Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Өрлік пен ерліктің нағыз сыналған шағында қолына қару алғандар елдің тыныштығы үшін аянып қалған жоқ. Олардың қатарында біздің Бөрлі ауданынан аттанған боздақтар да аз болған жоқ. Дегенмен солардың барлығының дерегі әлі де болса қолымызға толық жинақталмағаны рас. Сондай жүрек жұтқан батырлардың бірі Макарим Кубегенов.
Батыр туралы ақпарат біздің қолымызға ойламаған жерден тиді. Ақпаратты аудандық білім беру бөлімінің тәрбие ісі бойынша әдіскері Сәуле Альдикеновадан алдық.
- 2025 жылдың 21-25 сәуір күні аудан мектептерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Қаһармандықтың даңқы» («Слава героизма») акциясы өтті. Аудан мектептерінде «Жауынгер Макарим Кубегенов: 197,2 биіктегі үшін болған шайқас» тақырыбында ерлік сабақтары, сынып сағаттары ұйымдастырылған болатын. «Қаһармандықтың даңқы» қайырымдылық ақциясы барысында жауынгер Макарим Кубегенов ерлігі туралы буклеттер педагогтар мен оқушыларға таратылды, - дейді АБББ әдіскері Сәуле Кумарқызы.
Жауынгер Макарим Кубегеновтің ерлігі туралы мақала «Знамя труда» гезетінің 1968 жылдың 9-мамырындағы санының 3-ші бетінде «Они повторили Панфиловцев» атауымен А.Савыгин есімді журналистің жазуымен таралған. Оны БҚО, Орал қаласы С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Майра Курмашева «192,7 биіктегі үшін болған шайқас» атауымен қазақша сөйлеткен. Сонымен қоса батырдың туған жері мен ол туралы естеліктерді қоса келтірген.
Мақалада «Бізге Бородино селосының алдыңғы шебіндегі 192,7 биіктігінде орналасқан немістердің күшін жою міндеттелген болатын. Биіктікке барар жердің барлығы дерлік минамен, танкілермен, үш қатар тікенді сыммен қоршалған, үш метр терең қазылған ормен және немістің жаяу әскерлерімен толы болды, әр метр жарым сайын қатты бекінген дзот оғы қарша борап, алға қадам жасау қиындық тудырды. Биіктікте орналасқан немістерге біздің әскерлердің Новоржевтен бастап жүргізілген әр қадамдары айқын көрініп, алға жылжуға кедергі келтірді, сондықтан сол биіктікті басып алып, дұшпанның көзін жоқ қылу капитан И.В.Белинский бастаған ротаға тапсырылды. 3 күн кескілескен шабуыл аралығында 29 совет жауынгерi соңғы демдері қалғанша ерлікпен шайқасты, ал ең соңғы күнi тек 2 ақ солдат - Павел Емельянович Дубовой және Григорий Михайлович Дуда соңғы минуттарға дейiн ажалмен арпалысты, оларда оқ-дәрi де бітті, тек қолдарында қалғаны бiр-бiр граната. «Павел екеумiз немiстердiң өте жақын таянғандарын күтiп қолымыздағы гранатамызды дайындап, лақтырдық, сол сәтте мені қатты күш кері лақтырды, басымнан контузия алып, есiмдi жоғалттым. Екі сағаттан соң есімді «Опочки» деп аталатын соғыс тұтқындарының лагерінде жидым.» деп жазған Г.М.Дуда 1968 жылдың 25 маусымындағы естелiгi келтірілген.
Ал Павел Дубовойдың жиені Надежда Фурманованың естелігінде былай жазылған: «1944 жылдың март айының басында 292-ші атқыштар полкі немістерді 192,7 биігінен қуып шығып, оларға бұл жердi 28 батыр-панфиловшылар секiлдi ұстап тұру міндеттелді. «Панфиловшылар - менің жерлестерiм! Бiрiншi болып мен барамын!» - дедi бiздiң Паша. Оған оралдық қатардағы жауынгер Макарим Кубегенов, рота командирі Григорий Дуда және 25 батыр жауынгер косылды».
Комсомол Макарим Кубегенов соғыс алдында партия қатарына өтуге дайындалып жүрген болатын, өзінің ойын ол парторг Фетисовке айтқан кезде парторг жауынгерге:
- Саған, Кубегенов, өзіңнің батылдығыңды сынайтын уақыт келді. Партия қатарына адал, батыл адамдар қажет, - деді. Жауынгердің көздері қуаныштан ұшқын шашты.
- Якши, якши, міне, өздерің де көресіздер, қазақтың қалай шайқасатынын.
Даланың қырағы көзді аңшысы ептілікпен траншеяға секіріп түсіп, сасқалақтап қалған немiс солдатына «Хенде хох!» деп мылтық кезенген сәтте, қорқып кеткен жау қолындағы гранатасын түсiрiп алды да қос қолын төбесіне көтерді.
- Міне, парторг, өзім ұстадым, ал қаруын, - деп Макарим немiстiң автоматын Фетисовке берді.
Батыр қорғаушылар Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Алайда белгісіз себептермен ол ұсынба орындалмай қалған. Павлодарлық Павел Дубовой солдаттармен бірге Новоржев қаласының мемориалына жерленді. Сол жерде 192.7 төбесін соңғы деміне дейін қорғаған командирге, сонымен қатар батысқазақстандық Макарим Кубегеновке арналған мемориалды шағын кешендi 2015 жылы павлодарлықтар орнатты.
29 орыс жауынгерінің арасындағы жалғыз қазақ Макарим Кубегенов (1941 -1944 ) Бөрлі ауданы Қараоба ауылдық кеңесі Амангелді колхозының тумасы. Соғысқа 1941 жылдың 19 желтоқсанында Теректі аудандық комиссариат жанынан шақырылған. Бұл ақпарат 2010 жылы жергілікті «Информбиржа» газетiне Курмашева Раиса Зербиевна «Не вернулись из боя» тақырыбымен мақалада жазылған.
Мақалада бөрлілік тұрғынның да аты аталады. Ол «Мен, Кабиев Сағидолла 1936 жылы Қараоба ауыл советі «Амангелді» колхозында дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң, Қоспа ауылына қоныс аудардық. «Амангельді» ауылы Аңқаты станциясы немесе 5-ші ауыл деп аталады. Қазіргі кезде Масайтөбе деп аталатын Қоспа ауылы мен Амангелді арасы 30 шақырым. Менің есімде қалғаны «Кубегеновтар семьясында 2 қарындастары болды» деген пікір айтқан.
Әлеуметтік желіде мақала бойынша ақпарат іздеу барысында «Вконтакте» әлеуметтік желісінде «Памятники Россий» аталған парақшаның 2022 жылғы 1-ші ақатардағы жаряланған жазбада «Автором бронзового бюста стал заслуженный художник России Борис Сергеев. Сам памятник вылит в мастерской цветного литья города Смоленска. В этот же день казахстанская делегация посетила ту самую Бородинскую высоту, а также братское захоронение, где покоится Павел Дубовой и его боевые товарищи. Здесь в рамках международного патриотического проекта установлена стела красноармейцу Макариму Кубегенову» деген жазбаны байқадық. Оны Александр Шатаев есімді желі оқырманы бөліскен екен. Сонымен қатар Повладар облысының «Звезда Прииртышья» газетінің 2010 жылғы 14-ші нөмірінде М.Темированың «На огненной высоте» мақаласында бөрлілік батыр Макарим Кубегенов туралы деректер келтіріледі.
Бөрлінің жерінде туып, ел деп қолына қару алған Макарим Кубегенов туралы қолымызға түскен азды-көпті ақпарат осындай болды. Бәлкім алдағы уақытта мұнан да құнды дүниелер табылып қалар. Бастысы қуаныш бөрілілік батырдың есімі аудан оқушыларына таныстырылатыны болып тұр. Біздіңше бұл батырлардың қатары уақыт өткен сайын толыға беретін секілді.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы