13.10.2017, 16:32
Оқылды: 10

Сырым ауданында кәсіпкерлік субьектілерінің саны өскен

Сырым ауданында Батыс Қазақстан облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Сырым аудандық филиалының есебі тыңдалды. Филиал директоры Айдынғали Балғалиев төралқа мүшелері мен жиын қатысушылары алдында жергілікті палатаның тоғыз айдың аясында атқарған жұмысы туралы баяндады.

Сырым ауданында барлығы 1200 шағын кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Бұл көрсеткішті кешегі жылдың осы мерзімімен салыстырсақ, шағын кәсіпкерлік субьектілерінің саны 11, 2 пайызға көбейгенін байқаймыз. Саны көбейіп қана қоймай, субьектілердің қызмет және өндіріс көлемі де оңынан өзгерген. Өзгеріс көлемі – 3, 4 пайызды құрады. Өсім салықтық түсімде де бар. Биыл 132 тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Кәсіпкерлердің дені ауылшаруашылық саласына қатысты болып отыр.

Кәсіпкерлік саласындағы істің алға басуының бір себебі деп, филиал директоры Айдынғали Балғалиев «Береке» отбасылық мал бордақылау бағдарламасының қабылдануын атады. Қазіргі күні 84 жанұя тиісті несие қаржысын алып, ол қаржыны «жұмысқа салып» үлгерді.  Ауданымызда осы бағдарлама қабылданғанға дейін барлығы 19 ауыл шаруашылығы кооперативі болса, «Береке» бағдарламасы негізінде  3 кооператив және іске кіріскен.

Филиал директоры өзінің сөзінде аудандағы кәсіпкерлік саласының түйткілді тұстарын да айтты. Соның бірі – жер түгендеу жұмыстарының мардымсыз жүруі. Осы мәселенің кесірінен көптеген шаруашылық пен кооператив мемлекеттен уақытылы жер телімін ала алмай отыр. Несие пайызының жоғары болуы – келесі кедергі. Төмен пайызды несиелер жоқ емес, бар. Бірақ, жеткіліксіз. Өйткені, бұл несиелер жеке тұрғындардан ауыспай отыр. Ауылшаруашылығы субьектілерінде мамандар тапшылығы тағы бір мәселенің шетін ашуда. Бұдан басқа, директордың баяндамасына аудан шаруалары ауданда мал сою алаңдарының жұмысының мардымсыз екенін қосты. Жиынның әрі қарайғы барысы мәселелердің туындау себебі мен шешілу жолын талқылауға ұласты.

Күн тәртібіндегі мәселелер мен шаруалардың сауалы бойынша БҚО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Марат Нұрғуатов сөйледі. Жиынды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев баяндады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале