18.08.2021, 12:03
Оқылды: 133

Әке жолын қуған жас маман

Қазақстандық теміржолшылар тамыз айының бірінші жексенбісін асыға күтеді. Дәстүр бойынша бұл күні кәсіби мереке – Көлік қызметкерлері күні аталып өтіледі. Теміржолшылар күні деген атауға ие болған бұл мереке – теміржол саласында еңбек еткен және еңбек етіп жатқан барлық қызметкерлерді біріктіретін ортақ мереке.

те

Адам баласы өмірде жаңылмауға тиіс екі нәрсе болса, соның бірі – мамандық таңдау. Еңбек жолын сүйікті ісімен бастап, адал, абыройлы қызмет атқару кез келгенге бұйыра бермес бақыт. Әдетте теміржол десе, жүйткіген отарба ғана көз алдымызға елестейді. Алайда ауыртпалығы мен қиыншылығы мол қарапайым шойын жол қызметкерлері тасада қалып қоятыны шындық. Бүгінгі кейіпкеріміз дәл осындай жандардың бірі. Ол Тасқала ауданындағы Тасқала станциясында еңбек етуде.

Әке жолын қуған жас маман (2)

Тимур Таңатаров 1993 жылдың 1 қазанында Батыс Қазақстан облысына қарасты Тасқала ауданында дүниеге келген. Оның әкесі осы ауданда теміржол саласында еңбек еткен жандардың бірі. Кезінде Базарбай Таңатаров баласы Тимурға әкелік көрегендікпен теміржолшы мамандығының қыр-сырын, мән-мағынасын ой-санасына қалыптастырған еді. Расында, теміржолшы мамандығын жан-тәнімен қызыға қалаған жас Тимур мектепті бітірісімен әке жолын қуып, Алматы қаласының М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының көлік және құрылыс факультетіне оқуға түседі. Сондағы мамандардың іскерлігін, еңбекқорлығымен қоса өз ісіне жан-тәнімен берілгендігін көрген болашақ маман өзінің қалаған мамандығын барынша меңгеруге ұмтылды. 2015 жылы оқуын бітірісімен Тимур Базарбайұлы Орал станциясына инженер-технолог, кейін жетекші инженер болып еңбек жолын бастайды.

«Бұл – қызығы мен қиыны мол өмірге басқан алғашқы қадам болды. Теміржол мамандығын өзім таңдадым. Төрт жыл осы бағытта оқыдым. Студенттік кезіме ой жүгіртсем, инженер-маман болып қалыптасуыма ұстаздарымның септігі көп тиді. Академияда оқығанда теорияны іс жүзінде қолдану мен үшін оңай болды. Қазіргі кезде Тасқала станциясында үшінші аралықтың жол шебері болып қызмет етудемін. 1206-1223 шақырым аралықтағы учаскені қараймын. Қарамағымда 11 жол шебері бар, - дейді Тимур Таңатаров.

Әке жолын қуған жас маман (3)

Параллель жатқан теміржол үстіне қаншама тағдыр, қаншама өмір байлаулы. Олардың көздеген мекен жайына аман-есен баруын қамтамасыз етушілер – сол жол шеберлері.

Сан мыңдаған адам мен қанша тонна жүктердің де рельстердің үстімен жүйткіп отырып, діттеген жеріне жетуі Тимур Базарбайұлының тікелей қызметіне байланысты. Яғни қауіпсіздікті сақтау – басты міндет. Күннің аптап ыстығында да, қыстың қытымыр аязында да бұл қызметтегілерді кез келген уақытта жұмыс орындарынан табуға болады. Тимур өз мамандығын ерекше жақсы көреді. Қандай жағдай болса да, әріптестеріне қолұшын созуға, өтініш-тілектерін аяқсыз тастамауға тырысады. Жұмыстан бөлек уақытын отбасына, достарына арнайды. Жас теміржолшы Қазақстан теміржолында бұдан әрі адал қызмет етіп, өркендеуіне үлесін қоса беретіндігін алға тартты.

Бүгінде ел экономикасының қозғаушы күші болып саналатын теміржол саласы батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын алтын көпір іспетті. Шойын жолмен жолаушылар да, жүк те тасымалданады. Қазіргі кезде ол тасымал қатынасының ең қауіпсіз түрі саналады.

Теміржол туралы әңгіме қозғағанда оның тарихына да тоқталған жөн. 1901 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржолының құрылысы өз жұмысын бастаған еді. Жоспар бойынша екі аралықта 72 бекет, 159 разъезд, 17 ірі көпір салу көзделді. Бекітілген сызба бойынша Илецк, Ақтөбе, Шалқар, Арал, Қазалы, Қызылорда, Түркістан қалалары назарға алынды. Жол құрылысы екі бағытта жүргізілді. Біріншісі – 1009 шақырымды құрайтын Орынбордан Қазалыға дейінгі аймақ болса, екіншісі – 843 шақырымды алып жатқан Ташкент пен Қазалы арасындағы далада өрбіді. Екі бағыттың құрылысы Көбек бекетінде түйісіп, құрылыс жұмыстары 1905 жылы аяқталып, қолданысқа берілген болатын.

Бүгінде ел экономикасының қозғаушы күші болып саналатын теміржол саласы батыс пен шығысты байланыстыратын алтын көпір іспетті. Шойын жолмен жолаушылар да, жүк те тасымалданады. Қазіргі кезде ол тасымал қатынасының ең қауіпсіз түрі саналады. Мұнда мамандардың біліктілігіне де ерекше мән берілген. Аталған мекемеге барғанда станция басшысы тепловоз машинистері мен олардың көмекшілеріне арнап дәріс оқу үстінде екен. Мұндағы мамандар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады.

Расында, теміржол экономиканың күретамыры дер едік. Өйткені, шойын жолмен тасымалданатын барлық вагондарды тепловоздар тартады. Оларға техникалық қызмет көрсету теміржол жұмысшыларының мойнына жүктелген. Тепловозды жүргізіп, пойызға отырғанда діттеген жеріңізге уақытында жеткізетін қызметкердің атқаратын еңбегі ұшан-теңіз.

 

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале