21.01.2021, 10:53
Оқылды: 578

Ит екеш итке де паспорт керек

Иә, иә. Сіз қателескен жоқсыз. Тақырыпты айғайлатып қойғандағы да мақсатымыз осы – оқыған адамның жадында осы ақпарат мықтап сақталып, асыраған ит-күшігі, мысығы болсын, құжатын реттеп, ресми тіркетуі керек. Бәзбіреулер  мысқылдап күлетін шығар, бірақ қаңғыбас иттер өріп жүргенде, осы бір әрекет дұрыс секілді.

1E823D77-47DF-4665-963E-BE6B35A2B191

Қаңғыбас иттер демекші, Францияның әйгілі актрисасы Бриджит Бардо Қазақстандағы төртаяқтылардың жайын уайымдап, Президентімізге хат жазып, дүйім елді шулатқаны көпке мәлім. Содан бері көше кезген иттердің мәселесі жүз қаралып, ақырында иттерді атуға болмайды деген гуманистік шешім қабылданды. Осыдан соң қоғамның пікірі қақ айырылып,  бірі «ату керек» деп келтесінен қайырса, енді бірі «обал болады, жануарларға мылтық кезеу түгілі, қол көтеруге де болмайды» деп шу шығаруда. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, оны сараптау біздің құзырымызда емес, міндетіміз – жануарларды ұстау тәртібін көпшілікке байыппен жеткізу ғана.

Жаңа ереже – жаңа тәртіп

Ит пен мысық ұстаудың тәртібін білмек ниетте Ақжайық аудандық ветеринарлық станцияның директоры Асхат Әбдешевке хабарластық. Әу дегеннен әңгімені ит пен мысықты атуға тыйым салынғанынан бастаған ол мына ақпараттармен бөлісті:

– 2019 жылдың 28 тамызында облыстық мәслихат депутаттарының қабылдаған шешімімен облыс елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары бекітілді. Біз иттерді аулау және жоюмен тікелей айналысатын мекеме болғандықтан, осы құжатқа сүйене отырып, қызметімізді атқарамыз. Енді осы ережеге толығырақ тоқтап өтетін болсам. Бұралқы жануарларды аулау мына мақсаттарда жүзеге асырылады: алдымен адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу, жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу мен олардың салдарын болдырмау, көпшілікті жан-жануар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, табылған жағдайда иесіне қайтару, бұралқылардың санын биозарарсыздандыру тәсілімен азайту, оларды басқа жерлерге орналастыру.

F019FA03-09EB-4A59-8962-06ACA3E2F781

Яғни бұл ережеге сүйенсек, бұралқы жануарды атуға мүлдем болмайды. Тек қана олар ауыр науқас болған жағдайда немесе адам мен жануарлардың өміріне нақты қауіп төндіргенде ғана өлтіріледі. Бұрын иттерді ату арқылы қаңғыбас жануарлардың санын азайтатынбыз. Қазір бізде мұндай құзірет жоқ. Біз тек оларды аулап, биозарарсыздандыру арқылы көбею мүмкіндігінен айырып, иесі табылған жағдайда қайтарып, табылмаса, бұрын өзі мекен еткен ортасына қайтара аламыз.

Айталық, 2019 жылы 1124 ит пен мысық атылса, былтыр 162 ит ауланды. Олардың 92-сіне кастрация жасалып, 70-і жоғарыда көрсетілген себеп бойынша жойылды. Әрине, бұл жерде екі жылдағы көрсеткіштің арасында неліктен осындай алшақтық бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған тек қарапайым арифметикамен ғана жауап беріледі. Өздеріңіз түсінетіндей, итті атып тастап, мүрдесін көме салуға көп қаражаттың керегі жоқ, ал иттерді аулау, оны піштіріп, артынша жарақатынан айыққанша арнайы орында ұстауға керісінше қомақты шығын кетеді, - дейді мекеме басшысы А.Әбдешев.

Оның айтуынша, былтыр аудан орталығының шетіне ауланған иттер мен мысықтарды ұстайтын арнайы орын жасақталған. Мұнда бір мезетте 16 итті ұстауға жағдай жасалыпты. Яғни, әр жануарға арналып, тор құрылған. Осы орында болған кезінде тамақ-суы да беріледі екен.

Жануар менікі, жауапкершілік жұрттыкі

Итің жаман десе, намыстанатын халықпыз, ал сол алыпсоқтарды асырап отырған өзімізді жаман десек, қайтпекпіз?! Әрине, кез келген адамның үй жануары ретінде ит пен мысықты асырауға құқы бар, бірақ құқымен қатар ит асыраудың өзіндің ережесі бар екенін көбінесе есімізден шығарып жатамыз. Жоғарыда сала өкілі келтіріп кеткен мысалдарға сүйенсек, осыдан екі жыл бұрын ауданда 1000-нан астам ит атылған. Ал былтыр солардың қатары қайта көбейді. Бұл жерде гәп өзімізден екенін де ойлау бізге таңсық. Қайта ұйлыққан төртаяқтыларды желіге салып, әкім-қараны кінәлап боламыз.

Желіні толтырған бейнероликтердің бірін біз де көрдік: құйрығы қайқиған бөрібасарлардың ішінде арып-ашып, бұралқының күнін кешкен бір-екеуін болса да, байқамадық. Жондары күжірейген алыпсоқтардың кейбіреулерінің мойнында қарғы да бар. Осыған қарап, үйірдегі иттердің иесі бар екенін анық білуге болады-ау. Ал сол иттер көктем келе күшіктемей ме?!

«Біздің үй аудан орталығының шетінде. Көктем шыға үйдің айналасын күшіктер қаптап кетеді. Біреулер әкеліп тастап кететінін білеміз. Бірақ қыңсылаған күшік тасыған ешкімді көрген жоқпыз. Түн қараңғысында үйдің маңына, өжеттеулері тіпті аулаға лақтырып кетеді. Үйде балаларымыз бар, күшіктерді көрген олар қуанып, ойнап кетеді. Бір ауруды жұқтырып ала ма деп қорқасың, әрі топырлаған ит кімге керек. Қырға апарып тастаймыз. Қожайынының кінәсы емес пе, ұрғашы иттерін байлауда ұстап, бос жібермеуі тиіс. Жануарды ұстаудың өзіне үлкен күш пен жауапкершілік керек. Егер қайда барсаң, онда бар деп босатып қоя берсек, қанша жерден атып, аулағанмен бұралқылардың саны көбейе береді. Заң жүзінде иттерді атуға тыйым салды екен, енді билік басындағылар өз иттеріне ие болмаған тұрғындарға да жүктелетін жауапкершіліктің салмағын артса екен», - дейді Чапаев ауылының тұрғыны Әсел Садық.

Иттердің бақылаусыз көбейетіндігі француз Бриджит Бардоның ойына келмек түгілі, түсіне де кірмейтіні анық. Неге дейсіз ғой, себебі өркениетті елде азаматтар жануарларды күту және ұстауды қадағалайтын заңды бұлжытпай сақтайды. Шетелдің қай ит туралы түсірген қай фильмін алсаңыз да, олардың барлық жағдайы жасалған. Итімен күніне екі рет серуендеп қайтатын қожайыны оған лайықтап, жататын, ойнайтын орнын жайғастырады. Дүкенге тамақ алуға барса, итіне де қоса алатындарын қайтерсіз. Көшеде жүргенде де, қарғыбаудан жібермей, іш босата қалса, арнайы пакетке жинап, қоқыс контейнеріне салып кетеді. Өйтпесе, тұрған мекенінің келбетін, экологиясын бұзғаны үшін айыппұл төлейді. Егер итіңнің жағдайын тиісті деңгейде жасай алмасаң, жануарлардың құқық қорғайтын мекеме әп сәтте жетіп келіп, асырап отырған ит-мысығыңды бір сөзге келместен, арнайы панаханаға алып кетеді.

Тура бір ертегідей, келісесіздер ме?! Ерте ме, кеш пе, бізде де осындай талаптардың қойылатыны анық. Сондықтан бүгіннен бастап, ауладағы итімізге қырағы қарап, бет алған жағына жібермей, қадағалауымыз керек.

Итің болсын чиптеулі

Ал енді ит пен мысықты ресми тіркету процесі қалай жүргізіледі, осыған нақтырақ тоқталайық. Кез-келген үй жануарын асыраған қожайын алдымен арнайы дәріханалардан паспорт сатып алып, сол құжатпен ветеринарлық станцияның мамандарына келеді. Осы жерде оған чип орнатып, базаға тіркейді. Артынан егер итіңіз жоғалып кетсе, осы чип арқылы табуға мүмкіндік мол.

Сонымен қатар ветеринарлық станция бұралқыларды стерилизация жасаумен қатар жеке тұрғындардың да ит-мысықтарына қатысты осындай қызметтерді көрсетеді. Яғни, ұрғашы ит пен мысығыңыздан «ұрпақ сүйгіңіз келмесе», тиісті ақысын төлеп, кез-келген уақытта піштіртіп тастай аласыз.

«Біздің мекемеде еркек мысықты кастрациялауға 2300 теңге болса, еркек иттерді кестірудің құны  5800 теңге, – дейді станция директоры, – егер қажет деп тапсаңыз, жарақаты жазылғанша, панаханаға тастап кетуіңізге болады, мамандар уақтылы жарақатын өңдеп, тезірек жазылып кетуіне септеседі. Айта кететін жайт, еркек жануарларды кез келген ветеринарлық дәрігер кастрациялай алады. Ал ұрғашылардың стерилизациялауға оқып келген аудан бойынша тек бір маман бар. Толық ақпаратты біздің мекемемен хабарласып білуге болады».

Алла тіршілік иелерінің ішінде сананы нығмет ретінде тек адамға ғана берген. Сондықтан жауапкершілікті өзгеге ысырмай, өзің асыраған, өсірген алыпсоқтардың бүгіні мен ертеңі тек иесіне ғана байланысты екенін ұмытпайық. Чиптейсіз бе, кастрациялайсыз ба? Әлде асырандыңыздың тұқымын көбейтесіз бе – ол сіздің ғана шешіміңіз. Тек сол әрекетіңіз айналадағыларға зардабын тигізбеуін айт.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале