Елімізде 2024 жылдың мамыр айының екінші жексенбісі - аналар күні мерекесі болып бейресми түрде бекітілген болатын. Осы аталмыш мерекеге орай Шыңғырлау ауылдық округінде «Дән» мәдениет үйінің ұжымымен бірлесе «Анаға құрмет-Анаға тағзым» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, ұзақ жылдар ауылшаруашылығы саласында жұмыс жасаған ақ жаулықты аналар шақырылды. Жүздесуді Халықтық үлгілі "Елім-ай" әжелер ансамблінің жетекшісі Ляззат Қасимова жүргізіп отырды. Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Саида Бркенова да ақ жаулықты абзал жандарды риясыз көңілмен құттықтап, алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті.
Дастархан басында қонақтар өздерінің еңбек жолдарын тебірене баяндады. «Әйел ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Ақ жаулықты аналарымыздың, әжелеріміздің арасында ұзақ жылдар техника тізгіндегендері де, сауыншы мен мал дәрігері, шопан көмекшісі секілді мамандық иелері ауданымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қоса білді. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған аналар қауымы қандай құрметке де лайықты.
Дөңгелек үстел барысында Шыңғырлау ауылдық округінің қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Байғалиев, зейнеткер А.Сұлтанғалиев, Халықтық үлгілі "Елім-ай" әжелер ансамблі әннен шашу шашып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Арнайы жайылған дастарханнан дәм татқан ақ жаулықты аналар ұйымдастастырылған шара үшін шын жүректен шыққан алғыстарын жеткізді.
Бақыт Баймағамбетова
Шыңғырлау ауданы