10.06.2019, 16:14
Оқылды: 24

53 ескерту жасап, үш акт толтырды

Оралдағы «Аманат» азаматтық платформасы штабы «Тәуелсіз бақылау жұмыстарының нәтижелері» жөнінде есеп берді.

WhatsApp Image 2019-06-10 at 14.00.55

«Аманат» қоғамдық ұйымы еліміздегі кезектен тыс ҚР Президенті сайлауы үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған еді.  Оның БҚО-дағы бөлімше кеңсесінің жетекшісі Асхат Өкшебаевтың айтуынша,  «Аманат» - өткен президенттік сайлауда біреудің мүддесін көздеу үшін емес, сайлаудың өту барысын, қалай өткендігін, дауыс берудегі тұрғындардың белсенділігін және қандай құқық бұзушылықтар орын алғаны жайында  мониторинг жүргізуге құрылған ұйым. Өкілдік бақылаушылармен 9 рет семинар-тренинг, бірінші рет сайлауға қатысатын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыратын төрт жиын, зиялы қауым өкілдері мен ҮЕҰ-мен алты кездесу, азаматтардың болашақ президентке жолдаған бес аманаты бойынша бейнебаян түсіру жұмыстарын және де өзге де шараларға ұйытқы болған. Бастысы  бақылаушылар даярланған, кешегі өткен сайлауда сол жұмыстардың пайдасы тиген.

-БҚО-дағы 519 сайлау учаскесінде «Аманат» азаматтық платформасының 541 бақылаушысы сайлау процесін бақылады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, журналистер, қоғам белсенділері, жастар, еріктілер болды. Мониторинг жасау жұмыстарын үйлестіру мақсатында облыста 38 (Оралда 26-сы, аудандарда 12-сі) мобильді капитан, бес үйлестіруші, БАҚ-пен байланыста жұмыс істейтін 12 ерікті және заңгерлер жұмыс істеген. Таңғы  сағат бестен алтыға дейін сайлау учаскелерінің дайындықтары тексеріліп, алтыдан жетіге дейін урналардың бекітілуі, сайлау бюллетеньдерінің, тізімдерінің дайындығы қадағаланып, сайлау учаскелері жетіден бастап жұмыстарын бастап кетті. Облыстағы барлық сайлау учаскесі жұмыстарын уақтылы бастады. Таңертеңгілік сағат 9-бен 12-нің арасында дауыс беруші азаматтардың учаскелерге көп келуі тіркелді. Соның нәтижесінде кейбір сайлау учаскесінде сайлаушылар кезекке тұрған жағдайлар болды. Біздің бақылаушылар осы кезекке қатысты ұсыныс-ескертпелерін айтып, түйткілді мәселелер көп кешікпей шешілді, - деді Асхат Өкшебаев.

Есеп беру жиынында мәлім болғанындай, БҚО бойынша «Аманат» тәуелсіз бақылаушыларымен сайлау процесі барысында 53 ескерту берілген, үш акт толтырылған. Ескертулер негізінен сайлау науқанын ұйымдастырудағы кемшіліктерге, ақпараттарды берудегі шабандыққа, сайлау учаскелерінің жұмысының «өгізаяңдығына» байланысты берілген. Бір акт Шыңғырлау ауданындағы сайлаушы азаматтың екі қызымен бірге кабинаға кіріп кетуіне қатысты  толтырылған. Екі акт Орал қаласына тиесілі, яғни дауыс беруші тұлғаларға сайлау учаскесінің өзгертілгені жөнінде ақпарат берілмеген және шақыру қағаздары үлестірілмеген. Үш акт сайлау учаскелеріне, Орталық сайлау комиссиясына жолданған. «Аманаттық» бақылаушылар  сайлау уақыты біткеннен кейін де сайлау учаскелеріндегі бюллетень дер санағына қатысып, хаттамалар шығарылғанға  дейін бақылап, тиісті ақпараттарды жолдап отырған. «Сайлау қалыпты жағдайда өтті деуге болады», - деп қорытты А.Өкшебаев.

Гүлбаршын   Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздіңInstagram-дағы парақшамыздан жәнеTelegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале