Орал қаласындағы «West Plaza» қонақ үйінде «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Ашық әңгіме» атты жастар форумы өтті. Аталмыш жиын гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.

Форум жұмысына мемлекеттік құрылым өкілдері, сала мамандары және жастар қатысып, бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелерді ортаға салды. Іс-шараның модераторы, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Анаргүл Сисенова жиынды ашып, қатысушыларды маңызды тақырып төңірегінде ашық диалогқа шақырды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Заң мен тәртіп» идеологиясы жүзеге асырылуда. Осы бағытта ұйымдастырылып отырған бүгінгі «Ашық әңгіме» форумының мақсаты – жастармен еркін сипатта кездесіп, маңызды мәселелерді талқылау, – деді ол.
Модератор өз сөзінде жаңадан қабылданған Конституцияда ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту бағыттарына ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, «Неке – ер мен әйелдің тең құқықты одағы» деген норманың енгізілуі қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға жол ашады.
Жиын барысында тарихтағы қазақ әйелдерінің рөлі де кеңінен сөз болды. Ұлт жадында сақталған Томирис, Айша бибі, Домалақ ана, Зере ана сынды аналардың өнегелі жолы бүгінгі ұрпақ үшін рухани бағдар екені айтылды. Қатысушылар әйел адамның қоғамдағы орны тек отбасы шеңберімен шектелмей, ел дамуына қосқан үлесімен де айқындалатынын ерекше атап өтті.
Форум барысында бірқатар спикер мазмұнды баяндама жасады. Алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Афиза Семғалиева бұл бағыттағы жаңа бастамалар мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірде балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Ал облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Диляра Саттарова өз баяндамасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы нақты шаралар туралы айтты.
– Біздің бүгінгі іс-шарамыздың негізгі мақсаты – ең алдымен, ақпараттық бағытта. Яғни әрбір адамға қиын өмірлік жағдайға тап болған кезде қайда жүгіну қажет екенін жеткізу. Өйткені бүгінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы бөлімшелер жұмыс істейді. Ең бастысы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл – біздің бүгінгі кездесудегі негізгі мақсаттарымыздың бірі. Арамызда отырған студенттердің кейбірі қазірдің өзінде отбасы құрудың алдында тұр, енді бірі жақын уақытта осы қадамға барады. Осындай кезде ата-аналар әрдайым барлық мәселені толық түсіндіріп бере алмауы мүмкін. Сондықтан біз осындай ашық диалог алаңдарын жиі ұйымдастыруға тырысамыз.
Бұл – жастардың қайда жүгіну керектігін түсінуі үшін қажет. Әр кездесуде біз ең бірінші тірек ата-ана екенін үнемі айтамыз. Олар – сіздердің ең жақын досыңыз әрі қолдаушыларыңыз. Дегенмен осындай кездесулер де жастарға бағытбағдар беруде маңызды рөл атқарады, – деп түйіндеді сөзін Диляра Махмудқызы.
Келесі сөз кезегін алған облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Закир Хамзин жастар саясаты аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның пікі-рінше, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – мұндай мәселелердің алдын алудағы негізгі тетіктердің бірі.
Форумның ерекшелігі – оның еркін сипатта, емен-жарқын өтуінде болды. Қатысушылар өз ойларын ашық айтып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар жиынның мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы азаматтық қоғам және жастар ісі жөніндегі бөлімнің бас маманы Адайхан Мұратжан өз сөзінде мәселенің өзектілігін атап өтіп, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың қатаң бақылауда екенін жеткізді.
– Бұл бағыттағы барлық жұмыс тұрақты бақылауда. Өткен жылмен салыстырғанда тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактілерінің артқаны байқалады, әсіресе әйелдерге қатысты жағдайлар көбейген. Бұл – біз үшін маңызды сигнал. Қоғамда агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін түсін-діруіміз керек. Бұл – тек әйелдерге ғана емес, кәмелетке толмағандарға да қатысты мәселе. Біздің негізгі мақсатымыз – жастар мен уәкілетті құрылымдар арасындағы байланысты нығайту, ашық диалог арқылы құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, – деді ол.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс айтты. «Ашық әңгіме» алаңында көтерілген ойлар мен ұсыныстар алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Ерке Мереке,
Орал қаласы