18.06.2024, 19:00
Оқылды: 124

Әуежай қызметкерлерінің құқығы тапталуда

Теректі ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу» жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысы өтті.

image-18-06-24-06-13

Жиынға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, облыстық мәслихат депутаты Сержан Идиятов, аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері, бірқатар бөлім басшылары мен мамандары, кәсіпкерлер қатысты. Күн тәртібінде сегіз мәселе қаралды.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова үш жақты комиссияның 2024 жылғы жұмыс жоспарын бекіту, еңбек ұжымдары арасындағы еңбек дауларына жол бермеу, «Парыз - 2024» конкурсына қатысу жұмыстарын ұйымдастыру туралы баяндады.

image-18-06-24-06-13-5
Арайлым Махметқызы өз сөзінде Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай қызметкерлерінен 2023 жылдың наурыз айынан бастап күні бүгінге дейін жалақы берешегінің қалыптасуы, еңбек өтіліне сай жалақы төленбеуі, әуежайдағы өрт сөндіру қызметі басшысының ұжым қызметкерлерінен тек орыс тілінде сөйлеуді талап етуі сияқты мәселелер салдарынан әлеуметтік шиеленістің бар екендігі жөнінде хат келгенін айтып, аталмыш жағдайды анықтау қажеттігін мәлімдеді.
Жиынға қатысқан әуежай өкілдері айтылған айыппен келіспейтіндерін алға тартып, жұмыс барысын көзбе-көз көруді ұсынды.

image-18-06-24-06-13-4
Ірі және орта кәсіпорындардағы, оның ішінде мұнай-сервистік компаниялардағы қызметкерлердің жұмыстан босатылуы және жұмыс күшінің басқарылуы туралы «Мансап» орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Сақипкереева:
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Еңбек нарығы» жүйесі арқылы мониторинг жүргізу барысында 265 адам жұмыстан босатылған. Біздің орталық қызметкерлері бұл азаматтарға жұмыстан айырылу бойынша өтемақы алу құқығы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 264 адам жұмыс орнынан қысқаруына, ал 1 адам өз еркімен жұмыстан босауына байланысты жұмыстан айырылу ретінде өтемақы алу үшін жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Бұл адамдарға «Жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы тағайындау» мемлекеттік қызметі көрсетілді. Ал биыл 47 адам жұмыстан босатылып, оның 45-і біздің орталыққа жолықты. Сайып келгенде, 30 адамға жұмыстан айырылу бойынша өтемақы тағайындалды. Қалған 12 азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, өтемақы тағайындалуын күтуде, - деп теректіліктердің жағдайын жеткізді.
Одан бөлек жалақы, міндетті зейнетақы жарналары жөнінде, кірістер басқармасы басшысының м.а. Е.Томпишев, округтдердегі меморандумдардың орындалуы бойынша Приречный ауылдық округі әкімінің м.а. Р.Байғасиева, Богданов ауылдық округінің әкімі А.Нұрғалиев айтты.
2024 жылға жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша атқарылған жұмыстар туралы Ақжайық ауылдық округінің әкімі Б.Қадыралиев, Подстепный ауылдық округінің әкімі М.Сұлтанов, Шаған ауылдық округінің әкімі Е.Исеев, Теректі ауылдық округінің әкімі А.Рспаев, Ақсуат ауылдық округі әкімінің м.а. Н.Каримов, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында еңбек қатынастарын реттейтін келісімшарт жасау жұмысы жайлы аудандық білім беру бөлімінің басшысы М.Сапарғалиев толығырақ түсіндірді.

Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале