27.03.2023, 12:31
Оқылды: 18

Қалдырған ізі мәңгілік...

Түн іші. Айнала мүлгіген тыныштық. Кенет, «Тамаш, Тамаш, тұршы тез» деген дауыстан шошып оянған ол қапелімде не болғанын түсінбей қалды. Тәтті ұйқысын қимасада көзін уқалап жіберіп, орныннан атып тұрды. Оятқан ағасы Мақсот екен.

1fdc6997-e4b6-4ea1-94db-427b467f16d6

«Тамаш, тұршы, сененің есігі ашылып кетті ме екен?- бір нәрсе тарсылдайды», - деді үрейлі дауыспен сыбырлай сөйлеп. Ол да тұра салып үстел үстіндегі шамды жағып, екеуі сенеге шықты. Айтқандай сененің есігі дұрыс жабылмай қалып, желмен шайқалып тұр екен. Ағасы екеуі есікті жауып, оны жәшіктермен тіреген болды. Сөйтіп қайтадан барып орындарына жатты. Оның ұйықтап кеткені сол еді, тағы да Мақсоттың «Тамаш, тұршы, бір нәрсенің иісі шығады, шам жақшы деген дауысы келді құлағына. Атып тұрып шамды жағып сенеге қайта шықты. Қараса, үстелдің астында ертең жуам деп жинап қойған бір бума киімдер бықсып жанып жатыр. Алғашқы шам жаққанда сіріңкені солай қарай лақтыра салғаны ойына енді түсті. Мақсот екеуі тездетіп ас үйден су тасып сөндіре бастады. Сөйтіп
жүргенде таңда бозарып атып қалған еді. Таңертең сабақ. Ал анасы балаларын асырау үшін күні-түні жұмыста жүретін.

64b70201-a2ea-4e0e-819e-3bf8a7b09fec
Бұл балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа тұс келіп, тағдыр тауқыметін тартып өскен Тамара Ахметжанованың өмірінен алынған бір үзік сыр болатын. Әкеден ерте айырылып, денсаулығы сыр берсе де мойымай, қиындыққа қарсы тұрып, өз-өзін қамшылай жүріп, жоғарғы оқу орнын бітірді. Шәкірт тәрбиелеуде елге еңбегі сіңіп ұлағатты ұстаз атанды. Артында өшпес із қалдырды.

Тамара Мұханбетжанқызы 1935 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданында қарапайым отбасында дүниеге келді. Алдында Болат, Асылбек, Еркін, Мақсот есімді ағалары болды.
Ол 4 ұлдан кейін көрінген жалғыз қыз. Небары 6 жасында асқар таудай әкесінен айырылды. Көп кешікпей Ұлы Отан соғысы басталады. Ол кезде Тамара мектеп жасына жетіп қалған болатын. Сөйтіп, 1943 жылы сұрапыл соғыс жүріп жатқанда мектеп табалдырығын аттайды. Соғыс өз алдына, тылдағы адамдар үшін де нағыз қиын-қыстау кезең басталады. Өздерінің аш-жалаңаштығына қарамастан «Бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен күні-түні еңбек етеді. Олардың қатарында кейіпкеріміздің де анасы бар. Тамара Мұхамеджанқызы сол кезді өзінің «Сыр шертеді естелік» атты кітабында былай баяндайды. Анам «Загатскот» конторында (ауылдан жинаған малдарды Саратов-Энгельс жеріне айдап жеткізетін мекеме) күндіз еден сыпырушы, түнде күзетші болып жұмыс істеді. Мен сабақтан кейін анама еден жууға көмектесемін. Ақпарат қағаздарын басқа мекемелерге тасимын.

Ол кезде қазіргідей телефон жоқ. Уақыт тауып «Загатскоттың» ауласында жиналған қойларды кішкентай күрешкіге сауып әкеліп, шәйға пісіріп қоямын. «Қойдың сүті шәйға жақсы түседі» деп мамам мәз болады. Шәй деп қайбір көп шәй бар дейсің, біреуден бір қасық сұрап аласың. Кейде бір
кемпірдің үйін жинап, сыпырып ақысына мамаға бір қайнатым шай әкелем. Сондай заманды да көргенбіз дейді ол. Еңбекке ерте араласқандықтан болар, Тамара Мұхамеджанқызы бала болып ойнап та көрмепті. 1949 жылы 14 жасында фермадағы пішеншілер бригадасына жұмысқа тұрады. Түйе жегіп, тырмамен шөп тырмалайды. Ерте тұрып, кеш жатады. Сондағы мақсат, тапқан табысына өзіне киім-кешек, үйге тамақ алу. Сөйтіп жүріп 1953 жылы орта мектепті өте жақсы бітіреді.
Жастайынан алғыр, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын Тамара Ахметжанова А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1959 жылы үздік бітіріп шығады. Жақсы оқығаны сол, Лениндік стипендияға ие болады. Бірақ басшылықтың институтқа математика кафедрасына жұмысқа қал деген ұсынысын қабылдамайды. Керісінше ауыл мектебіне барып қарапайым мұғалім болғысы келетінін айтады. Сөйтіп, жас маман Жымпитыдағы орта мектепке мұғалім болып қызметке орналасып, сол жерде алғашқы еңбек жолын бастайды. 1960 жылы өзімен бірге оқыған Әдиет Габдуллинмен отбасын құрады. 1964 жылы Камен ауданындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектепке қызметке ауысады. 1979 жылы жолдасы Әдиет
Оразұлын Камен аудандық партия комитетіне қызметке ауыстыруына байланысты Камен орта мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырады.
Тамара Мұханбетжанқызы «Ақыл ойдың патшасы - математика» пәнінің қыр-сырын оқушыларға жақсы ұғындырып, өз пәні бойынша бірде-бір үлгермеуші болмайтындай дәрежеге жеткізеді. Ізденімпаз мұғалім тынымсыз еңбектің арқасында «Халыққа білім беру саласы облыстық Кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталады. Ұлағатты ұстаздың есімі 1974-1975 жылдары облыстық «Құрмет тақтасына» алтын әріппен жазылады. Табандылық, ізденімпаздық, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіруге ұмтылған оның ерең еңбегі республикалық деңгейде ерекше еленеді.

Ол 1975 жылы Қазақстан Комсомолының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1979 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі»деген құрметті атаққа ие болып, озық, тәжірибесі мол ұлағатты ұстаз екенін ісімен дәлелдейді. 1982 жылдың маусым айында Москва Мемлекеттік университетінің жанынан ашылған «Бүкілодақтық біліктілікті көтеру», ал 1983 жылы «КСРО-ның оқытушы математиктерінің біліктіліктерін көтеру» курстарын бітіреді. 1983 жылы КСРО-ның Білім беру министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Тамар Мұханбетжанқызы 1986 жылы Амангелді орта мектебіне жұмысқа ауысады. Сол жылы Қазақстан мұғалімдерінің VI съездіне делегат болып сайланады. 1987 жылы Қазақстан Комсомолының орталық комитеті ұйымдастырған «Ұстаздар әулеті» сайысына БҚО атынан Ғабдуллин мен Ахметжановтар отбасы болып 13 мұғалім қатысады. Оларды Тамара апай өзі бастап барады. Осылайша олар облыс намысын қорғайды. 1990 жылы ол зейнеткерлікке шығады. Әдиет аға екеуі бір ұл мен үш қыз өсіріп, тәрбиелейді. Бүгінде әрқайсысы ата-
анасынан алған тәлім-тәрбиесін өздеріне азық ете отырып, әр салада абыройлы еңбек етуде. Әр шәкіртінің болашағын ойлаған ұлағатты ұстаздың халық алдындағы осыншама жемісті еңбегі жоғары бағаланып, оған «Ауданның құрметті азаматы» деген атақ беріледі. Осындай елге сыйлы, абыройлы қызмет атқара білген Тамара Ахметжанова 2013 жылдың 14-ші желтоқсанында бұл фәнимен қош айтысады. Мақала жазу барысында ата-анасының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған, бүгінде Амангелді мектеп бөбекжай балабақша кешенінің директоры лауазымын атқарып жүрген Анар Әдиетқызымен жолыққан болатынбыз.
- Анам марқұм әр ісіне тиянақты, өте пысық жан болатын. Қай уақытта үлгеретінінін білмеймін, көзі тірісінде күнделік жазатын. Өзі өмірден өткеннен кейін сол күнделіктерін жинақтап, кітап етіп шығардық. Мен анам үшін мақтанамын, - деді қызы Анар. Өз ісінің нағыз шебері, аяулы ана, асыл
жар, қымбатты ұстаздың бүгін қатарымызда болмағаны өкінішті-ақ. Амал қанша? Бірақ артында өшпейтіндей із қалдырған Тамара апайдың есімі еш уақытта ұмытылмайды. Ол артынан ерген әр мұғалім үшін үлгі болатыны сөзсіз.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале