16.01.2024, 11:00
Оқылды: 39

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзілістің бүгінгі қонағы — білім майданының алдыңғы шебінде жүрген қатардағы жауынгері, қалалық №40 жалпы орта білім беретін мектебі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Сабыр.

Дариға Ғазезқызы:

муштанова

— «Басы — бұлақ, аяғы — теңіз» демекші, шетсіз-шексіз білім мұхитының дауылын да, тұнығын да өскелең ұрпақпен бірге кешіп келе жатқан жанкешті мұғалімдердің бірі — Сіз. Ішінде жүрген соң саланың бүгінгі жай-күйін, олқы-солпысын байқап, баспасөз бетінде де, әлеуметтік желіде де өткір көтеріп отырасыз. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген, күрделі мәселелерді ашық айтып, ел назарын аударып отырмаса үрдіс, яғни ілгері жылжу болмайды. Осы «шекпеннен» шыққан соң, мектептердегі психологиялық ахуал, мұғалімді шаршататын не екенін бек жақсы түсініп отырамын. Сол үшін де өзіңізді диалогқа шақырдым.

Айнұр Нұржанқызы:

сабыр

— Рақмет. Қайбір пысықтықтан дейсіз, «ашынғаннан шығады ащы даусым» дегендей дүние ғой. Ашынғанда, өзімнің тұщы етіме ащы таяқ тиіп, яки әділетсіздік көріп жатқан ештеңем жоқ, Құдай сақтасын, саланың жұмысын ақсатып жатқан мәселелерді көре тұрып, үндемей жүре беруге шыдамай айтып, айтып қана емес, араласып қой «жаман атты» болып жүретініміз.

Соңғы жылдары ел ішінде бітпес жыр болып алған сапасыз оқулық мәселесі қанша айтсақ та оңалар емес. Алдыңғы министр Асхат Аймағамбетовтың тұсында осы оқулықтардың сараптама комиссиясы құрамына еніп, бұл жұмыстың қалай атқарылып жатқанын көзіммен көргенмін. Оны сіз сұрамаңыз, мен айтпайын... «Домбырам не дейді,  мен не дейміннің» кері, мектеп ісінен алыс және жаны ашымайтын тоғышарлардан арылтпайынша, оқулықтар оңбас... Ақша табудың көзіне айналып кеткен соң, ақшаның жүрген жері белгілі ғой. Оны қалай реттейді, білмеймін, бірақ балалардың болашағы үшін бірдеңе жасау керек.

Дариға Ғазезқызы:

— Мектепті ішінен жеп жатқан мәселелердің бірі және мейлінше жіті қарап отыруды талап ететін нәрсе — басшылық пен жекелеген мұғалімдер арасындағы түсініспеушілік, сондай-ақ жоғарғы тексеруші құрылымдар арасындағы келіспеушілік. Ырың-жырың әңгіме, есеп айырысу ,сөз қуу, жан-жаққа арыз боратып, өзін де, өзгені де шаршату — мектептің жұмыс ырғағына залал келтіретіні сөзсіз. Тәжірибеме сүйеніп айтайын, бұл жерде мектеп директорының, жоғарғы басшылық мекемелеріндегі лауазым иелерінің әділдігі мен көрегендігі, ықпалдылығы зор рөл атқарады.

Айнұр  Нұржанқызы:

— Келісемін. Оның сыртында, білім мекемелерін басқару туралы шыққан заңдардың бір-біріне қайшылығы да шиеленістердің көзіне айналып тұр. Мысалы, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрығы бар. Онда «...білім алушылардың үлгерімі туралы табельдерді есепке алу кітабының; негізгі орта білім беру ұйымын бітіргендігі туралы аттестатты беру және есепке алу кітабының; жалпы орта білім беру туралы аттестатты есепке алу және беру кітабының; мақтау грамоталарын және мақтау қағаздарын беруді есепке алу кітабының; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына арналған теориялық оқытуды есепке алу журналының; жеке сабақтарды есепке алу журналының; техникалық  және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына арналған өндірістік оқытуды есепке алу журналының; білім алушының үлгерімі кітабының; диплом беру кітабының; дипломдардың телнұсқасын беру кітабының; академиялық анықтама беру кітабының; білім алушылардың атаулы кітабының нысандары алынып тасталсын» делінген.

Мұғалім «1) қызметтің перспективалық жоспарын әзірлейді; 2) апта сайын тәрбие-білім беру процесінің циклограммасын жасайды; 3) оқу жылының басында бір рет баланың оқу жылына арналған жеке даму картасын әзірлейді және диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды бақылау) нәтижелері бойынша жеке даму картасына өзгерістер енгізеді» деп бекіткен. Болды. Мұғалімдер осы заңды басшылыққа алып, жұмыс істеуде. Бірақ  жоғарыдан келетін тексерушілер бұл заңмен емес, білім сапасы, мемстандарт, яғни  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 26 наурыздағы №125 бұйрығы бойынша қарайды бәрін. Ал оның талабы бөлек, жазатын қағазы да көп, оның үстіне «жаңартылған мазмұн» дегенмен басы қатып тұр білім саласы қауымының. Осыдан келіп түсініспеушілік, реніш туады. Оны реттеп, түсіндіріп, үйлестіріп, дұрыстап жіберетін кім бар? Ешкімге ештеңе керек емес сияқты. Соның ішінде мұғалімнің күйіп-пісіп жүргеніне, балалардың шала біліммен мектеп бітіріп жатқанына ешкім бас қатырмайды.

Дариға Ғазезқызы:

— Иә, кезінде ағылшын тілімен «ауырған»  бір министр кейбір пәндерді тек қана ағылшынша оқытуға бұйрық шығарып та масқара қылды емес пе! Соған «ләпбай, құлдық!» деп, облыстық білім басқармасы бас шұлғыды. Шұлғып қана қойған жоқ, «эксперименттік»  мектептерді таңдап шығарып, оң баға бергізуге тырысқанына да куә болдық. «Подопытный кролик»  болған балаларды ешкім ойлаған да жоқ, істің немен тынғанын ешкім білмейді де. Өзіме «жау көбейтіп», «сыбағамды» алып жүріп бұл эксперименттен бас тартып, шығып кеткенім есімде.

Айнұр Нұржанқызы:

- Мемлекеттік мектептің бағдарламасы шаршатты. Өтірік есеп, өтірік әңгіме... Сауатсыздық белең алып барады. Оқушылар смартфонның «тілімен» жазады... Бағдарламаны жақсартайық десек, мұғалімді қысудан аспайды.

Тоқсанның бүкіл ТЖБ-сының жұмысын жинатты. Келген адамдары соны тексермек. Аяқталған жұмысты шұқылағаннан сапа арта ма? Баяғы сол өздері кезінде дипломды оңды-солды үлестіріп, енді бүкіл мұғалімге күмәнмен қарайды. Бірақ бала сатқан елге диплом сату деген не? Оқулық сол баяғы, қатесін өзіміз қаламмен түзеп алған күйі әлі мыжғырлап жүрміз. Мына қисық бағдарлама мен қотыр оқулыққа сенбей, жоғары сыныптың балаларын жеке мектепке беріп жатырмыз. Сапасын көріп отырмыз. Өтірік бағдарламамен баланың миын қатырмайды, нақты білім береді. Күнде бәлен сұраққа жауап іздеп, балалар ізденеді. Көңілін де көтеріп, білімін де беріп жатыр. Мемлекеттік мектептер біресе руханиланамыз, біресе біртұтасамыз, бірақ бала өлімі, буллинг, бірін-бірі жұлып жеу со күйі... Ылғи бизнесмен шенеуніктер оқуды да бизнеске әкеп тықты. Енді ақшасы барлар ғана шынайы білім алады, ақшасы жоқтар меммектептің өтірік бағдарламасының ертегісін тыңдап жүре береді. Меммектептің  мұғалімінің шығармашылық өсуі де осы бағдарламаға байланған. Қайсыбірін айтарсың... «Қайнайды қаның, ашиды жаның...»

Дариға Ғазезқызы:

— Білім саласындағы өзгеріс-реформалар көз ілеспес атомдық жылдамдықпен ұшып барады... «Екі инженер оңдаған трактор жүрмейді» деген тәмсіл болушы еді біздің кезімізде, кіл «білгіш», «шетелдің оқуы өтіп кеткендер» ең осал, ең жауапты саланы алатайдай бүлдіріп тастады ма деп қорқамын. Біліксіз, сауатсыз, икемсіз және өз саласынан хабары жоқ мамандардың жолы мектептен басталатыны әлмисақтан белгілі ғой. Қазір қай салада да шалағай кадрлар толып жүр...

Айнұр Нұржанқызы:

— Білім сапасы 60%-дан асқандар мына жаққа, аспағандар мына жаққа деп, екіге бөліп, аспағандарға  «шамалы»  мың мектеп» деген айдар тағып қойды ғой...

Жақында педкеңесте білім сапасы туралы айттық. Тоқсан бойы неге төмен, неге ілгері, неге кейін, неге алға баспай қойды, неге өсті деп, сабақтарды топ құрып зерттегенбіз. Одан бөлек әкімшілік сабаққа келмей қалатын, жиі ауыратын, әлеуметтік топтағы оқушылардың үйлерін аралап, ата-аналарымен кездесіп, себебін анықтаған.

Кейбір көріністерді суретке түсіріп, көрсетті де. Суреттер адамға қатты әсер етеді. Бір отбасы бір бөлмеде ас ішіп, бір бөлмеде киініп, ұйықтап, жуынып отырған жағдайдағы баланың ойы қандай болады?  Ол сабақ туралы ойлай ма?  Ондай жағдайлар көбейіп кеткен...

Бір сыныптағы 24 баланың 12-сі толық емес отбасында өсіп жатыр. Бірін анадан Құдай айырған, бірі әкеден тірілей айырылған. Ата-анасын кінәлай алмаймыз. Жасыратыны жоқ, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жиі айтылып кетті. Ылғи сондайдың құрбандары мен сондайдан бас сауғалаған ана мен бала...

Сабаққа әр түрлі жағдайда келіп отырған бала көп. Бірінің түні тыныш өтті, бірінікі тыныш өткен жоқ... Сынып жетекшілер «Берігіммен былай сөйлесші, Серігіме былай демеш» деп, мұғалімдерге жалбарынып жүреді. Десе дегендей, балалардың көңіліне қараймыз. Олардың аузын жыбырлатып, бірдеңе дегеніне мәз болып, баға қойып, қолпаштап, жай сабаққа келгеніне де қуанамыз... Бағдарламаның қандай екенін айтып жүрміз ғой.  Менің 9-сыныпта «Тәнтану»  деген сабақта оқыған «Есту анализаторы», «Ас қорыту жүйесі», «Қан айналымы»... деген тақырыптарымды қызым 3-сыныпта оқыды. Біздің 8-сыныпта оқыған химиямызды қазіргі 5-сыныптар «Жаратылыстану» сабағында оқып, бастары қатып отыр... Күнде осындай күрделі бір тақырып оқып, балалар мұғалімге, мұғалім бағдарламаға ілесе алмай, бірін-бірі қуалап жүр. Математикасы тіпті күрделі. Бірінші сыныпта теңдеуді оқыған баланың төртінші сыныптағы математикасының қай жерге барып қалғанын өздеріңіз тауып алыңыздар...

Жағдайы барлар қосымшаға барады, жоқтары мұғалімінің жетегіне бірде ілесіп, бірде ілесе алмай оқып жүр. Ал соның біреуін де көзбен көріп, қолымен ұстамағандар отырып алып, мектептерді екіге бөліп, білгенін істеп жатыр...

Жоба жасаушылардың дені ылғи «дарындылардың» дарынды директорлары мен дарынды мұғалімдері. Арасынан қарапайым мектептің қарапайым мұғалімін таба алмайсың. Тапсақ та, ондай жерге аузына құм толтырып алғандарды ғана өткізеді.

Дариға Ғазезқызы:

— Мұғалім өрелі болмайынша, шәкірт өрге жүзе алмайды. Қоғам тынысына сергектігіңіз бен батылдығыңыз үшін рақмет. Іске сәт!

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале