4.07.2017, 17:42
Оқылды: 23

«Ақылды тоңазытқыш» туристерді тәнті етті

 

ordaӘлемнің барлық мемлекетінің ең үздік техникалық, ғылыми, мәдени жетістіктері көрсетілетін халықаралық көрмеден үлкен әсермен оралдық.


Бұл менің өмірімдегі ең маңызды сапарлардың бірі болды. Астана қаласын алғаш көруім. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Өтеғұлов бастаған делегация құрамында барған едік. Көрмеге 168 мемлекет, 18 халықаралық ұйым қатысуда. Әр елдің жаңа техникалық жабдықтары, көлік тасымалы, қызмет көрсету жүйелері, қала құрылысы, сәулет өнері тың серпін берді.

Қазақстандық павильон ұлттық бояуға қанық. Халқымыздың салт-дәстүрі, қонақжайлылық қасиеті толық көрініс тапқан. «Болашақ энергиясы» көрмесі сегіз қабаттан тұратын алып шар тәрізді ғимаратта орналасқан. Әр қабат ғарыш, күн, биомасса, жел, су, т.б. энергияға арналған. Сондай-ақ, Эйфель мұнарасымен танымал Франция бұл жолы туристік велосипедпен және сыртқы у-шуды ішіне енгізбейтін қабырғамен ерекшеленіп тұр. Үндістандықтар өз елдерінің мәдениетін, Греция пирамидасы мен күміс әшекей, естелік бұйымдарын жарнамаласа, қытайлықтардың «ақылды тоңазытқышы» әлемнің әр елінен жиналған туристерді тәнті етті. Онда тоңазытқышқа салынған тамақтардың сапасы жайлы ақпарат беріліп тұрады. Пәкістандықтар қыш құмыраларын сол жерде жасап жатты. Латын Америкасының павильонын тамашалауға кезекке тұрған туристерде қисап жоқ. Әйтеуір, әр елдің мәдениеті, өнері, экономикасынан хабар беретін бұл халықаралық көрмені тамашалауға мектеп оқушылары неғұрлым көптеп қатысса, танымдары кеңейе түсері сөзсіз. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл көрмеге келушілер үшін қалта көтеретін дастарханы да әрдайым дайын. Баршаңызға жаңашылдыққа негіз болған «ЭКСПО – 2017» көрмесін көруге кеңес беремін.

Диляра ҒАБДОЛЛИНА,

Бөкей Ордасы ауданы әкімдігінің  бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале