Мұсылман болу - Алланың таңдауына ілігу. Алла Тағала өзіне иман еткендерді мұсылман деп атаған. Қасиетті Құранда: «Алла бұдан бұрын да, осы Құранда да Алла елшісінің сендерге (яғни, діндеріңе қаншалықты берік екендіктеріңе) куә болуы және өздерің де күллі адамзатқа куә болуларың үшін сендерді «мұсылмандар» деп атады», - деп анық айтады.
Әрбір мұсылман - ұстаз
Мұсылман атану - бір мәртебе, ал сол атқа лайық өмір сүру - міне, ең маңызды мәселе осы төңіректе. Мұсылман адам - жер бетіндегі Алланың куәгерлері, асыл дінін ұстанушылар. Ислам дінінің қоғамға қаншалықты пайдалы екенін түсіндіретін және адам өміріне өте қажетті дін екенін мұсылмандар ғана көрсете алады. Сол үшін де Алла мұсылмандарға осынау міндетті сеніммен артқан. Сол міндетті барша» мен мұсылманмын» деген адам дұрыс түсініп, анық сезінуі керек. Абай атамызша айтқанда:
Ақырын жүріп анық бас
Еңбегің кетпес заяға
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
Әрбір мұсылман өзін Абай атамыз айтқандай «ұлттың,қоғамның ұстазындай» сезінуі керек қой. Сонда жауапкершілікті сезіне түсер.
Жалпы мұсылман адамның жауапкершілігін не үшін қозғап отырмыз? Қазіргі таңда басым көпшілік адамдар мән бермейтін бір іс бар, ол – ысырап жасау. Ысырап деген дінде де, қазақ салтында да құпталмаған іс болып табылады.
“Еріншек, бекер мал шашпақ..”
Сөздің басын мұсылмандық туралы қозғадық қой. Ең алдымен ысыраптың діндегі түсіндірмесіне тоқталайық: Ысырап - керек-жарағыңды, дүние-мүлкіңді, орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау. Алла Тағаланың берген нығметтерін өз орнымен пайдаланбау міне осындай кесапатқа апарады. Тағы Абайға жүгінеміз. Ақынның “бекер мал шашпақ” - дейтіні осы көрініс. Мағынасынан түсінгеніміздей, ысырап ету тек мал-дүние, ішіп-жеуге қатысты емес. Алланың пенделеріне берген ең үлкен нығметтерінің бірі – уақытты да тиімді пайдаланбау немесе бос нәрсеге құрту – ысырап болып табылады. Бұл басы бөлек тақырып. Әуелі дүниені ысыраптау, барды шашуды талқылайық. Рұқсат етілген нәрселерді мөлшерінен артық пайдаланудың бәрі бос шығынға әкеледі. Алла тыйым салған (араққа, құмар ойынға, зинақорлыққа) нәрсеге қаражат жұмсауды да ысырап емес деп кім айтты?! , оны Құран тілімен «әт-тәбзир» деп атаймыз. Раббымыз Құранда бұл ысыраптың түріне қатысты «Сөзсіз орынсыз мал сарп еткендер шайтанға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші»,- деп (Исра сүресі 27- аят) ескерткен. Алла Тағала Құранда Ағраф сүресі 31-ші аятында: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді»,- деп анық айтқан. Осы аяттың түсіндірмесінде Ибн Аббастан мына сөз жетеді: «Қалағаныңша ішіп-же, қалағаныңша киім ки, алайда ысырап пен дандайсудан сақтан», - деп ескерткен. Пайғамбарымызда (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер. Бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», - дейді. Қазақта бір ауыз сөзбен «Судың да сұрауы бар» деген. Яғни бабаларымыз адам баласы әрбір ісі үшін жауап беретінін, әсіресе ысырап қылғаны үшін қатты сұрауда болатынын жақсы білген. Сондықтан өзімізге зиянды болатын істі әзірден жасамауымыз қажет. Сұраудың міндетті болатынын Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді бостан-босқа жараттық, әрі сендер Бізге кері қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?»,-деп бізді ойлануға, әр ісімізді байыппен, сақтықпен жасауға шақырады.
Ысырапшылдық ырысыңды шашады
Адам өмірі әрқилы. Алла біреуге байлық берсе, енді біріне кедейлік береді. Байлыққа шүкір етіп, ысырап қылмай, даңдайсымай жоқ-жітікке қарайласу тиіс. Ол жоқшылық келген адам сабыр етуі керек. Алла Тағала тағы бір аятында: «Қолыңды (сараңдық жасап) мойныңа байлап алма және қолыңды бүкілдей (тым ысырапқа барып) ашып та жіберме. Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың»,- деп келтірген. Бұл жерде жақсылықты да жасау кезінде шектен шықпау керек. Яғни, өз отбасыңды да шетте қалдырма деген сөз.
Ысырапқорлықтың зияны анық бар. Жалпы дін бізді бір істен тыйса, демек ол нәрседе ешқандай пайда жоқ деген сөз. Ысырап не үшін зиян болды?!
Қазалы үй қазан көтерген бе?!
Ойланып көріңізші, біз бүгін дәл ысыраптың ортасында жүрген жоқпыз ба?!
Той-томалақтағы аста төк дастарханды, дәстүрден алыс дарақы салттарды былай қойғанда, қазалы үйде де ысырапқа жол берудеміз. Шариғат қазалы үйге тіпті ас әзірлеп, қазан көтеруден қайтарған. Бұндай істі марқұмның жанұясы емес, көршілері немесе туған-туыстары атқаруы керек. Былай қарағанда жөні сол ғой. Өзі жақынынан айырылған әулетте қазан көтеріп, дастархан жаятын күй болады ма?! Қаза кезіндегі дастархан негізінде алыстан келегн адамдарға арнап жайылады. Ауыл тұрғындарына емес. Ауыл тұрғындары көңілін айтып, көмек керек болса қолғабыс қылып, кері қайтуы керек. Кісі өлген үйде ас ішіп отыру да жақсы іс емес. Қайғырып отырған адамды шамамыз келсе жақсы сөздер айтып жұбатуымыз керек. Ал бізде кейде, қаралы үйде орынсыз сөз сөйлеп, бірінің айтқанын бірі қайталап, сөзбен жарысып жатады. Адам өзінің қайда барып отырғанын, ол жерде не сөйлеу керегін жақсы білуі қажет. Бізде қаза болған үй елден ұят болмасын деп, дастарханды тойдың дастарханынан артық қылмаса кем қылмайды. Мұндай жөнсіз ысыраптан тыйылғанымыз жөн. Осы тұста Шәкәрім атамыздың «Шаруа мен ысырап» өлеңін әр қазақ жаттап санасына құйып алса.
Өлеңде:
Қайтер еді жігіттер
Тым қымбатты кимесек,
Мақтан үшін борышты
Үсті-үстіне үймесек?! - деп қымбатшылыққа үйір болудан қайтармақ. Асылында біз “Келген жұрт не айтады?!” - деп қатты уайым қыламыз. Негізінде бұл қате түсінік. Керісінше менікі қателік болып, ел оны менен көріп әдетіне айналдырып жүрмесін деп қатты уайымда болуы керек. Қазір қарасы, жетісі, қырқы тағы басқа еске алулар тойханаларда жасалуда. Сұрастыра келсең, бұрын ондай емес еді, кейін пайда болды деп жатады. Демек оны бір адам бастаған, басқасы қолдап кеткен, ақыры қоғамдық дертке айналып отыр. Қаза кезінде, еске алу қонақасыларында дастарханды қатты әсемдемеңіз. Шәкәрімнің манағы өлеңін жалғастырсақ:
Бал қоймай-ақ, май қойсақ
Келген қонақ жемес пе?
Мұнша неге құмармыз
Түбі пайда емеске?! - деп өте орынды айтқан. Келуші сізді сынау үшін келмейді, сіз шама шарқыңызға, шариғатқа сай әрекет қылыңыз, адамдар ақырын көне бастайды. Шамамыз келгенше өзімізді және қоршаған ортамызды ысыраптан тыйып жүруіміз керек.
Нұрәлім Қисметов,
Сырым ауданының орталық мешітінің бас имамы