7.06.2019, 12:47
Оқылды: 51

Теректілік аналар кеңесі екінші мәрте бас қосты

Теректі ауданы Ақжайық ауылдық кітапханасында аудандық аналар кеңесінің көшпелі екінші отырысы өтті.

IMG_0025

Кеңес отырысына аудан әкімі Әділ Жоламанов,  аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев,  аудан әкімінің орынбасары Махамбет Батырғалиев,  ауылдық округ әкімдері,  ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары мен Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімдері,  көп балалы аналар қатысты.

Шарада аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлмира Төлегенова ауылдық округтердегі аналар кеңесі жұмыстарының жанданғанын тілге тиек етті.

-Ауданымыздағы аналар кеңесінің әр мүшесі жылдық жоспарға сай жұмыстануда. Ай сайын ауылдық округтерде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта жаңадан отбасын құрған жастардың ажыраспауы үшін түрлі семинар-тренинг өткізіп, неке қиюға ниеттеніп жүрген ғашықтармен сөйлесеміз. Оларға тұрмыстың ауыртпалығына шыдау, төзімді болу, кез келген жағдайда сабыр сақтауды үйретеміз. Біздің басты мақсатымыз -қылықты қыз бен ұлағатты ұл тәрбиелеуде аналарға бағыт-бағдар көрсету, әрқашан демеу. Осы орайда баршаңызды бар ынта-жігерімізді салып жұмыстануға шақырамын, - деді кеңес төрайымы Гүлмира Тайманқызы.

IMG_0018

Аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Аягөз Айтқалиева кеңес мүшелерінің екі тоқсанда атқарған жұмыстары және алғашқы отырыста берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндады. Ақсоғым ауылдық округі аналар кеңесінің мүшесі Жаздагүл Айтқалиева да жасалынған жұмыстарын айтты.

Кеңесте сөз алған Ақжайық ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Ғазиза Рахметова Ақжайық ауылында ащы суға үйір әйелдер мен таңның атысынан күннің батысына дейін карта ойнайтын әжелердің көбейгенін жасырмады.

eba8c2f0-9a29-45ec-af2f-326ad229dfa2

Аналар бас қосқан отырыста аудан әкімі Әділ Тауфикұлы кеңес мүшелерінің өзге аудандардағы аналар кеңесіне барып, тәжірибе алмасуы қажеттігін атап өтті. Шара соңында ауылдық округтердегі белсенді төрайымдар Ғазиза Рахметова (Ақжайық), Алмаш Арстанова (Ақсоғым) және Ләйла Қаражігітова (Новопавлов) алғыс хатпен марапатталды.

Жиын аяқталған соң, аудан әкімі көп балалы аналарды қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Аяулым Бақтығали,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

IMG_0057

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале