12.09.2019, 19:30
Оқылды: 1394

Мұнай өнімін заңсыз тасымалдаушыларға үкім шықты

Бүгін БҚО қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында  судья Қайрат Утешев  Ресейден Қазақстанға  мұнай өнімін (битум)  заңсыз тасымалдаушыларға  үкім шығарды. 

Көршілес Ресей елі мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісім бойынша, битум тасымалдауға тыйым салынған. 2017 жылдың 5 қыркүйегінде «Көшім» бекетінде Ресейден битум тасымалдаған бес автокөлік тоқтатылады. Тексере келгенде  онда тиелген битум екені анықталады.

Сот үкімімен қылмыстық  топтың  ұйымдастырушысы болып танылған  Қ. Намазбаев  ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігі 1-2-тармақшалары («Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу»), 244-бабы«Азаматтың салық және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтаруы», 245-бабы 3-бөлігіне(«Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiтөлеуден жалтару»),  262-бабы 1-бөлігіне («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») сәйкес кінәлі деп танылды. Оны мүлкін тәркілеусіз  8 жылға бас бостандығынан айрып,  жазасын қауіпсіздігі  орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу тағайындалды.   Ж. Қаирбаев, Т. Қалиев, А. Балтұрманов пен Н. Кенженов ҚР Қылмыстық кодексінің  197-бабы 4-бөлігі 1-2 тармақтары («Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу»), 262-бабы 2-бөлігіне («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу»)сәйкес айыпталды. Оларға мүліктерін тәркілеусіз 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, жазасын қауіпсіздігі  орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.

Ал  Б. Жақатаев ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы 1-бөлігіне («Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау») сәйкес кінәлі деп танылды. Оған  1 жыл 6 ай мерзімге  бас бостандығын шектеу  үкімі шығарылып,  пробациялық бақылау орнатылды. Сот үкім шығарғанда олардың бұрын сотталмағанын, жастығын және отбасы жағдайын ескерді. Судья Қ.Өтешев айтып өткендей, қылмыстық топтың трансұлттық сипаты алынып тасталған.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале