22.12.2018, 16:30
Оқылды: 23

Оралда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

 Бүгін Оралдағы Достық-Дружба даңғылы бойында Жаңа жылға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің кеңейтілген жәрмеңкесі өтіп, оған облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

Темирболат Токмамбетов22

Азық-түліктен бастап ет, сүт, кондитерлік өнімдер, жеміс-жидектер мен көкөністер молынан саттыққа шығарылған аталмыш жәрмеңкеге қала мен әр ауданның тауар өндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары мен ірі көтерме тауар жеткізушілері белсене атсалысты. Жұрт қарасы көп болып, сауда сәтімен қызған шараға келген өңір басшысы Алтай Көлгінов тауар өндірушілермен және сатып алушылармен тілдесіп, олардың өтініш-тілектеріне де құлақ түрді.

- Жалпы, биыл бойына азық-түлік өнімдерін саттыққа шығарған жәрмеңке Орал қаласында 55 рет, облыс көлемінде 230 рет ұйымдастырылды. Бұл шара азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынып, ел қажеттілігін өтеуді мақсат етеді. Ешқандай делдалсыз, тікелей жүргізілетін жәрмеңке саудасы өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де тиімді. Өткен аптада кәсіпкерлермен кездесіп, осы шараны өткізу туралы өзара келістік. Сонымен қатар әр аудан ірі қара және ұсақ мал етін саттыққа шығару бойынша үлес қосуды қолдады. Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, жоғары сұранысқа ие экологиялық таза, сапалы, бағасы да арзан жергілікті өнімді сатып алуға ықыласты тұрғындар саны мол, - деді облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, жаңажылдық дастарқаныңызды жайнату үшін қажеттінің бәрі қолжетімді бағамен саттыққа шығарылатын дәл осындай жәрмеңке желтоқсанның 29-ы күні сағат 09.00-ден бастап 13.00-ге дейін Достық даңғылы бойында тағы бір мәрте өткізілмек.

IMG-20181222-WA0032

Аяужан КЕРЕЕВА,

Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале