13.04.2022, 15:15
Оқылды: 103

Ғабдолла Оңаев: «Садақа – той емес!»

Елдің діни сауатын арттырмақ үшін Сырым ауданындағы исламтанушылармен, имамдармен болған сұхбаттарды жариялап келеміз. Әрі бұл рухани әңгімелер Рамазанның рең – нақышын арттыра түсердей. Бүгін «Имам мінберінде» - Жымпиты мешітінің найб имамы Ғабдолла Оңаев.

13

-Ғабдолла аға! Ел ағасы ретінде ел ішіндегі қаза, жаназаның қызметінде жүресіз. Білікті имам – молда болғандықтан да халық сізге жүгінеді. Жалпы дінге қызметіңіз қай уақытта басталды?

-Ағузу биллаһи минаш – шайтанир ражим! Бисмилляһи рахманир рахим! Аллаға шүкір, әлімсақтан мұсылман баласымыз ғой. Дегенмен, 2000 жылдардың басында ата дініміз – исламға түбегейлі бет бұрып, шариғаттың шарт – талаптарын орындай бастадым. Ол кезде Жымпитыдағы мешітте Медеу Құрманғазиев бас имам болып қызмет атқарды. Сол кісіден сабақ алып, үйрендім. Кейін азаншы болдым. Одан соң Орал қалалық мешітінде молдалық қызмет жасадым. Қаланың мешітінде жұмыс жасап жүргенде Түркиядан келген Рәсім ұстаздың алдын көру бұйырып, білгенімізді нығыздап, білмесімізді үйреніп алдық дегендей.

Білімімді жүйелеу үшін Смайыл Сейітбектің медресесінде оқыдым. 2021 жылы Бөрлі ауданындағы Бөрлі ауылдық мешітінде бас имамдыққа тағайындалдым. Одан Ақсай қаласына қызметқа ауыстым.

Қазіргі кезде Жымпиты мешітінде найб имаммын. Міне, біздің өмірбаян осындай.

2000 жылдары Жымпитыда молдалар, тіпті намаз оқитын жандар өте аз болды. Елдің «дін – апиын» деген атейстік дәуірден құтылып, есін жаңа жинап жатқан шағы. Тұрмыстық тапшылық та жоқ емес, Мешітте жұма намазы кейде оқылады, кейде оқылмайды. Имамның артына екі адам ұйып, жалпы саны үш адам жамағат болып, жұма намазын оқып жүрдік. Сол кездегі аудандағы діни ахуалдың қандай екенін түсіне беріңіз.

-Сіздің кәсіби бағдарыңызға қатысты әңгімені жалғайық. Жаназа мен жамағат әдебі, қабір басындағы тәртіп тақырыбы газет бетінде осыған дейін қозғалды. Халықтық түсінік пен шариғат талаптары үндесіп келеді ме? Әлде әлі де кереғар түсініктер бар ма?

-Иә, мешіт қызметкері болғандықтан халық жаназа намаздарын өткізуге шақырады. Марқұмдарды оң жаққа салып, жуындырып, кебіндеуге қатысамыз. Жаназа намазына әрі кетсе бір-екі адам тұрады. Кейде имамның жалғыз өзі оқиды. Оны неге жасырамын?

Аллаға шүкір, қазір ахуал түзелді ғой. Жаназа намаздары жамағатпен оқылуда. Мешіттегі намаздың сабын жастар толықтырып жатыр. Олардың түсінігі, білімі, дінді ұстануға деген көзқарастары өте жақсы. Жымпитыдағы екі мешітте де жамағат бар. Азан дауысы ауылдың қос қанатынан қалықтап шығып жатады. Жұма намаздарында иық тірескен халық қарасы көп. Бүгінгі буын осының бәрін қалыпты деп есептейді. Бірақ, біз кешегі кездің жайын жаңа баяндадық қой. Бұл иман, бұл дәреже, бұл бірлікке ел оңайлықпен жеткен жоқ. Алтын күмбезді мешіт, аңқыған азан, созылған сап – әуелі Алланың нығметі, халықтың жанашырлығымен, мешіт қызметкерлерінің табанақы, маңдай терімен келген олжа еді.

Жаназа намазының үкімі – парыз кифая. Яғни, міндетті түрде атқарылуы тиіс. Бір адам өтесе, барлық адамның мойынынан түседі. Егер бір мұсылманның жаназасы оқылмаса, сол ауылдың мұсылмандары күнәһар болады. Исламның бұл талабы – адамның қадір-қасиетін, бағасын айшықтап беріп тұр.

Ардақты елші, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадистерде:

- Кімде-кім жаназа намазына қатысса, бір қырат сауап алады. Қабіріне дейін барып, топырақ салса және бір қырат сауап алады. Сонда сахабалары пайғамбардан сұрапты:

- Я, Расулалла! Ол қандай қырат? Оның мөлшері қандай?

- Ол – Ухуд тауының үлкендігіндей сауап. – деп жауап берген ардақты елші. Міне, бауырласыңды, ауылдасыңды ақтық сапарға намазбен шығарып салу – осындай мәртебеге ие қылады.

-Жаназадағы сән-салтанат, байлық жарысы туралы не ойлайсыз? Көзге ұратын тұстары бола ма?

- Абай «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол!» - демейді ме? Кісісі өлген кейбір қаралы үйлерге 300 не одан көп адам жиналады. Халықтың көптігі соншалық, ас берілген мейрамхана ғимараттарына сыймай қалып жатады. Дастархан тойдың дастарханынан кем болмай жатады. Дәмнің түр- түрі бар дегендей. Бұл – ысырапшылдық. «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап етпеңдер!» - деген дініміз, мұсылмандарды орынсыз шашылудан тыйған. Осы жағын шектеу керек. Қимасынан, жақынынан айырылып жатқан уақта дастарханның шұжық – қазымен, түрлі салаттармен, жеміс-жидек, тәттілермен сіресіп тұрғаны ыңғайсыз емес пе? Қазаның дастарханы қарапайым болуы тиіс. Тіпті керек болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен мәзір бар.

Кейде қазалы үй барлықтан емес, «Халықтан ұят болады? «Не жетпейді екен?» - деп сөз қылады ғой» деген алаңмен, амалсыздан, қарызданып аста-төк дастархан жаяды. Демек, тоқтыққа, дәулетке үйренген біз басқаларға көңілімізден осындай талап қоятын болып тұрмыз ғой. Қаралы шаңырақтарға салмақ салмасақ екен... Сыбағасын таратып, шелпек-бауырсағы мен шайын берсе, мейіз-өрігін шашып қойса жарамай ма?

Садақа - той емес!

Зират басында да сақтайтын әдептер бар. Бір өлікті алып барып тұрып, басқа марқұмдардың зиратын аралап кету, гу-гу әңгіме айту жиі кездеседі. Марқұмдарға құрмет болуы тиіс.

-Сіз де орта жасқа келдіңіз. Замандастарыңызға, қазақ азаматтарына не айтасыз?

-Біреудің әкесі, біреудің анасы дүниеден өтіп жатады. Марқұмдардың артында ұрпағы қалады. Әке дүниеден өтсе ұлдары, ананың демі үзілсе қыздары жуындырып, кебіндеп, намазына тұрып, ақтық сапарға өз қолдарымен аттандыруға құқылы. Бұл – перзенттік борыш қой бір жағынан. Замандастарыма, артымыздағы кейінгі толқынға үлкен кісілердің сол қызметіне жарайықшы дегім келеді.

Десек те, ата-анамызға көздері тірісінде қызмет қылған, бізді бағып-қаққандай, бағып, аялағанға, бізді кір-дәреттен тазалап, таза киіндіргендей, оларды да ақ төсекте, аялы алақанда ұстағанға не жетсін?

Алла баршамыздан разы болсын!

-Әмин!

 

Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале