ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Түркістан облысының Келес ауданында интенсивті бау шаруашылығын дамытуға бағытталған бірегей жоба жүзеге асырылуда.

Фото: gov.kz
«Нұржан» шаруа қожалығы шетелден әкелінген жеміс дақылдарын жергілікті климаттық жағдайларға сәтті бейімдеп, шабдалының таңдаулы сорттарынан алғашқы өнім алды. Кәсіпкер Нұржан Омаров 2025 жылы Түркия Республикасынан «Орион» сортындағы шабдалының 15 мың көшетін әкеліп, 12 гектар аумаққа отырғызған болатын. Заманауи агротехнологиялар мен күтіп-баптаудың халықаралық стандарттарын қолдану арқылы бұл көшеттер жақсы жерсініп, күтілген мерзімнен бұрын жеміс бере бастады.
Бұл табысты тәжірибе биыл да жалғасын тауып, өндіріс ауқымы одан әрі кеңейді. Кәсіпкер «ҰЛЫ ДАЛА» өндірістік кооперативінің аумағында жобаның жаңа кезеңін бастап, 30 гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен жаңа шабдалы көшеттерін отырғызды. Кооперативтің жалпы жер көлемі 51,3 гектарды құрайды. Нұржан Омаровтың айтуынша, жобаның басты мақсаты — ауылдық жерлерде интенсивті бау шаруашылығын дамыту және жер ресурстарын тиімді пайдалану. Алдағы уақытта шабдалы бақтарын тағы да үлкейтіп, шие мен жүзімнің таңдаулы сорттарын өсіру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жоба өңірдегі жеміс-жидек өндірісін ұлғайтып, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік беретінін мәлімдеді.