерін қосатын болады».

Саналы ғұмырын заң саласына арнап келе жатқан Амантай Рашқалиевтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл” медалімен, І және ІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін” ведомстволық медальдармен, Құрмет грамоталарымен, алғысхаттармен марапатталды. Өмірін өнегемен өрген Амантай Елтайұлының ісі де, сөзі де, өмірлік жолы да көпшілікке үлгі екендігі сөзсіз.

Сәкен Мұратұлы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале