9.10.2019, 10:21
Оқылды: 346

Мал ұрлығы: себептер анықталып, шаралар қабылданды

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлан Рахымжанов пен аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратовтың қатысуымен ведомоствоаралық жиын өтті. Күн тәртібінде қаралған басты тақырып - мал ұрлығы.

orda (2)

Мал ұрлығы көрсеткішінен облыс бойынша «көш бастап» тұрмыз. Өткен жылы 11 мал ұрлығы тіркелсе, биыл 9 айда 33 факт тіркелген. Мал ұрлығының ашылуы 75%. Сегіз қылмыс ашылмай тұр.

-Бағымсыз мал ұрыларға оңай олжа боп отыр. Тіркелген фактілердің тек біреуінде ғана мал қорадан ұрланған. «Малым ұрланды» деушілердің басым көпшілігі ұрлық туралы екі ай, тіпті жарты жыл өткен соң полицияға келіп, шағымын тіркеткен. Әрине, мұндай жайттар қылмыстың ашылмауының басты факторы. «Жылқым ұрланды» деп келген мал қожайыны жылқысының қай үйірден, қашан кеткенін білмейді. Тіпті жылқысының негізгі белгілерін айта алмайды,- дейді АІІБ бастығының уақытша міндетін атқарушы Жангелді Салауатов.

-Мал ұрлығы ауданда орын алған жалпы қылмыстың 58,9%. Мал ұрлығының басым бөлігі Хан Ордасында (13 факт), Бисенде (12 факт) тіркелген. Жалпы саны 31 жылқы, 19 ірі қара, 23 ұсақ мал қолды болып, мал иелеріне жалпы сомасы 12,7 млн. теңгенің материалдық шығыны келтірілген. Мал ұрлығының 85% (28) еркін жайылымнан бағымсыз жүрген жерінен орын алған. Ұрлық фактілерінің 19-ы немесе 57% -ы жөнінде мал иелері полиция органына 1-2 жыл өткен соң хабарлап, жедел-іздестіру шараларын дер кезінде жүргізіп, қылмыстарды уақытында ашуға кедергі.

orda (3)

Қазіргі таңда, әрбір үшінші мал ұрлығы қылмысы ашылмаған, 9 немесе 40% осы санаттағы қылмыстық істер тараптардың өзара татуласуына арқылы байланысты сотқа дейінгі сатыда тоқтатылған. Осы өзара мәмілеге келудің өзін ұрлықтың тамыр жаюына бірден бір ықпал етуші фактор деп тануға болады. Малы қолды болған азамат кінәсі мойындалып, қылмысы жария болған ауылдасын кешіріп, құн төленіп, шығын орнының толғанына. «Ұры материалдық шығынды қалай өтеді?» деген сауалға жауап іздемейміз. Өздеріңізге белгілі қаңтарда заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ұрыларды тізгіндеп, жауапкершілікті қатайтады деп сенеміз, -деді аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратов.

orda (4)

-Аудан транзиттік жол торабында тұрған, келім-кетімі көп аудан емес. Ұры да, малын ұрлатып, сан соғып қалған мал иесі де осы ауылдан. Ұры алыстан келген жоқ. Бағымсыз, жайылымда еркін жүрген мал ұрыға олжа болмағанда қайтеді? Енді бір санаулы күндерде соғым науқаны кеп жетеді. Сол кезде мал ұрлығының саны мұнан да артады. Сондықтан да мал ұрлығының, заңсыз мал тасымалының алдына алу шараларын ширатуымыз керек, -деп шараны қорытындылаған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Жиын соңында мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында іс шаралар жоспары жасақталды. Нақты қадамдар бекітіліп, барлық құзыретті және полиция органдарына малдың бағымын ұйымдастыру, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүйелі жүргізу, мал сою мен ет өнімдерін өткізу орындарының қызметіне бақылауды күшейту, осы санаттағы қылмыстардың алдын алу мен ашылу деңгейін арттыру, мал айдау жолдарында «ерікті жасақшыларды» тарту арқылы патруль жүргізуді ұйымдастыру, аудан халқы арасында түсіндірме жұмыстарын кең көлемде белсенді атқару, шаруа қожалықтарымен бақылау құрылғыларын (дрондар, GPS-трекерлер) кеңінен қолдану, нормативтік құқықтық базаны жетілдіру тапсырылды.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале