25.09.2017, 12:51
Оқылды: 28

Ақжайық ауданында батагөйлер байқауы өтті

bataАқжайық ауданының орталығы – Чапаевта 1 қазан – Қариялар күніне орай батагөйлер байқауы өтті.


Аталған байқауда ауылдық округтерден келген он қарияның өнерінен тіліміздің қуаты, сөз өнерінің құдіретін сөзсіз аңғарғандай болдық. Олар даңқты Қарасай батырдың балаларына, Бауыржан Момышұлының келіндеріне берген ел есіндегі баталардан, өздері білетін бата түрлерінен үзінділер келтірді. Кезеңдер бойынша дауыс, мақам, мазмұнға аса мән берілді. Олардың ішінде топ алдына шыққанда тосылып қалғандары да, суырылып шығып үсті-үстіне бата беріп, жиналғандарды риза қылғандары да болды.

Алғабастық Ерсайын Сарбаев, Қабыршақты ауылынан келген Ілияс Тоққалиев сынды қазыналы қарттардың дайындықтары жоғары деңгейде болғаны көрініп тұрды. Мысалы, тайпақтық Сейілхан Зейнетов ел аузындағы ескі баталарды жинақтап, өзінің шығарғандарын да қосып, шағын жинақ дайындап әкелгені сөз қадірін түсінген жұрт үшін үлкен олжа болды.

С.Зейнетов қарияның жадының мықтылығы, мақам әуезділігі салғаннан аңғарылды. Сондықтан оған байқаудың бас жүлдесі талассыз берілді. Зейінімен ерекшеленген батаға бай ақсақалдың бірі Ілияс Тоққалиев сөзсіз І орынды жеңіп алды. Мергендік Зайдолла Әубәкіров, Алғабастан келген Ерсайын Сарбаев ІІ орынды, алмалылық Жанәділ Құспанов, ақсуаттық Табылды Молдағалиев, чапаевтық Сейілхан Мыңжасов ІІІ орынды еншіледі.

Шара барысында алдыңғы толқын аға-аталарымыздың мерейін өсірген бір қошемет – аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Мұшағалиев ішкі істер бөлімінің ардагері Виталий Сәрсенғалиев пен Құмар Мұсағалиевқа «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерейтойлық төсбелгісін, Тілеген Мақановқа «ҚР ІІМ ардагерлік ұйымына 45 жыл» медалін, Бақытжан Қоспаев, Оразбай Қажығалиев, Мичурин Жадитовқа Ұлттық ұлан ардагерлері Қазақстандық ұйымының Алғысхатын табыстады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале