17.02.2020, 20:49
Оқылды: 140

Мемқызметкерлер кадрлық резервке алынған мамандармен кездесті

Орал қаласында мемлекеттік қызметшілер президенттік жастар кадрлық резервіне алынған мамандармен кездесті. Шараны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

1 (89)

Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев, БҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина және мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Жанболат Даухарин қатысты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды бағдарламасында президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру жөнінде айтқаны мәлім. Былтырғы қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында кадрлық резервке іріктеу жүргізілді. Елімізде резервке өтінімі білдірген 13 мың адамның арасынан креативті ойлайтын, бастамашыл 300 жастың кандидатурасы кадрлық резервке енгізілді. Бүгін президенттік жастар кадрлық резервіне алынған, облысымызда қызмет етіп жатқан үш мемлекеттік қызметшімен кездесу өтті. Негізгі мақсат – жас мемлекеттік қызметшілердің білікті мамандардың жобаларымен, идеяларымен танысуына жағдай жасау, осындай сындарды кезеңде біліктілік танытуға шақыру, – деді Ғалым Тұрсынбаев.

1 (8)

Шарада БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаев, Орал қалалық №5 емхананың директоры Тимур Ажығалиев, шетел компаниясы жобасының бас инженері Миржан Тәжекенов өз тәжірибесімен бөлісіп, жобаларын таныстырды. Кездесуге келгендердің сұрақтарына жауап берді.

«Жоғары оқу орнын жақсы бағамен тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы ауруханадан бастадым. Алғашында шалғай ауылға жолдама берілгеніне көңілім толмады. Кейін Бәйтерек аудандық ауруханасында қызмет еттім. Мұндай қызмет сатысынан өту – еңбек тәжірибесін жинауыма, маман болып ысылуыма негіз болды. Президенттік жастар кадр резервінен өтем деген ой болмады. Басты мақсатым жүзеге асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев резервте тұрғандарға зор міндет жүктеп, әсіресе, медицинада мамандардың тұрақтап қалуына назар аудару керектігін айтты. Енді маған артылған сенімді ақтауға тырысамын. Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен соң, лауазымы жоғары қызметтер ұсынылды. Бірақ дәрігерлік мамандыққа әбден төселіп, біліктілік талаптарын орындап барып, жауапты қызметке кірісуді ойлап, төменгі лауазымнан бастауды жөн көрдім», – деді Тимур Ажығалиев.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале