16.06.2020, 15:28
Оқылды: 135

«Мама, менің саған барғым келмейді»

 Қымбатты оқырман, аудандық "Теректі жаңалығы" газеті бетінде «Баланың көңілі анада, ананың көңілі далада» деген мақала жазылған еді. Өз баласын тастай қашып, «гөләйттап» жүрген жүрегі қатыгез жандар жөнінде айтылған мақалада Теректі ауданының  ауылында бір ана өткен күзден бері жоқ екенін тілге тиек еттік.

Mama

 Қырыққа келсе де, «қыдыруын» қоймаған

Міне, енді бұл ана табылыпты. Қазір Шаған ауылында тұрып жатыр екен. Жоғалып табылған Тамара үш рет тұрмысқа шығып, үш рет ажырасқан. Үш рет құрсақ көтерген. Жасы қырыққа таяп қалса да «қыдыруын» қоймаған. Жұмысты сылтауратып, ұшты-күйлі жоғалған бұл кісінің қандай жұмыс істегенін ешкім де білмейді. Біресе ана үйде, біресе мына үйде жүретін ол телефонға да мүлдем жауап бермейді. Жалпы, елімізде, елімізде дейміз-ау, осы Теректі ауданы бойынша балаларына жауапсыз қарайтын аналар уақыт өткен сайын көбеюде. Олардың саны соңғы бес жыл ішінде елуге жеткен. Бұрын ер адам ішімдікке салынып, бала-шағасынан қашатын еді, енді бұлардың қатарына әйелдер қауымы қосылғаны, жүректі қынжылтады. Не болып кетті, өзі? Басқаны қайдам, біздің дана да дара қазақ халқының қанында жоқ еді. Тәрбиеден десек, тексіз емес едік. Бәлкім, тұрмыс тауқыметі ме?  Алайда  сонау қиын-қыстау кезеңмен салыстырғанда, қазіргі уақыт шүкір заман емес пе? Мәселен, ашаршылық, соғыс жылдарында да қиын тұрмыстың зардабын тартқан аналарымыздың өзі балаларын тастап қашқан жоқ. «Қайткен күнде де осы баларымды аяқтарынан тұрғызып, жетілдіремін» деген арман-ойдың жетегімен оларды өсірді. Ендеше, қазіргі аналарға не көрінді? Рухани азықтың жоқтығы ма? Жоқ, әлде көңілдің тоқтығы ма? Бұған жасы тоқсанға таяп қалған Мәруа Көпбергенова әжеміз бүй дейді: «Ее, балам-ай, осы жасқа келгенімде, мына Тамара секілді келіншектердің қылығын естимін деп ойладым ба? Тек Тамара емес, мұндайлардың кең етек алуы, өте қиын. Сабырдың, шыдамдылықтың жоқтығы. Мына бір керемет заманда, бәрін де дұрыстап алуға болады ғой. Тек осы сабырлы болуды үйренбей-ақ қойды адамдар. Өмірде кездескен кішкентай кедергіні «қиын болып кетті» деп көтере алмайтындарына таң қаламын. Қырыққа келгенше үш мәрте тұрмыс құрған деген не сұмдық? Ұят!» деп ренішін білдірді кейуана.

«Бауырдың аты – бауыр»

«Мама, мен саған барғым келмейді». Бір ауыз сөз адамды мұңайтады. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда бұл сөзді жас бала жиі айтады. Солардың бірі – Тамараның балалары. Көптен бері іздеуде болған Тамара ауылға оралғанымен, қос балапанына оралмады. Себебі олардан әзірше бас тартты. Қазіргі таңда жас балаларды оның аға-жеңгесі бағуда.

– Мектеп жасындағы балаларды, яғни жиендерімізді, жолдасым екеуміз тәрбиелеп отырмыз. Өздеріміздің де балаларымыз бар. Балалардың анасының қайда, не істеп жүргенінен бейхабармыз. Тұрақты жұмысы бар ма, жоқ па, оны да білмейміз. Өйткені араласпаймыз. Ренжуліміз, әрине. Ал балалардың тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы. Үй шаруасына да көмектесіп жүр. Олар «мамамызға бармаймыз» деп отыр. Аналары тастап кеткенге өкпелейді, –деді Тамараның жеңгесі Жанат.

Бауырдың аты – бауыр. Қарындасының қылығына қанша жерден реніш білдірсе де, аға-жеңгесі жиендерін  далаға тастамады, пана болды.

 «Балаңды тастама, Тамара!»

«Бала – бауыр етің. Балаларын тастап кететін аналардың кейін өкінері сөзсіз. Тамараның  ішкі жан дүниесі де алай-дүлей шығар, кім білсін? Ол кісі де күйзелісте жүрген болар, бәлкім». Бұл психолог Майра Тілендінің сөзі. Оның айтуынша, «мамамызға бармаймыз» деп айтқан балалар да өз аналарын іштей сағынып жүруі мүмкін.

– Ананың орнын ешкім баса алмайды. Аналары қанша жерден жаман  болса да,  балалары үшін ананың орны зор. Олар бұл сөзді қазір ренішпен айтып отыр. Бірақ олардың ішкі дүниесінде үлкен сағыныш бар. Әлі де кеш емес. Олай болса,  ойлан Тамара!  Балалар қанша жерден сенімді жерде болса да, олардың жүрегі «ана» деп соғары анық. Балаларды тастама, Тамара, – дейді психолог маман.

Теректі аудандық білім беру бөлімінің қамқоршылық, қорғаншылық істері жөніндегі маманның айтуынша, әу баста жергілікті тұрғындардың көмегімен Тамараның қызы қаладағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырған. Содан кейін анасын іздеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жағдай комиссия отырыстарында қаралып, сотқа ісі берілген. Тамара соттың болатынын біле тұра,  бұл процеске қатыспаған. Сол себепті сот шешім қабылдап, ана құқынан уақытша шектеп,  балаларды аға-жеңгесінің тәрбиесіне берді. Сөйтіп, аталмыш бөлім осы жағдайларға бей-жай қарамай, бұл отбасын ұдайы назарға ұстаған.  Балалардың айдалада  үлкендердің қарауынсыз қалмауын қадағалап, аға-жеңгесіне тапсырды. Ата-ананың қателігінен балалардың зардап шекпеуін ойлап, оларды сенімді жерге орналастырып, құжаттарын реттеп берді. Білім бөлімі мамандарының айтуынша,  егер Тамара өз қателігін мойындап түсіндірсе, балапандарын қайтадан бауырына басуына мүмкіндігі мол.

Торғай екеш,  торғай да балапанын қорғайды. Жалпы, Тамара секілді аналар аң-құсқа қарағанда санасы бар адам ғой. Демек, уақыт зырылдап өтіп кетпей тұрғанда,  мұндай жандар дер кезінде ойлануы керек. Баланың көз жасы, бәрібір аналарды бақытты етпейді. Осындай жағдайдан кейін ананың өмірі «ғажап өмірге» айналып кетпесі айдан анық.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале