Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, жаңа 2026-2027 оқу жылынан бастап елімізде су шаруашылығы саласы бойынша кадр даярлайтын оқу орындарының қатары тағы екі колледжбен толығады.

Фото: pixabay.com
Енді Маңғыстаудағы индустриялық-техникалық колледжде болашақ техник-гидрологтар мен гидрогеологтар оқытылса, Теміртау жоғары политехникалық колледжінде гидротехникалық құрылыс мамандығы ашылады.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы 8 колледжде 750-ден астам студент су саласының қыр-сырын үйреніп жатыр, ал таяуда ғана олардың 200-ден астамы оқуын бітіріп шықты.
Министрліктің департамент директоры Марат Иманалиевтің айтуынша, бұл колледждерде білім алатын жастар тек теориямен шектелмей, өздерінің өндірістік тәжірибесін «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдарында тікелей іс жүзінде бекітеді. Ведомство барлық оқу орнымен арнайы келісімшарттарға қол қойғандықтан, биыл су нысандарында тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің саны былтырғымен салыстырғанда екі есеге жуық көбейді. Бүгінде жас мамандар сумен жабдықтау, тазарту жүйелері, гидрогеология және мелиорация сияқты еліміз үшін ең өзекті бағыттар бойынша дәріс алып жатыр.