9.06.2020, 21:06
Оқылды: 73

Жеке инвесторлардың екі жобасы мақұлданды

Инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңес мүшелеріне жеке инвесторлардың екі жобасы таныстырылды.

4E2045AE-4504-4CEF-A037-F51CF235E4A1

Бетон өнімдерін өндірумен айналысатын «ZemProm» жеке кәсіпкерлігі қала маңындағы Деркөл кентінен шағын индустриалды аймақ салуға ниетті. Ол үшін кәсіп иесіне үш гектар жер қажет. Оның екі гектарына тауарлы бетон мен бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын салуды, қалған бір гектарына шағын және орта бизнеске арналған сауда орындарын орналастыруды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды.

Ал Бәйтерек ауданына қарасты Январцев ауылында орналасқан «Baystone» ЖШС көкөніс қоймасын салуды қолға алмақ. Бұл жобаның құрылысына серіктестік 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсайды екен. Бір кезеңде 4000 тонна жеміс-жидек пен көкөніс сақтауға қауқарлы қойма 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

– Жеке инвестордың бастамасымен шағын индустриалды аймақ салуды жақсы ұсыныс деп есептеймін. Шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған сауда орнындарының аумағын неғұрлым кеңейту керек деп ойлаймын. Сіз ұсынып отырған 800-900 шаршы метр сауда орны аздық етеді. Ол жердегі индустриалдық аймақтың көлемі кем дегенде 7-8 мың шаршы метрді құрау керек. Бәйтерек ауданынан көкөніс қоймасын салу да жақсы шешім. Елдегі төтенше жағдай кезінде көкөніс тапшылығы біраз сезілді. Қоймалар санын кеңейтіп, қорымыздың көлемін арттыруымыз қажет, – деді Ғали Есқалиев.

Онлайн түрде өткен басқосуға қатысқан кеңес мүшелері аталған екі жобаны да бірауыздан мақұлдады.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале