12.10.2023, 10:00
Оқылды: 59

Экосақшылар

Орманшылар жасыл желекті көбейтіп, қорғаумен қатар сол орман-тоғай аумағындағы жануарлар әлемін де көздің қарашығындай сақтау жолында еңбек етеді. Қызыл кітапқа енген және сирек кездесетін жануарларды браконерьерлерден қорғау мақсатында рейдтер жүргізеді.

57e975f9-3809-449c-8bee-bb1cbb53e1a1

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі орман қоры 216 мың 815 гектарды құрайды. Сырт көзге осыншама аумақты  тал-терек алып жатқандай сезіледі. Іс жүзінде орман қорының 87 мың 831 гектары ғана орманмен көмкерілген. Орман қоры алабының өзі орманды және ормансыз учаскелерге бөлінеді. Одан басқа тұқым бақтары, шабындықтар, жайылымдар, бұрын ағаш түрлері өсіріліп, кейін бұталған, қурап қалған  дарақтардың және өртенген жерлердің аумақтары да орман қоры есебіне кіреді. Мысалға, Орал қаласының маңындағы 1, 2-саяжайлардың, Бөкей ордасы жағындағы құмды жерлердің, ормандағы ескі су арналарының орындары да орман қорына жатады.

– Бұрындары Жайық өзенінің жағалауындағы ормантоғайларда бұландар көп болған. Қазір  олардың саны едәуір азайды. Бұл жануарлар Бөрлі, Бәйтерек аудандарының солтүстігінде (бұрынғы Приуралье ауданы аумағында) шо­ғырланған. Кирсанов қаума­лында елік, қабандар тірлік етеді. Бұлар Қызыл кітапқа енбеген және сирек кездесетін жануарларға жатса да, қорғауға алынған. Кеміргіштерден терісі бағалы құндыз, күзен, борсықтар жиі кездеседі. Далалық жерлерде, әсіресе, облыстың оңтүстік, оңтүстік-батыс бөлігінде киіктер көп. Қызыл кітапқа енген ірі төрт жыртқыш құстардың бірі – орлан-аққұйрық  (орлан-белохвост) орман «тұрғыны». Оның денесінің ұзындығы 70-90 сан­тиметрге, қанатының құлашы 230 сантиметрге жетеді. Құйрығының ұшы ақ болғандықтан, оны орлан-аққұйрық деп атайды. Ересек құстың салмағы 6-7 келі болады. Жыртқыш балықпен, шағала, үйрек, құтан секілді құстармен қоректенеді. Сондықтан көбіне Жайық өзені бойында, Кирсанов қаумалында кездеседі. Бұл қаумалдың алабы 61 мың гектар шамасында, – деді аталмыш басқарманың орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Ернияз Майхарин.

Орманшылар Бударин республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалындағы жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларды, құстар мен балық түрлерін сақтау жолында еңбек етеді. Табиғи қаумалда Қызыл кітапқа енген орман сусары, еуропалық күзен, дала бүркіті, аққұйрықты субүркіт, балықшы тұйғын, дала қыраны, сұңқылдақ аққу, сұр тырна, жапалақ, безгелдек, қарақұс, қарабас өгізшағала кездеседі. Қызыл кітапқа енген балықтың бекіре, шоқыр деген  түрлері де қорғауға  алынған.

Табиғатты қорғау халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, адам баласының соңғы 500 жыл ішінде 900-ден астам жануар мен өсімдік түрін жер бетінен жойып жіберген. Мына жарық дүниеде биологиялық түрлер қайталанбайтынын ескерсек,  жануарлар түрлері мен олардың генетикалық қорларын сақтап қалу үшін ерекше қорғалатын аумақтардың мән-маңызы зор. Өңірімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарында бір табиғи резерват, 11 қаумал бар. Бөкей ордасы, Ащыөзек, Кирсанов, Жалтыркөл төртеуі республикалық маңызды, басқаларының жер­гілікті маңызы бар. Мамандардың айтуынша, табиғи аумақтардағы жануарлардың саны бірқалыпта көрінеді. Тек ақбөкендер санының өсімі анық байқалады. Мысалға, кеңес заманында киік саны 1 млн 200 мың болған, бүгінде бұл көрсеткіш 2 млн 600 мыңға жетті. Жыл сайын ғылыми, зоологиялық институттар жануарлардың есебін жүргізеді, эпизоотологиялық жағ­дайға тексеріс жасайды.

3f29ff58-3efb-437e-8d1f-d112358eb76a

Облыста 8 орман шаруашылығы (мемлекеттік орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелері) жұмыс істейді. Олардың басты кеңселері Теректі ауданындағы Ақжайық, Ақжайық ауданындағы Чапаев, Тайпақ, Шыңғырлауда аудан орталығында, Бөкей ордасында Орда, Бәйтеректе Январцев, Орал қаласында және Бөрлі ауданының Бөрлі ауылдарында орналасқан. Ал орман қорына жатпайтын жерлердегі жануарларды қорғау – БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияның   құзырында.

 – Табиғаттың төл перзенттері – ормандағы аңдар мен жануарлар орманшылардың қамқорлығына мұқтаж. Оларға ветеринарлық-техникалық шаралар жасалады. Орман алқабындағы астауларға тұз салынады. Жазда тал-теректердің бұтақтарын кесіп, көлеңкеде кептіреді. Орман инспекторлар ондай бұтақтарды сыпырғыш қорек деп атайды. Қар қалың түскен, жер көк­тайғақ болған күндері ормантоғайдың «тұрғындары» қарды тұяқтарымен қаза алмайтыны белгілі. Сондай кездерде жапырақтары жап-жасыл күйінде сақталған сыпырғышбұтақтар ағаштарға ілінеді. Құнарлы, құрамында дәрумені мол азықтық сыпырғыштар жануарлардың қыстан аман шығуына жәрдемдеседі. Сонымен қатар орман алаңқайларынан шөп шабылып, елік, қабандар жүретін орман мүйістеріне маяланады. Жем де қар үстіне шашылады. Осылайша біздің орман инспекторлары орман жануарларына қамқорлық көрсетеді, – деді Ернияз Майхарин.

Биыл облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне тех­ника берілді. Жалақылары да өсіп жатыр. Орманшылар бірқатар заманауи құрал-жабдықпен қамтылды. Мысалға, радиобасқарумен ұшырылатын дрондар орман алабындағы өрттің қай жерде басталғанын, оны қалай, қай жағынан барып сөндіруге болатынын анықтауға көмектеседі. Ондай құралдың браконьерлермен күресте көмегі зор. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға бетперде, респираторлар алынды.

c4c961c2-262b-423c-a1bb-04276a69c892

– Жол бойындағы орман жолақтарын да орманшылар күтіп, қорғайды. Өрт оқиғаларының 90 пайызы адамның іс-әрекетінен орын алады. Биыл 7 өрт болды. Жолаушылар суы бар бөтелкені жолшыбай лақтырып кетеді. Бөтелке ішіндегі суда «линза» эффектісі болады. Ол күн сәулесінен қызып, кепкен шөпті жандырады. Орманда от жағып, кетерінде оны сөндірмей немесе сіріңкесін өшірмей лақтырып кете беретіндер бар. Күні кеше қатты ыстық болғанда 3-4 жерде өрт шықты. Теректі ау­данының Барбастау, Тоқпай ауылдары маңындағы орман жолақтарындағы, Орал қаласындағы Перевалочная тоғайындағы өрт адам кесірінен болды. Орман өрттерінен жануарлар, аң-құстар зардап шегеді. Экожүйенің тұтастығы бұзылады. Су тасқыны, құрғақшылық және басқа да табиғи құбылыстар табиғи орталарға орны толмас шығындар әкеледі, – деді Ернияз Майхарин.

Қазіргі кезде 216 мың гектар аумақтағы орман-тоғайды сақтау 207 орман инспекторына жүктелген. Олар қызметтерін ынтаықыласпен, абыроймен атқаруда. Орманшылар өздеріне бекітілген орман бөлігінің экожүйесін сақтау жолында қыстың қақаған аязында, көктемгі лайсаңда, жаздың аптап ыстығында талмай тер төгіп жүр. «Экожүйе дегеніміз – топырақтан бастап, суы, шөбі, ағашы, жануары, бір сөзбен айтқанда, өзара байланысты әлем. Кірпіштен тұрғызылған үйдің бір кірпішін суырып алсаңыз, жылдар өте оның қабырғасы кетіліп, опы­рылып құлайтыны хақ. Сондықтан сала қызметкерлері тек жасыл желекке ғана емес, сол аумақтағы тіршілік ететін аң-құстарға, жануарларға, балық түрлеріне де, тұтас жүйенің амандығы үшін қызмет етеді. Білгенге орманшылардың жұмысы оңай емес», – деді бөлім басшысы.

Иә, кейінгі ұрпаққа қалатын байлығымыз – табиғаттың қорғаны болу баршамызға борыш. Ата-баларымыздан «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бау өсіріп жаса нұр» деген тағылымды сөз бекерге қалмаса керек. Ендеше, Отанымыздың орман-тоғайына, қыбырлаған бар жәндігіне, жануарына жанашырлықпен қарасақ, құба-құп... Сонда экожүйенің амандығы жолында еңбек ететін орманшылардың да құла бейнеті азаяр ма еді.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале