17.09.2022, 11:15
Оқылды: 229

Музейдегі "Ашық есік" күні

Жыл сайын қыркүйек айында Оралда Қала күні тойланып, қаланың әр түкпірінде түрлі қызықты шаралар өтеді. Осы дәстүр биыл да жалғасуда. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі кеше Қала күніне орай «Көне шаһар - Орал» атты мәдени-көпшілік шара өткізді. Жоспар бойынша таңертең басталған шаралар кеште бір аяқталды.

20220916_214102

Бұл күн музейге келушілерді тегін қабылдаған «Ашық есік» күнінен басталған. «Фотообъективте өлкенің өткені» көрмесі музей қорынан алынған, Орал қаласында бой көтерген ғимараттар, мекемелер, зауыттардың құрылысын жүргізу кезіндегі қала тарихын келушілерге фото суреттер арқылы ұсынған. Әуесқой фотосуретшілер болса өз жұмыстарын қала тұрғындарына «Орал – менің көзіммен» фото көрмесінің аясында көрсете алған.

20220916_200504

Ал кеште Қала күніне орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ халқының ұлттық киім үлгісін көпшілікке дәріптеу, насихаттау мақсатында музей қорынан алынған және облыстағы Дизайнерлер қауымдастығының дизайнер, тігіншілерінің киім үлгілерінен «Этно Style» атты көрсетілім өтті.

20220916_195956

Көрсетілімге келген қала тұрғындары алдымен асықпай музей залдарын аралап, Қала күніне арнайы дайындалған фотозоналарда суретке түсіп, кейін музей қорындағы және жергілікті дизайнерлер ұсынған үлгілер көрсетілімін ташамалады. Көрсетілімнен соң жүргізуші көрермендерден кетуге асықпауларын сұрап, бір сағаттан соң Музейде бал басталатынын хабарлады.

20220916_212201

Музей балы камералық оркестрдің сүйемелдеуімен ХІХ ғасырдағы қала тұрғындарының кешкі кездесулері негізінде ұйымдастырылды, сонымен қатар Жәңгір хан мен Фатима ханшаның І Николайдың қабылдауы кезіндегі ​ бал көрінісі көрсетілді. Бал аяқталған соң күйшілер Құрманғазы мен Динаның кездесуінен көрініс көрсетілді. Көрініс ХІХ ғасырдағы қазақ даласында орын алған сауық – кештерге негізделіп дайындалған.

20220916_211909

20220916_214903

Кешегі кеште музейге келушілердің осындай әдемі көріністер арқылы тарихи сәттер мен тұлғаларды еске алуына, әсерлі демалуына мүмкіндік берген қаламыздың оқушылары мен студенттері екен. Бал Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының қатысуымен өтсе, қазақ даласындағы сауық-кештердің кейіпкерлері М.Өтемісов атындағы БҚУ «Режиссура» бөлімінің және Құрманғазы саз колледжінің студенттері болған.

Музейде күні бойы болған ашық есік күні келген қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз. Кішкентай балаларға дейін сүйсіне қарап, ұйып тыңдап, қуана қол соғып отырды. Кеш соңында келушілердің барлығы қимастықпен қоштасып, музей қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Альфия Шамаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале