20.12.2022, 13:01
Оқылды: 246

«Балалар жылы» балаларға не берді?

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Басы ащы басталғанымен, аяғы көңілге демеу болған бұл жылдан да асып, қоян жылына қадам басқалы тұрмыз. Әйтсе де «Балалар жылы» қандай жұмыс атқарылды, нендей нәтижеге қол жеткіздік деген заңды сауалдар да жоқ емес. «Балалар жылын» қорытындылау мақсатымен Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитовамен сұхбаттастық.

10,

Зәйлім Исатайқызы, өзіңізге белгілі, Президентіміз осы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Жалпы, осы бағытта қандай жұмыс атқарылды?

– Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы өте маңызды шешім қабылдады. Бұл бүгінгі қоғамға қажет болды. Себебі биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялау арқылы қоғамның назарын балаларға бұрды. Батыс Қазақстан облысында «Балалар жылын» өткізу жөніндегі ісшаралар жоспары негізінде ауданда жеті бағытты («Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Баласын жетімсіретпеген ел», «Жайлы мекен», «Балаларды қорғау», «Bala_ time.kz») қамтитын іс-шаралар жоспары жасақталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», – деген болатын. Біз үшін, әрине, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі аса маңызды. Бұл бағытта кешенді жоспар құрылып, бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, балалар денсаулығы нашарлауының алдын алу мақсатымен ауданымыздағы қос аудандық ауруханада «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, алдын ала тексеру жүргізіліп тұрады. Егер балада денсаулығына кері әсер ететін нәтиже болып, ауру белгісі байқалса, балаға ем-дом тағайындалады. Бұдан бөлек, балалар арасында зиянды әрекеттер – шылым шегу, ішімдік ішу, ерте жастағы жүктілік, нашақорлық және тағы да басқаның алдын алу үшін дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлері білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп жүр. Сонымен қатар сенім телефондары іске қосылып, балалар еркін қоңырау шалып, кеңес алуға мүмкіндік алды. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамту мақсатымен профилактикалық ісшараларды үдетіп отыр. Нәтижесінде балалар арасындағы заң бұзу әрекеті тіркелген жоқ.

– Ал білім беру саласында қандай жетістікке жеттік?

– Біздің қазіргі мақсатымыз – балаларымызды заман талабына сай білім алуға бейімдеу және білім беру сапасын арттыру. Бұл ретте баланың сапалы білім алуы үшін қолайлы орта мен заманауи жабдықтардың маңызы зор екені белгілі. Балаларға жайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру – негізгі міндеттің бірі болғандықтан, мектеп құрылысы және білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республика бюджеті есебінен жалпы құны 484 млн 115 мың теңгеге «ЮгРемСтройСервис» ЖШС-нің жетекшілігімен Жалпақтал ауылындағы Ғ. Молдашев атындағы орта мектептің және облыстық бюджет есебінен 318 млн 900 мың теңгеге «Беккалиев С.Р» ЖК-нің жетекшілігімен Талдықұдық ауылындағы С. Есетов атындағы мектептің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмысы басталып, биыл аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ 60 орындық Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебінің құрылысы аяқталып, биылғы 18 қарашада пайдалануға берілді. Ал Казталов мектеп-лицейіне 351 млн 881 мың теңгеге «Град Строй Сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, осы жылдың 8 сәуірінде басталған күрделі жөндеу жұмысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Тілге тиек еткеніміз жөн, 2021 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Көктерек ауылдық округінде жеке кәсіпкер Асылхан Төлеуғалиев 90 орындық «Балбөбек» жеке бөбекжайын ашып, елге қуаныш сыйлады.

Заманауи білім ордасымен қамту мақсатымен шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда мектептерді жаңартудың жол картасына сегіз мектеп (Казталов мектеп-лицейі, Қараөзен мектеп-лицейі, Ғ. Қараш мектеп-гимназиясы, Бостандық, Ақпәтер, Көктерек, Талдыапан, Ғ. Молдашев атындағы орта мектептер) ұсынылып, 13 млн 543 мың теңгеге заманауи жиһаздармен, 117 484 183, 80 теңгеге арнайы оқу кабинеттерімен жабдықталды.

Білім беру мекемелерінде «Балалар жылы» аясында жаңа жобалар жүзеге асты. Бірыңғай экологиялық білім беру кеңістігін құру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатымен «Экомектеп», «Экобалабақша» жобалары қолға алынды. Жобаға екі мектеп, бір балабақша енді. Сонымен қатар инновациялық мектептерде сегіз жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына өзгеріс енгізіліп, заң жобасы бекітілді. Оған сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының жиынтық көлемінің кемінде екі пайызы мөлшерінде қарастырылған қаражатқа әлеуметтік осал топтағы 6-18 жас аралығындағы білім алушыларға көрсетілетін материалдық көмек, жаңа оқу жылы қарсаңында осы санаттағы білім алушылардың ата-анасының есепшотына 37 389 теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Жуырда оқушылардың қауіпсіз тасымалы үшін Казталов мектеп-лицейі, Қараөзен мектеп-лицейі мен Бірік орта мектебіне әрқайсысы 38 млн 200 мың теңгені құрайтын оқушылар автобусы берілді.

– «Балалар жылында» білім саласында тың жобалар жүзеге асырылғанын байқап отырмыз. Дегенмен білім мен денсаулық саласындағы жобаларды ғана тілге тиек етіп, жылды қорытындыламағынымыз дұрыс. Осы жылда бірқатар қайырымдылық жобасы жүзеге асырылғанынан хабардармыз. Бұл турасында кеңінен айтып өтсеңіз?

– Әрине. Біз жоғарыда «Балалар жылын» атап өту мақсатындағы жеті бағытты сөз еттік. Оның ішінде «Дені сау бала» және «Жайлы мекен» бағыттары бойынша бірқатар іс-шара жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Биыл аудан бюджеті есебінен 47 млн теңге қаражатқа Жалпақтал, Көмекші, Жас, Көпкүтір елді мекендерінде, жергілікті кәсіпкер және түлектер демеушілігімен Жалпақтал және Әжібай ауылдарында шағын футбол алаңдары салынды. 9 желтоқсан күні Ақпәтер ауылында республикалық «Батыр боламын» қоғамдық қоры және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен заманауи спорт құрылғылары және арнайы жаттығуға арналған құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз етілген күрес залы ашылды. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түлектер демеушілігімен Әжібай ауылында көп балалы, жалғызбасты анаға үй алып берілсе, Қарасу және Казталов ауылдарында көп балалы ананың тұрғын үйін табиғи газбен қамтамасыз етті. Қараөзен, Әжібай, Нұрсай ауылдарында STREET WORKOUT алаңдары, Казталов, Жаңажол ауылдарында балалар ойын алаңы, Жалпақтал ауылында шағын футбол және спорттық демалыс алаңдары салынды. Қоныс орта білім беретін мектебіне коворкинг орталығы, Бірік орта мектебінде «Этнобұрыш» ашылса, К. Меңдалиев мектебіне жұмсақ жиһаздар, музыкалық аппаратура, оқушыларға спорт киімі, Нұрсай ауылының бокс залына ринг және понарамалық айналар тарту етілді.

Аудан бойынша күні бүгінге мүгедектігі бар 13 балаға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Соның ішінде психоневрологиялық ауытқуы бар бала саны – 7, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар бала саны – 6. Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын балаларға бөлім басшысы бекіткен жылдық іс-шара жоспарына сай үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен эстафеталық сайыс, Балалар күніне арналған мерекелік кеш, сурет байқауы, дөңгелек үстел, табиғат аясына саяхат, балаларға арналған фильмдер мен мультфильмдер көрсету, «Алтын күз» мерекесі, қайырымдылық акциясы, облыстық шығармашылық фестивалі, тәрбие сағаттары өткізілді. Жас ұрпақ санасында рухани құндылық пен адамгершілік қасиетін қалыптастыру, жасөспірімдер мен балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және өнерге деген қызығушылығын арттыру үшін ауданда күні бүгінге дейін 560 іс-шара өткізіліп, 20 700 көрермен қамтылды. «Бақытты балалық шақ» фестивалі, «Еліме саяхат» жобасы, «Jas Motivation» жастар форумы, Халықаралық жастар күніне орай «Salem Youth» жастар фестивалі, «Bala Business» жобалары мен өзге де байқауларды ерекше атап өтуге болады.

– «Балалар жылын» даңғазалыққа, ысырапқа салынбай өткеніне куә болып отырмыз. «Берсең, балаға бер» деген халқымыздың даналығын аудан азаматтары санасына сіңіріп, қайырымдылыққа бет бұрған. Бұл – қуантарлық жайт. Дегенмен балаға көңіл бөлу бір жылмен шектелмейтіні хақ. Алдағы күнге жоспарларды тілге тиек етіп, сұхбатымызды түйіндесек?

– Келешекке деген жоспарымыз көп. Қандай жоба жүзеге асырылса да, барлығы халық үшін, жас буын үшін екенін ұғынуымыз керек. Президентіміздің биылғы Жолдауындағы 1000 мектеп салу тапсырмасына орай алдымызда Қоныс, Саралжын, Көмекші, Сатыбалды, Жас, Жаңатаң, Әбіш ауылдарында модульді мектеп салу міндеті тұр. Келер жылы Қоныс, Саралжын ауылдарына да 60 орындық мектеп құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Күні бүгін апатты мектептің бірі – Қоныс ауылына мектеп салу үшін «MG Design Incorparated» ЖШС-нің жетекшілігімен жұмыс жобасы жасақталып, сараптама қорытындысы алынды. Жоба құны – 357 225 мың теңге. Саралжын ауылына 60 орындық жаңа мектеп салу үшін «Эркер» ЖШСнің жетекшілігімен ЖСҚ жасақталып, сараптамадан оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 832 231 мың теңге. Күні бүгін құрылыс мердігерін анықтау үшін конкурстық өткізіліп жатыр.

Қазіргі таңда біздің алдымызда тұрған тағы бір міндеттің бірі – Қараөзен ауылындағы балабақша мәселесін шешу. Жаңа балабақша салуға инвестор табылмай отырғанын жасыра алмаймыз. Елім деген азамат болса, жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысамын, ол үшін ауылға балабақша тарту етемін деген жан болса, қолдауға әзірміз. Тек аталған мәселеге қызығушылық танытып отырған жандардың жоқтығы қынжылтады. Алайда қараөзендік ағайын балабақша тапшылығының зардабын қашанғы шегеді?! Инвестор табылмаса, бүлдіршіндердің обалына қалып отыра бермекпіз бе?! Міне, осындай заңды сауалды облыс әкімінің алдында да көтеріп, нақты жауап алып, іске көшкеніміз жөн. Ұрпақ тәрбиесін ойлаған болсақ, бұған бейжай қарамауымыз керек.

Келесі мәселе – жазғы демалыс лагерьлері. Алдағы уақытта ауданымызда балалар үшін бір аудандық жазғы демалыс лагерін салу жоспарымызда бар. Бұл – тек білім саласына қатысты жобаларымыз. Бұдан бөлек, инфрақұрылым, әлеуметтік жобалар да бар.

Жалпы, бүгінгі жас ұрпақ – ой-өрісі жоғары, заманға бейімделген қоғамның бір бөлшегі. Осы сұхбат арқылы біз жас ұрпақты рухани құндылықтармен тәрбиелеуге де бет бұруымыз керек екенін атап өткім келеді. Біз Жалпақтал ауылында жоғалтқанымызды түгендеуге септігін тигізетін «Өнер орталығын» аштық. Ол жерде дәстүрлі бағытта ән мен күйді, термені ғана үйретпейді, жалпы қазақтың салт-дәстүрін, әдетғұрпын дәріптейді. Ұл-қызыма қазақы тәрбие беремін деген ата-ана болса, «Өнер орталығының» есігін қағып, ұлттық құндылықты дәріптейтін білім алуына болады. Өткеніміз бен бүгінімізді салыстыруға келмейді. Әйтсе де өткенімізді түгендеп, болашаққа бет бұрып, ел мүддесін, ұрпағымыздың болашағын биік қоюға тиіспіз. Ертеңін ойлаған ел азбасы сөзсіз. «Ел боламыз десек, бесігімізді түзеп», материалдық құндылыққа мақсаттанбай, ұрпақ тәрбиесіне ден қойғанымыз жөн. «Балалар жылының» да мақсаты – осы.

Қазақта «Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Сөздің парқын түсінген халықпыз ғой. Ұрпақ тәрбиесінде мемлекеттің қолдауы және білім ордаларындағы бекітілген бағдарламамен ғана шектелмей, отбасындағы бала тәрбиесіне ден қоюымыз керек. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана халқымыз. Бала тәрбиесіне ата-ана да асқан жауапкершілікпен қарағаны жөн.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале