1.08.2023, 10:00
Оқылды: 196

Сегіз қырлы, бір сырлы Сапаров

Таныс-біліс болып отырыңыз, құрметті оқырман! Табылғали Сатқалиұлы Сапаров 1954 жылы 7 тамызда Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. Зоотехник, саясаттану, қоғамдық-саяси пәндердің оқытушысы, юриспруденция мамандықтарының иесі. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Әр жылдарда Орал облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, Чапаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Тасқала, Зеленов, Приурал, Казталов аудандарының бірінші, екінші хатшысы, әкімі, ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, БҚО әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы, БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Жаңақала, Тасқала аудандарының құрметті азаматы. Бүгінде Ақ Жайық өңірінің қос басылымы – «Орал өңірі», «Приуралье» және он екі аудандық газеттерді қанатының астына алған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры.

 Төмендегі сұхбатқа азаматтың өмір жолы, қызмет жылдары, көрген-білгені арқау болды.

– Сіздің негізгі мамандығыңыз – зоотехник. Алайда соған қарамастан, Ақ  Жайық өңірінің ең ірі медиахолдингіне қалай келіп қалдыңыз?.. Өйткені зоотехния мен журналистиканың үш қайнаса, сорпасы қосылмайды...

– Әңгіме мамандықта емес, әңгіме адамның қабілет-қарымына байланысты. Журналистикада жарқырап шыққан басқа мамандық иелері толып жатыр. Оған жүздеп мысал келтіруге болады. Әрине, менің журналистикада бұрқыратып, жарқыратып жазып тастаған ештеңем жоқ. Алайда «Жайық Преске» жайдан-жай, кездейсоқ келмеген сияқтымын. Сен өзің жақсы білесің, жалпы мен сіздерге, журналистерге, онша бөтен, алыс адам емеспін. Есіңе түсіріп көрсең, сонау 2002-2003 жылдарда облыс әкімінің орынбасары болып жүргенімде «Жайық Престің» құрылуына басшылық жасаған едім. Сонымен қатар сол медиахолдингтің жанынан бес басылым – «Жайық ардагері», «Жайық дәрігері», «Әділет», «Жайық жастары», «Жайық арулары» газеттері шыға бастады. Олардың да басы-қасында жүруіме тура келді. Белгілі бір аудиторияға арналған бұл бес үнқағаз қысқа уақытта өз оқырмандарының сүйікті басылымына айналды. Күні кеше медиахолдингтің құрылғанына 20 жыл толғанын тойладық, сонда бұл туралы кеңінен айтылды, жазылды. Оны қайталап жатпайын. Енді медиахолдингті басқаруға келгенім жайлы айтайын. Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевпен қызмет бабында екеуара бөлмесінде кездескенімізде «Тәке, облыс әкімі маған тапсырған, «Сізді «Жайық Преске» бас директор етіп жіберсек, келісер ме екен?» деп сұрап жатыр, не айтасыз?», – деді. Мен сәл ойланып, «Келісемін» деп жауап бергенімде, Серік қуанып орнынан тұрып «Вы – наш кризис менеджер», – деп  мені құшақтап жатыр. Сол бойда ішкі телефонмен облыс әкіміне менің келіскенімді баяндады. Мен ол кезде облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісімін ғой. Серік екеуміздің әңгімемізден бір жыл бұрын мен облыс әкіміне кеңесші ретінде ішкі саясатқа қатысты жұмыстарды әлде де жақсарта түсу жөніндегі өз ұсыныстарымды жазып берген едім. Оның ішінде «Жайық Преске» де қатысты газеттердің рөлін, мақсатын, материалдарын жандандыра түсу бағыттары, медиахолдингтің материалдық жағдайын жақсарту жолдары жайында өз ойымды ашық, кеңінен көрсетіп жаздым. Егізбаевпен болған әңгімеден соң көп ұзамай Жайықтың суын Қамыс–Самарға түсіру қажеттілігі, соған қатысты өз ойларым мен есеп-қисаптарымды баяндап облыс әкіміне кірдім. Бұл мәселеге байланысты әңгімелесіп болғасын, әкім Ғали Есқалиев менің «Жайық Преске» қызметке баруға келіскеніме рақмет айтты. Сосын, сәл жымиып, «Қандай мотивациямен барасыз?», – деп сұрады. Сұрақтың астарын түсіндім де, «Сөзім мен ісімде, ниетім мен ынтамда алшақтық болмайтынын дәлелдеу үшін барғалы отырмын», – дедім. Сөйтіп, медиахолдингке келіп қалдық. Ал енді не бітіріп, не қойғанымды өздеріңіз білесіздер, оны айтып жатпай-ақ қояйын...

сапаров1

(Сұхбатқа тұздық: жаңа директор ұжыммен алғаш кездескендегі сөзінің «біссімілләсін» журналистердің жұмыс жағдайын, материалдық ахуалын ең бірінші кезекке қоямын деді. Бұған дейін айта-айта жауыр болған айлық пен қаламақыны көтеремін деп және қуантып тастады. Күндер өтіп, айлар аунады. Қызметкерлер көңіліне «Директор уәдесін ұмытты-ау» деген күдік кіре бастады. Ұмытпапты. Әуелі журналистердің айлығын көтерді. Және оны дүркін-дүркін демдеп, бүгінде журналистердің айлығы бұрынғыға қарағанда (үш жылдың ішінде) екі есе өсті).

– Облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихаттың хатшысы болдыңыз. Бұл осал қызметтер емес. Жауапкершілігі зор осы лауазымдардың тізгінін ұстағанда ел жадында, облыс өмірінде маңызы зор, айта қалғандай қандай істер тындырдыңыз?

– Иә, жауапкершілігі үлкен қызметтер ғой. Ондай жұмыстарға кез келгенді жібермейді. Дайындық болуы керек, зор қабілет-қарым қажет. Бұларға қоса, білім мен ізденімпаздық өте керек. Осылардың бәрі бір басынан табылған адам күрделі мәселелердің шешімін, жолын табады. Дайындық дегеннен шығады, аудандардағы мемлекеттік қызметтердің қазанында қайнағанымды ескерген шығар облыс әкімінің орынбасарлығына жібергенде. Келдік. Ол кезде Орал қаласындағы саяси ахуал бұрқ-сарқ қайнап жатты. Коммунистер бір жақ, «Поколение» бір жақ, «Казачество» бір жақ, «Азат» бір жақ, несін айтасыз, қырық пышақ. Алаулатқан, жалаулатқан митинг-жиындар. Тыныштығымыз бен тұтастығымызға салқыны тиетін кейбіреулер қалалық кеңес депутаттығына өтіп кетіп, қала әкімінің жұмысына көп қиындық туғызды. Маған осынау саяси айтыс-тартыстардың жалынын бәсеңдету, басу жолдарын іздестіруге тура келді. Бір жылдың ішінде бәрін тыныштандырдық, бір арнаға бұрдық. Ол үшін қалада сайлау округі шеңберінде 11 жерде  қоғамдық-муниципальдық бірлестік (ОМО) аштық. Арызың, ұсынысың бар ма, сол бірлестікке кел, айт. Онда арнайы отырған адам қабылдайды, тыңдайды, арызыңды алып қалады. Кейін оны қала әкімдігіне жеткізеді. Нәтижесін, жауабын міндетті түрде хабарлайды. Бүгінде «Еститін үкімет» дегенге келіңкірейтін жүйені біз сонау 2002 жылы осылайша Оралда ашқанбыз. Нәтижесінде қала тұрғындарымен қарым-қатынас, өзара түсіністік қалыптасты, биліктің беделі артты. Сол жылғы қалалық, облыстық мәслихаттар сайлауы жоғары деңгейде өтті, депутаттар барлық құрылымнан бірдей сайланды. Білімді, тәжірибелі, іскер азаматтар сайланып, комиссия отырыстарында мәселелер жан-жақты, ашық, әділ талқыланып, сапалы шешімдер қабылданатын болды. Ең бастысы, қалада саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім орнады. Ең басты жетістігіміз –  осы, мұнда менің де үлесім болып еді деп айта аламын.

2004 жылы облыс әкімі Н. Әшімовтің  облыс бюджетін 3 млрд теңгеге қысқартамыз дегеніне көнбей, мен онда облыстық мәслихаттың хатшысымын, біраз айтысуға тура келді. Егер бюджетті әлгі сомаға қысқартса, облыста құрылыс, жөндеу жұмыстары тоқтайтын еді. Ақыры, облыстық мәслихат болып, елдің сол кездегі Премьер-министрі Д. Ахметовқа үндеу жолдадық. Өзім аяқтай барып, ол кісінің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірдім. Соның арқасында 3,2 млрд теңге субсидия алып және жыл сайын республикалық бюджеттен облысқа құрылыс салуға  3 млрд теңге бөлінетін болды. Облыстық мәслихаттың хатшысы болып жүрген кезімнен тағы бір мысал, облыстық мәслихаттың сессиясында ҚПО-ның қоршаған ортаға, экологияға тигізіп жатқан зардаптарын мәселе етіп көтердік. Келесі сессияға материал дайындайтын комиссия құрдық. Оның төрағалығына мені, орынбасарлыққа Қазыбай Бозымовты сайлады. Комиссия бірден іске кірісті. Ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдарын және оның зертханасын жұмысқа тарттық. Сөйтіп, ҚПО-ның қоршаған ортаға тигізген зиянын материалдармен тайға таңба басқандай дәлелдеп, 5 млрд теңге айыппұлды мойындарына ілдік. Облыстық мәслихаттың шешімі ойыншық емес, анау айыппұлды бір теңгесін қалдырмай төлеттік. Ал тап сол тұста Орал қалалық жылу-электр орталығы үшін болған айқасты сен жақсы білесің, басы-қасында жүріп жаздың ғой. Құны жеті миллиард теңге тұратын орталықты біреулер бар-жоғы 300 миллион теңгеге сатып алған. Әрине, оның бәрі ың-шыңсыз астыртын жүрген. Бұл жерде облыс әкімінің бұдан хабардар болғанын, білгенін жоққа шығаруға болмайды. Біз оны соңғы сәтте білдік. Сол бойда кезектен тыс, шұғыл сессия шақырылатыны хабарланды. Онда жылу орталығының заңсыз сатылып кеткені жөніндегі мәселені талқылап, үндеу қабылдап, оны Президентке дейін жеткіземіз деп бел байладық. Орталықты сатып алған адамның өкілі Оралға шұғыл ұшып келді. Бұрынғы Президенттің күйеу балаларының істеп жүргені екен... Кейін Рахат Әлиевтің қолынан қаза табатын банкир Темір-әлиевпен қызу айтыстық. Әлсін-әлсін қалта телефоны шырылдап, Темірәлиев дәлізге шығып сөйлесіп, түсі қашып қайтып келеді. Сірә, екі оттың ортасында қалған байғұсты ана жақтан Әлиевтер «Орталықты алмай келме!» деп қатты қысып жатса керек... Депутаттар болып өре түрегеліп, өліспей беріспеуге бар жанымызды салдық. Мәселе осылай ушығады деп ойламаса керек, қарсы жақ, ақыры, құйрығын қысты... Бес күннің ішінде жылу орталығын өзімізге қайтарып алдық...

 Осы күнгі кардиологиялық орталықтың кезінде өз алдына емдеу орталығы болып ашылуына мен де үлес қосқанмын деп айта аламын. Ол ғимарат бұрын «Мелиоратор» демалыс үйі болған, біреудің жекеменшігіне өтіп кетіпті. Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Бекет Мырзахметовті қасыма алып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа кірдік. Мән-жайды жайып салып, анау дайын тұрған ғимаратты қайтарып алсақ, кардиоорталық саламыз деп әуреге түспейтінімізді дәлелдеп айттық. Қырекең – іскер, батыл, жалтақтамайтын азамат қой. Көп ұзатпай ғимаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасына алып берді. Сөйтіп,  онда кардиологиялық орталық ашылды.

 

– Сіз қатардағы мал маманынан комсомол мен партия қызметтеріне қалай келдіңіз? Аудан басқардыңыз. Сол жылдардан бүгінде есіңізден шықпайтын оқиғалар мен жұмыстарды баяндаңызшы.

– Ауыл баласы ауыл шаруашылығы саласына бейімдеу келеді. Мен де мал маманы болуды қаладым. Институтты бітіргесін, қатардағы мал маманы болып еңбек жолымды Тасқалада бастап, кейін Жаңақаладағы Айдарханда бас зоотехник болдым. Осы кезден мені комсомол қызметіне тарта бастады. Аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы, бюро мүшесі ретінде белсенді болдым. 1979 жылы Жаңақаланың бірінші хатшысы Әдақаң – Әділғазы ағай Нұрғалиев аудандық комсомолдың бірінші хатшылығына қызметке шақырды. Бас тарттым. Сонда Әдақаңның мені ертіп кірген Сатыбаев Мәжен ағайға «Мәжеке, мына жігіт бас тартып жатыр... Ертең біз кеткенде орнымызға кім қалады?» дегені құлағымда қалып қойды. Көп ұзамай  обком комсомолдың бірінші хатшысы Бағдат Әбілғазин аппаратқа қызметке шақырды. Тағы да бас тарттым. Ол кезде партия мүшесі едім. Әбілғазин маған «Сенің кандидатураң Ықсанов жолдаспен келісіліп қойылған... Жұмысқа келесің, келмесең, партбилетті тапсырасың...», – деп мәселені қабырғасынан қойды. Осылайша комсомолға жұмысқа баруға лажсыздан көнуге тура келді. Сөйтсем, комсомол деген мен үшін үлкен мектеп болды. Шыңдалдым, шынықтым, жұмысқа төселдім. Комсомол партиялық жұмысқа алып келді. Қызмет бабында жоғарыладым, Әділғазы ағамыз айтқандай, ол кісілердің ізін басып, кейін аудан басқардық. Еш өкінбеймін. Естен кетпейтін жағдайлар көп болды ғой. Соның біреуін айтайын. 1986 жылы Приурал ауданында екінші хатшымын. Горбачевтің қайта құруы дүрілдеп, азан-қазан ұрандар көбейіп, арызқойлардың айы оңынан туып тұрды. Әсіресе орысы көп Приурал арызды Мәскеуге боратып, айқай-шудың ордасына айналды. Бір күні қабылдау бөлмесінен «ЦК-дан Тутеволь деген звондап, сізге сағат 13:00-де арыз жазған адаммен бірге өзіне телефон соғуды тапсырды», – деді. Айтқан уақытында әлгі арыз жазған адамды қасыма алып отырып, Тутевольға қоңыраулаттым. Арғы жақтан Тутеволь телефонды көтерді. Тұтқаны арыз иесіне ұстаттым да кабинетімнен шығып кеттім. Біраздан соң арыз иесі шығып, «Сізді телефонға шақырып жатыр», – деді. Тутеволь арызқойды жақтап, мені тұқыртқысы келіп, біраз сөйледі. Әбден болғасын,  былай дедім: «Вы, по их информаций обстановку в районе хорошо знаете. И что нас направили исправить положение дел тоже знаете. Поэтому мы требуем только ответственный подход к работе. Так вот, если он будет работать, то будет работать. Если он не будет работать, значит не будет работать!». Анау арғы жақтан «Все, все, я понял. Позвоню Искалиеву», – деп тұтқаны қоя салды. Жауабымды естіп тұрған арызқой маған қолын ұсынып, «Вот моя рука джентельмена, я больше писать не буду», – деп жалпақтады да қалды. Мен оның қолын алмай, бағанағы Тутевольға айтқан сөзімді қайталадым... Отыздан жаңа асқан кезім ғой, ЦК КПСС-тің білдей қызметкеріне арызқойдың көзінше мені еш кінәсіз тықсырғаны үшін намыстан жарылып кете жаздап, әлгіндей дедім. Тутеволь соңынан Есқалиевке телефон соғыпты. Нәжақаң содан кейін көңілді шағында «Батыр, халің қалай?», – деп күлетін болды.

1990 жылдары Тасқалада бірінші хатшы кезім. Бір күні ауданға Н. Назарбаев келді. Халықпен кездесіп, жалпы жағдаймен танысқаннан кейін, облыста фермерлікті тұңғыш бастаған Төлеген Сәпеновтің шаңырағында отырмыз. Күн кешкіріп бара жатқанда тікұшақтың пилоттары жандары қысылып, асықтырумен болды. Жекешелендірудің бет қаратпай тұрған кезі. Біз өз бетімізбен ауданда жекешелендірудің өзгеше методикасын жасағанбыз. Сол туралы ойларымды Президентке айта бастадым. Ол кісі сұрақтарды жаудырды. Мен өз ойым мен ұсыныстарымды айттым. Мені біраз тыңдап алғаннан кейін қасында отырған Есқалиевке «Ты поддержи его, он думающий парень», – деді. Маған «Завтра у тебя будут из ЦК партий и из института экономики. Все им покажи! Казахстан пойдет по этому пути», – деді. Келесі күні айтқан кісілері сау ете қалды. Ауданды 4-5 күн аралап, шаруашылықтармен танысып, біздер жасақтаған құжаттарды алып кетті. Оның соңынан еліміздің облыстарынан делегациялар ағылды. Біз малды жалға берудің (аренда с последующим выкупом) құнын малдың асыл тұқымдығына, сапасына, жасына, жердің құнарлығына, орталықтан қашықтығына қарай (дифферинциальная рента) шығаратын методика әзірлегенбіз. Совхоздардың орнына ассоциация құрылды («горизонтальные связи» дегеніңіз осы), олар құрылтайшы болып аудандық ассоциация құрды (мұны «вертикальные связи» деңіз). Біздің осынау бағытымызды Назарбаев әу баста қолдады. Сол жолмен, сол әдіспен жүргенде бүгінде жағдайымыз басқаша болар ма еді...

(Сұхбатқа тұздық: журналистердің айлығы көтерілді. Енді көп ұзатпай директор қаламақыны көтеруге кірісті. Әрине, бұл жерде газеттердің бас редакторларының ұсыныстары ең алдымен ескерілді. Газеттерде қосымша беттер шығарыла бастады. Нәтижесінде жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбектенетін тілшілер айлық жалақысына қоса, 80-120 мың теңгеге дейін қаламақы алатын болды. Сондай-ақ қаламының желі бар, маңызды мәселелерді көтеретін штаттан тыс тілшілермен келісімшартқа отырып, жазғандарына қаламақы төлене бастады).

  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып жүргенде басымнан кешкен тағы бір жайтты айтайын. Төрт-бес жыл қатарынан қуаңшылық болып, облыс диқандары республикадан алған тұқымды қайтара алмай, қарызға белшесінен батты. Министрліктегілерден «Малдарыңызды, ескі техникаларыңызды сатып, қарыздарыңыздан құтылыңыздар, сіздерде егін шықпайды, егіншілікті мүлдем қойыңдар» деген талап келді. Егіс екпесек, күйзелістің көкесі басталатыны айдан анық еді. Біз мұны дәлелдеуге жанталастық. Бұл тұста оңтүстік аудандар облыстың солтүстік аудандарынан жер алып, егін егетін. Сөйтіп, өнім ала бастаған. Біз соңғы 17 жылға сараптама жасадық. Сонда егін шыққан жылдары малдың басы тұрақты өсіп отырған, ал шықпаған кездерде түлік басы күрт кеміген. Сараптаманың нәтижесін бағдарламаға айналдырып, облыстық мәслихаттың сессиясына шығардық. Депутаттар біздің ұсынысымызды бірауыздан қолдады. Делегация жасақтап, Үкіметке бардық. Ауыл шаруашылығы министрі Сауат Мынбаевқа кірдік. Сараптама мен бағдарламаны алға тарта отырып дәлелдедік. Соның арқасында қарыздарымызды қайтару келесі жылдарға қалдырылып, егіншілікпен айналыса беруге пәрмен алдық. Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Арада бір-екі ай өткенде көктемгі егіс науқаны таяп қалған, тұқым жоқ. Вице-премьер Даниял Ахметовке бардым. Қолымда бағдарлама болатын. Ахметов онымен ұзақ танысты. Түрлі сұрақ қойды. Өзі астықты өңірді басқарған адам ғой, егіншіліктің жайын жақсы біледі. Бағдарламаны әбден зерделеп алғаннан кейін «Да-а, сеять надо!», – деп мақұлдады. Сөйтіп, облысқа 36 мың тонна тұқым бергізді. Келген тұқымды алу үшін банк пен облыстық бюджеттің кепілдіктері болуы керек. Бізде оның екеуі де жоқ. Ахметовке қайта бардым. Азық-түлік корпорациясы тікелей (кепілсіз) шартқа отырды. Ахметов маған «Ну, смотри, головой отвечаешь!», –
деді. Осынау  шаруалардың бәрін жеке өзім тындырдым, қатырдым деуден аулақпын. Әрине, облыс үшін, оның халқы үшін бар жанымды салғаным ақиқат. Сол бір айға жақын жүрген күндерде маған Сенаторлар – Аманкелді Таспихов, Рашид Ахметов, Мәжіліс депутаты Володия Асанов, өзіміздің жерлесіміз, Президент аппаратында бө-лім меңгеруші Андар Шоқпытов көп көмектесті. Елдің қамы деп қолдарынан келген көмектерін аянып қалмаған  ол азаматтарға мың рақмет!

(Сұхбатқа тұздық: «Жайық Преске» жол талғамайтын шетелдік көліктер алынды. Олар тек қызметкерлерді тасымалдайтын болды. Журналистерді таңертеңгісін жұмысқа алып келеді, кешкісін үйлеріне жеткізіп тастайды. Газеттің кезекшілігінен түнде шығатын журналистер бұрынғыдай үйлеріне жаяу қайтпайды, оларды кезекші көлік күтіп тұрады.  Іссапарларға, шара-жиналыстарға да тілшілер сол көліктермен барады).

– Бүгінгі Сапаров аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ... Ата-ананың жанында өткен қимас жылдарды қайда қоямыз?

– Ата-әжемнің бауырында өстім. Есімді білгеннен атам қасынан тастамайтын. Бастауыш сыныптарды бітірген жаз айларында атам атын арбаға жегеді. Делбені маған беріп, тума-туыстарды аралаймыз. Даланың қара жолымен соқтырып келе жатқанымызда атам арғы-бергіден әңгіме қозғайды. Жеті атамызды түгендеп, маған жаттатып, кейін пысықтатып отырады. Бірақ олардың кім болғанын, не істегенін айтпайтын. Жолшыбай зираттар кездессе, міндетті түрде тоқтаймыз. Атам ұзақ күбірлеп, Құран бағыштайды. Бірақ бетін сипап болғасын, «Мұнымызды ешкімге айтпа» деп мұқияттап отырады. Онысын тап сол кезде ұқпағанымен, өсе келе түсіндім. Ол кезде Құдайға құлшылық етуге, Құран оқуға болмайтын. Әжемізді «мама» деп өстік. Үйде көп ешкімге көрсетпейтін шағын, әдемі қобдиша болды. Әжеміз әлгіні «Атамыздың мөр сандығы» деп әспеттеп қояды. Атамның әкесі Күнтуған старшина болыпты. Мөр ұстаған. Атамның бір ағасы Құбаш – болыс болған адам екен. (Осы арада біз шыдай алмай, «Оу, Тәке, нағыз бай-шонжарлардың тұқымы болған екенсіз, комсомолға, партияға қалай өтіп кеткенсіз? Қырағы КГБ қайда қараған?» деуге шақ қалдық. Бірақ ашуландырып алармыз деп тілімізді тістедік).

Әкем  Сатқали – кезінде үш ауданды басқарған адам. Тым ерте, 49 жасында, 1976 жылы өмірден өтті... Анамыз Кежеғаным 7 айлығында анасынан жетім қалып, небір қиындықты бастан кешіп өсіпті... Қиындық қайраған шығар, қайсар, батыл, тіке айтатын мінезді, әділдікті жоғары қоятын кісі еді. Он екі құрсақ көтеріп, «Батыр Ана» атанған. Еңбекқор, әлі кеткенше 5-6 сиыр ұстап, сауып жүрді. «Апа, бір-екі сиыр ұстасаңыз жарамай ма, бейнеттеніп қайтесіз...», – десек, «Біздер май мен қаймақ жегенде, көршілердің балалары сүт пен айран ішпей ме», – деп сүтін сиыры жоқ көршілерге тегін таратады екен, жарықтық...

Тасқалада 2008 жылы Сапар атамның қайтқанына 40 жыл толуына  садақа бердім. Сонда бір қария тұрып, «Табылғали, сен мені білмейсің ғой... Ал мен сенің Сапар атаңды жақсы білгенмін. Сол кісінің арқасында аман қалып, соғыстан оралмаған әкемнің ұрпағын жалғастырып жатырмын», – деді. Әрі қарай әңгімесін жалғастырып, «Әкелеріміз майданда, шешелеріміз колхоздың баспағын бағады. Екі жанұя жер үйде тұрамыз. Біздер, 5-6 жастағы екі бала, аштықтан бұратылып үйде жатқанбыз, ішіміз кеуіп, аяқтарымыз ісіп кеткен. Сапар ата кіріп келді. Біздің мүшкіл жағдайымызды көріп, аналарымызға «Шырақтарым-ай, ертең күйеулерің соғыстан келгенде не айтасыңдар?», – деп шығып кетті. «Балаларды өлтіріп алатын болдыңдар ғой» дегені екен. Біраздан соң Сапар ата қайтып келіп, шешелерімізге «Баспақтың етін бөліп алыңыздар, бірақ ешкім білмесін», – деді де шығып кетті. Шешелеріміз атамыздың айтқанын істеп, біз аман қалдық, ал әкелеріміз майданнан оралмады, бірақ ұрпақтарын біз жалғастырып жатырмыз...».

 Мен ойланып, әңгімеге күмәнданып отырмын. Қасымдағы Әбілай Баймулдин ағайдан «Сіз Оян ауылынансыз ғой. Колхоздың малын сойып, атамыз сотталмай қалай аман қалған?», – деп сұрадым. «Атаңды құтқарып қалған – мал дәрігері Ирменов Зұлқарнай. «Ауырып өлген мал сойылып зерттелді. Жұқпалы, қауіпті ауру болғандықтан, өртелді» деп акт жасаған. Соның өзінде біраз тексерді, бірақ кейін актке сенген болып тұр ғой, екеуі де аман қалды. Соғыс кезінің заңы қатты, жұрт бес келі бидай үшін 7-8 жыл арқалап кететін еді ғой...

Сапар атамызды бала күнімізде біз де жақсы білдік. Өне бойы ашқұрсақ жүреміз. Баланың аты – бала. Ол қанша аш болса да, ойнамай тұра алмайды. Ауылдың шетінде ойнап жүргенбіз, салт атпен аяңдап келе жатқан атамызды көріп, алдынан жүгіріп шықтық. Ол кісі бізге сарысу мен бір кесек майды сырт көзге байқатпай бере қояды. Қонышынан шүберекке түйген бір уыс құртты және береді. Біздер әлгіні жеп, жүрек жалғаймыз. Өзі дым білмегендей атқа шаншылып отырған қалпы асып жүре береді. Аштықтан сенің атаң талай рет бізді осылай аман алып қалып еді», – деп ағамыз әңгімесін түйді.

 Елге, халыққа  қалайда бірдеме істегім келіп тұратын қасиет маған сол атамыздан жұққан-ау деп ойлаймын.

– Сіз киік мәселесі мен су туралы көптен мәселе көтеріп жүрсіз. Бірақ соған байланысты әлеуметтік желіде сізге өре түрегеліп, сын айтып жатқандар көп...

– Сын әділ болса, оның екі жаққа да пайдасы мол. Ал адамға жала жауып, намысқа тиіп, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шыққандардікі  сын емес, пәлеқорлардың тірлігі деп есептеймін. Әрине, ондайларды сотқа сүйреп, жауапқа тарту қиын емес.

Киіктен бастайын. Оның  мәселесі бұдан әлдеқайда көп бұрын, 2010 жылы Казталовқа әкім болып барғанымда алдымнан шықты. Арада бір жыл өткенде олардың арасынан індет шығып, қатты шығынға ұшырады. Ғалымдар мен мамандарды жауып, індеттің бетін қайтардық. Сол кезде резерват ашуға келістік. Ойға алғандарымыздың бәрін жүзеге асырдық. Осыдан бір-екі жыл бұрын киіктің басы екі миллионнан асып, шаруалардың бас ауруына айналған мәселе ушықты. Қамыс–Самар көлдерінің кебуіне байланысты киіктер суатынан айырылып, өзен бойын жағалап шаруаларға қауіп төндірді. Мен Қамыс–Самарға су түсірсек, мәселе шешілетінін айтып, облыс әкіміне бірнеше рет бардым. Полигонның жерлері бар, соларды пайдалансақ, киік шашыраңқы жүріп, жағдай түзеледі. Сосын, оның басын реттеп, кеміту жолдарын қолға алған жөн. «Осы мәселелердің бәрін министрді шақырып алдына қою керек» деп облыс әкімі Ғали Нәжімеденовке кірдім. Министр бүкіл командасымен келгенде біз барлық құжат пен ұсыныстарымызды, тұжырымдамаларымызды дайындап қойған едік. Мен оның егжей-тегжейін баяндасам, әңгімеміз газет бетіне сыймайды. Сондықтан қысқарта айтсам, министр біздің тұжырымдаманы негізге ала отырып, оны министрліктің атынан шығарды. Сол бойынша биыл Қамыс–Самарға 200 млн текше метр су Қараөзен арқылы түсуі керек (оның ішінде 150 млн текше метр су Жайықтан алынады). РФ-дан сатып алынатын су арналармен ағып барып, су қоймаларына жиналады. Өкінішке орай, Бітік қоймасындағы су арнадан асып, далаға рәсуә болды. Кармановканың айналасында жаз бойы тұрған су шабындықты қоғаға айналдырып жіберді. Су мәселесі жайлы ұсынысым сол күйінде күн тәртібінде тұр. Бұған дейін ол туралы «Орал өңірі» газетінде сериялы мақалалар шықты. Онда да менің идеям егжей-тегжей баяндалған, оны қажет еткен адам тауып танысуына болады.

(Сұхбатқа тұздық: Т. Сапаров журналистердің қалам-ақысына қатысты тағы бір жаңалық енгізді. Апта сайын үздік материалдарымен көзге түсіп, оқырмандардың назарын аударған тілшілерге әр аптаның қорытындысымен сыйақы төленіп келеді. Қатардан суырыла еңбек еткен, редакция басшылығының тапсырмаларын уақтылы, сапалы орындағандарға әр айдың қорытындысымен айлық жалақысының 25 пайызы беріле бастады. Еңбек демалысына шыққан қызметкер айлығы көлемінде материалдық көмек алатын болды). 

 

– Казталовқа әкім болған жылдарыңызды халық ұмыта қойған жоқ. Тым жақсы жасап жаттыңыз. Алайда аяқ астынан жұмыстан босатылдыңыз. Оған не себеп болғанын ашып айта аласыз ба?

– Сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұрынғы жұмыстарымды ескергені шығар, Казталовқа әкім болуды ұсынды. Бірден бас тарттым. Бірақ Бәкең жағдайды айтып, баруымды сұрады. Мен елдің азаматы деп сенім білдіріп отырғасын әрі өзіңнен үлкен адамның өтінішін аяқ асты ету әдетімізде жоқ, амалсыздан көндім. Көп ұзамай облысқа Нұрлан Ноғаев келді. Екі-үш айдан соң «Мен сізбен жұмыс істемеймін» деген шешімге келдім», – деді. Арыз бердім де кеттім, өкпе-реніш болған жоқ...

– Ал содан кейін біраз жыл бос отырдыңыз, сізге жұмыс бермеді ме?..

– Ол бөлек әңгіме...

– Сонда да...

– Әрине, қолдан келетін жұмыс көп қой. Ауыл шаруашылығы университетіндегі ректор досым «Кеңесші бол немесе ғалымсыз ғой, сабақ беріңіз» деп ұсыныс айтты. Мені жақсы білетін, жұмысқа шақырған басқа да азаматтар болды. Бармадым. Осы арада шынымды айтайын. Бұған дейін аянбай еңбек еттім, лауазымды қызметтерде елдің ақсақалдарымен қоян-қолтық қарым-қатынаста болдым. Көмек сұрай келгендеріне барынша көмектестім. Соларды сынайын дедім... Олар әкімге жиналып барып, «Табылғали – елдің азаматы, осы облысқа біраз еңбегі сіңді. Қолынан жұмыс келеді. Неге бос жатқызып қойдыңыздар?..» дер деп күткенім рас...

 Кошербаев

– Қандай қорытындыға келдіңіз?

– Қандай болсын... Тапжылмастан төрт жыл жаттым... Бірақ ешқандай өкпе-реніш жоқ. Алайда елдің ақсақалдары керек жерінде елге, оның адамдарына қорған, ағалық жолмен қамқор бола білулері керек. Олай етпесе, елім, халқым дейтін азаматтар қайдан шығады?!

 

– «Жайық Пресс» медиахолдингіне жұмысқа келгенде алдыңызға қандай мақсаттар қойып едіңіз?

– Біраз мақсатты сіздер болып, біздер болып бағындырған сияқтымыз. Ең алдымен, журналистерге жан-жақты жағдай тудыруды ойладым. Оның қалай жүзеге асқанын, асып жатқанын өздеріңіз көріп, сезініп жүрсіздер. Оны несіне қайталай береміз.

Өздеріңіз білесіздер,  2021 жылды қорытындылап, жұмысты қойғым келді. Бірақ облыс әкімі жібергісі келмей, әлде де жұмыс істей беруімді сұрады. Көнуге тура келді. Енді алдыма жаңа межелер қойдым. Газет сайтының жұмысын жандандырып, бұрынғыдан жақсарта түсу, қосымша қаражат табу ойымнан кетпейді. Өткен жылдан бастап ҚПО-мен шартқа тұрып, қосымша қаражат табуға жұмыстанудамыз. Қазіргі заманғы басшы бұлай істемесе, алысқа ұзауы қиын. Қарамағыңдағы қызметкерлердің қамын ойласаң, қымбатшылық күн сайын қысып бара жатқан мына заманда, ең алдымен, олардың табысын көтеруді ескеру керек. Бұл менің күндіз-түні есімнен шықпайды. Ойлар, мақсаттар бар, соларды қалайда жүзеге асыруым қажет, бұйыртса!

 

– Өткенге өкінетін сәттеріңіз бола ма?

– Жоқ, өкінбеймін! Менің ұстанымым – «Өткенді есте ұста, бүгінгі күнмен өмір сүр, болашақты ойла!».

Сұхбаттасқан Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале