10.05.2020, 22:40
Оқылды: 301

Оралдағы №21 және №45 мектеп күрделі жөндеуден өтуде

Бүгін БҚО әкімі Ғали Есқалиев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары басталған №21, №45 мектептерде болды.

shkool45 (4)

Қаладағы №21 мектеп 1973 жылы пайдаланылуға берілген. Бүгінде 1500 бала білім алатын мектептің едені тозып, шатыры шытынаған. Біраз жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ошағын жаңғыртуға 525 миллиондай қаражат бөлінген. Мектептің оқу кабинеттері, спорт залы, асханасы жөнделіп, шатыры мен инженерлік жүйелері толықтай жаңартылмақ.

shkool21 (2)

Ал темір жол вокзалы ауданы маңындағы №45 мектеп сонау 1940 жылы салынған. Сол жылдардан беру күрделі жөндеу көрмеген білім ошағының іргетасы сөгіліп, әбден тозығы жеткен. Екі ауысымда 600-ден астам оқушы білім алатын мектеп ғимаратының шатыры мен едені ауыстырылып, сырты қапталып, су, жылу, кәріз жүйелері толықтай жаңғыртылмақ.

shkool45 (1)
-Тозығы жеткен екі мектепті жөндеуге 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл аз ақша емес. Бөлінген қаржыны барынша үнемдеуіміз керек. Жобалық құжаттаманы қайта қарап шығып, аса қажет болмайтын жұмыстарды қысқартқан жөн. Оның орнына үнемделген қаржыға мектепке қажетті заттарды алсақ деймін. Кейбір ғимараттарды жөндеуден өткізгенде артық шығынға бой алдырып, сыртын жарқыратып қоюға тырысамыз. Сыртының жылтырап тұрғанынан не пайда? Ішінде жайлы жағдай жасалмаса. Қыста жылы болатын мектептің сыртын одан сайын қаптап, сәнін келтірудің қажеті жоқ. Құлаған жерлерін тегістеп, түсін келтіріп бояп қойса да жеткілікті. Ал сыртын қаптауға кететін шығынға мердігер компания су жаңа жиһаздар мен парталар алып немесе асханаға заманауи жабдықтап берсін. Сөйтіп, екі жақты келісімге баруымыз керек. Жөндеуден өткен ғимараттар ішінде балалардың сапалы білім алуы үшін бар жағдай жасалуы қажет. Осы орайда мектеп оқушыларының ата-аналары жөндеу жұмыстарына қадағалау жасаса екен деймін. Әлсін-әлсін құрылыс басына келіп, мердігер жұмысты қалай жасап жатқандығын, не алып, не қойғандығын бақылауда ұстауы керек. Себебі күні ертең осы жерде сіздің балаларыңыз білім алатын болады. Құрылыстан хабары бар адам қойсаңыздар тіптен жақсы,-деді Ғали Есқалиев.

Биыл сондай-ақ Орал қаласындағы алкоголизм, нашақорлық және есірткіге тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуге арналған мамандандырылған медициналық мекемесіне де күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонау 1977 жылы салынған ғимаратты жөндеу үшін 240 миллионнан астам қаржы қарастырылған. Бір ретте 115 адамды емдеуге арналған ғимараттың жөндеу жұмысы осы жылдың қазан айында аяқталмақ.

Жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі мекеме басшысына емделіп шыққан адамдардың жұмыспен қамтылуына сараптама жасап отыруды, сондай-ақ жөндеуден өткен соң емделушілердің бос жатпай белгілі бір іспен шұғылдануы үшін жағдай жасауды тапсырды.

Нұрбек Оразаев,

фото: Эльвира Меңдіғали

 zhaikpress.kz

shkool45 (7)

shkool45 (2) shkool45 (3) shkool45 (5) shkool45 (6) shkool45 (8) shkool45 (9) shkool45 (10)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале