Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім еткендей, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік органдарды цифрлық трансформациялау жұмыстары жүріп жатыр.

Фото: gov.kz
Бұл үдеріс құқық қорғау жүйесі үшін процестерді автоматтандыруға, қауіпті жағдайларда тиімді жұмыс істеуге және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда «USTEM Foundation» қоғамдық қорының негізін қалаушы Асылбек Мұрзахметов Бас прокуратура басшылығына жасанды интеллект негізіндегі гуманоидты роботтарды, патрульдік, инспекциялық, сервистік және төтенше жағдайларға арналған роботтандырылған кешендерді таныстырды.
Бас Прокурор Берік Асылов «ақылды» шешімдерді пайдалана отырып, жаңа қауіп-қатерлерге жедел ден қою, азаматтардың құқықтарын қорғау және «Заң мен Тәртіп» қағидатын жаңа деңгейде қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Таныстырылым жасаған «USTEM Foundation» қоры 2020 жылдан бері STEM-білім беруді дамытып келеді және оның қолдауымен робототехникадан ұлттық құрама әлем чемпионатында төрт рет жеңіске жеткен.
Кездесу қорытындысы бойынша прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметінде робототехникалық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін зерделеу және өзара іс-қимылды дамыту бағыттары айқындалды.