26.05.2016, 13:21
Оқылды: 24

Тіршіліктің бүкіл түйіні қара жермен байланысты

Nabidenov    Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің редакциясы «Жер қатынастары: түйіндер, мәселелер, көзқарастар» тақырыбында ұйымдастырған жүздесуге қатысушылар түйдек-түйдек толғамдарын ортаға салды.

    Пікірлесу барысында жер қатынастарындағы түйткілдерді шешуге барлық дерлік сала, қызмет және жұрт болып ұйыса, мүдделілікпен атсалысудың аса қажеттілігі, жерді пайдалануға бейімделмеудің әлі күнге басым түсіп жатқаны да айтылды. «Жайық таңының» сұрақтарына жауап қайтара отырып, қатысушылар тарапынан агросекторда дәуір үніне сай серпіліс жасау, Жер кодексіндегі кейбір баптарға байланысты тіпті орынсыз үреймен аттандаудан сақтану да кеңінен сөз болды.


    Нұртаза НӘБИДЕНОВ, Мерген ауылдық округінің әкімі: Жер реформасы бойынша комиссия «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» мәселеге қатысты тегеурінді түрде жұмыс жасауы үмітімізді үкілейді. Елдің бүкіл өңірінде жерді ұтымды пайдалану жөнінде қозғалыс қанаттанары сөзсіз байқалады. Айталық, бұрын алған алқаптарының біраз бөлігін иегере алмайтындармен түсінік жұмысы жүргізіле отырып, соны қайтарып алу жөнінде іс-шаралар жалғасады. Бұл оларды артық әбігерден, артық салықтан құтқарып, табиғаттың аса маңызды ресурсын басқалардың тең пайдалануына жол ашады.

    Басқалар демекші, тұрғындардың малына жайылыстың тарылғаны жайында әңгіме көтерілгелі қашан. Біздің ауылымызда жағдай нақ осындай. Еліміздің түпкір-түпкірінен ауыл төңірегіндегі 10 – 15 шақырым учаскелер ешқашан жалға берілмесін деген пікірдің орындылығы сөзсіз. Тұрғындар түлігі үшін тұйықтан шығарар жолды жұмылып табуға тиіспіз. Қайтарып алынған жерлерден осыны ойластырған абзал. Ауылдық тұтыну кооперативтері (АТК) өмірге келуде, соларға учаскелер айқындалуы керек. Мергенде қазір ірі қараның 186 аналығы бағылатын бір АТК бар.

    560 – 570 бойдақ малды биыл шаруа қожалықтарымен келісіммен солардың жерінде, 5 нүктеде бақтырып келеміз. Бұл нүктелердің орталықтан ең жақыны 8, алысы 25 километр шамасында.

    Тельман МҰҚАШЕВ, «Мұқаш» шаруа қожалығының жетекшісі (Ақжол ауылдық округі): О баста, 1997 жылы, «Ілбішін» кеңшарынан бөлініп, нарыққа кірісерде, пайымызды 1,5 жыл қолға тигізбей қойды. Сотқа бардық, әупірімдеп барын алғандай болдық. Асыл тұқымды шаруашылық ізінде болғандықтан әр ірі қараға үкімет сол кезде біраз ақша – 3 мың теңге төледі. «Бірігейік» десем, жігіттер шошиды. Өйткені, бұрын социалистік қоғамдағы меншік иелігінен айырған орталықтан әбден қорқып қалғанбыз ғой. Соның зардабы әлі бар. Толған уақ шаруашылық...

    Ақжолда ондаған шаруа қожалығы бар. Жақсы көтерілгендері саусақпен санарлық, шындығы сол, көбі қағаз жүзінде ғана. Егісті қойдық. Жемді шеттен аламыз. Мені осы мазалайды.

    Әлі де жұрттан жасырған жерлер бар. Кезінде бізге бермеген жердің кейін басқаға тигенін көріп жүрміз. Бос алқап аз емес.

    Жер кодексіне қатысты бір ойымды айтсам, жерді шетелдіктерге тіпті жалға беруге де болмайды. Анау патша заманында қазақты алдап-сулап жерімізге қалай кіргенін, тереңдеп еніп кеткенін ұмытпайық.

    Жерін сатып, ақыры сорлап қалған ұлттар барына тарих куә.

    Он ойланып, жүз толғанатын мәселе жетіп жатыр...

    Ерлан ЖАҢБЫРБАЙ, аудан прокурорының орынбасары: «Жерімді 49 жылға алдым, жата берсін, нан, су сұрамайды ғой» деп жүрген азаматтар бары рас. Тиісті заңнан хабардар боларсыздар, биыл күшіне енді. Яғни, тексеріс, байқастаулар жүргізіледі, комиссия іске кіріседі. Алқабын қанша уақыттан бері пайдаланбаған? Тиімді пайдалану жөнінде қандай мақсат көздеуде? Малы тіркелген бе? Егер осындай істер орындалмаған болса, бір жыл мерзімге ескерту беріледі. Содан қорытынды болмаса, тиісті шара қолданылады.

    Прокуратура осыған байланысты жұмыстар жүргізуде. Аталған комиссия құрамында кірістер басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, т.б. өкілдері болды, мәселе байыппен таразыланды. Әрине, адам мүддесі, құқығы алдымен ескеріледі, бәрі заңнама тұрғысынан қаралады. Жерді тергеу жөнінде ауқымды істер тұрғаны айтпаса да ұғынықты шығар. Қоғамдық кеңес те өз байламын айтады.

   Қысқасы, даланы арамшөп басып, деградацияға ұшыратуға жол беруге тиісті емеспіз. Көшені темекі қалдығымен ластаған жанға да пәленбай айыппұл салынады емес пе ол түгілі?

    Халқымызға қызмет орындарына, бәрімізге заңнама атаулыны ұғындыру, заманның өткір тақырыптарын талқылау бойынша меморандум керек. Қарым-қатынасымызда, араласуымызда жұртымызға ыңғайлылық үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. «Ашық есік» күндерінің тәжірибесін өрістету де аса қажет.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале