Қазталов ауданында алғаш рет күштік экстримнан «Қазталов кубогі – 2019» ашық турнир өтті.
Доданы аудан әкімінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Айбын» спорт клубымен бірлесіп ұйымдастырды. Ашық турнирға Бөрлі, Бөкей Орда, Жәнібек, Жаңақала, Тасқала, Қазталов аудандары мен көршілес Ресейдің Александров-Гай ауданынан 18 спортшы қатысып, бақ сынады.
Ауыр экстрим аталатын бұл спорт түрі олимпиадалық ойын түріне жатпайды.
- Тұрғындар үшін көп нәрсе жасағымыз келеді. Соның бірі – бүгін алғаш рет ұйымдастырылып отырған күштік экстримнен «Қазталов кубогі – 2019» ашық турнирі. «Ұлы даланың қызғалдағы» фестивалінде аталмыш спорт түрінен сайыс өткен болатын. Көпшіліктің көңілінен шықты. Осылайша аудан орталығында ұйымдастыруды жөн көрдік.
Облысымыздың бірнеше ауданы, оған қоса көршілес Ресей елінің спортшылары қатысып отыр. Барлық қатысушылар мен жанкүйерлерге алғысымды білдіремін, сәттілік тілеймін, - деді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев.
Бұл дода 6 кезеңнен тұрды. Сайыстың басында спортшылар салмағы 200 келі дөңгелікті аударды. Ал екінші кезеңде 1 минут ішінде салмағы 75 келі болатын бөренені көтерді. Спортшылар «Коромысло» кезеңінде 120 келілік темірді арқалап өтсе, «Утка» деп аталатын кезеңде салмағы 65 келі болатын зілтемірді алып, ептіліктерін көрсеті.
Байқауға қатысушылар әрқайсысы 120 келі болатын темір чемоданды көтеріп, белгіленген қашықты бағындырды. Ал спорт жанкүйерлерінің асыға күткені соңғы кезең болды. Бұл кезеңде қатысушыларға салмағы 5 тонналық газель автокөлігін орнынан қозғау талабы қойылды.
- Бүгінгі сайыстан алған эмоция жетерлік. Мұндай сайыс жиі ұйымдастырылса екен дейміз. Біз әрқашан бақ сынауға дайынбыз. Аудандарыңызда осындай спорт түрі насихатталып жатқанына қуаныштымын, - дейді жарыс жеңімпазы бөрлілік Леонид Борисов.
Додада төрешілерге кіл мықтының арасынан шын мықтыны анықтау оңайға соқпады.
Жарыс нәтижесінде бөрлілік Леонид Борисов «Қазталов кубогі – 2019» ашық турнирінің жеңімпазы атанып, кубокқа ие болды.
Бөрлі ауданының тағы бір спортшысы Вадим Семченко мен тасқалалық Александр Сомов үштікті түйіндеп, арнайы сертификат пен медаль иеленді.
Аталмыш жарыс келер жылы да өтеді.
Гүлім Манат,
Қазталов ауданы